Адамзат айдағыны зерттеп, талай ғылыми жаңалықтарға қол жеткізді. Алайда ол өзі мекен ететін Жердің құпиясын әлі де толық аша алған жоқ. Қарапайым жер әлемнің үштен бір бөлігін құрайтын қарапайым құрлықтардың өзінің ішіне бүккен сыры көп. Оның зерттелмеген таулары, құзар шыңдары, мұздықтары, тас үңгірлері, терең жыралары да жетерлік.
Ал жер шарының қалған екі бөлігін алып жатқан судың қойнына тыққан сыры біз ойлағаннан да көп болуы мүмкін. Аңыздардан судан шыққан алып құбыжықтар жайлы, кемелерді құрдымға кетіретін жойқын күшті су жануарлары жайлы көп естіген боларсыз. Мұхиттардың түбін жайлаған тіршілік иелерін толық зерттеп болмаған ғалымдар әлі күнге сол саланың соңында жүр. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген нақылға сүйенген олар, адам білмейтін керемет жаңалыққа қол жеткізуге талаптанып-ақ жатыр.
Лох-несс құбыжығы Ғалымдар теңіздерден ескі дәуірде өмір сүрген мәдениет жұрнақтарын, апатқа ұшыраған кемелердің қалдықтарын және адамзат естіп білмеген жаңа тіршілік иелерін іздестіреді. Олардың бұл ізденістері жеміссіз болды десек, өтірік болады. Кейбір ғалымдар мұхит түбінен көне өркениет іздерін, су асты пирамидаларын тапқан. Десек те, олардың мүмкіндіктері шектеулі. Зерттеушілер әлі күнге Бермуд үштағанының сыры мен Атлантиданың орнын таба алмай дал. Олар сонымен бірге ескі аңыздарда жиі аты аталатын су құбыжықтарының бар-жоғын да анықтай алмай отыр. Мысалы, Лох-несс құбыжығы жайлы аңыздар көп айтылады.
Шотландияның шағын көлі Лох-несстен бірінші болып құбыжықты көрген Рим легионерлері болса керек. Ал көлді мекен ететін құбыжық жайлы жазбалар сонау VI ғасырда-ақ пайда болып қойса керек. Судан ойда жоқта шығатын бұл құбыжық талай адамдардың жанын жалмап, біраз қайықтарды жұтқан-мыс. Аңыздың кең тарала бастағаны соншалық, ол жайлы ақпарат 1933 жылдары газеттерге де шыға бастайды. Содан бастап оның атағы жер-жаһанға жайылып, көпке танымал құбыжыққа жұрт «Несси» есімін береді. Сол жылдары айналдырған бір айдың ішінде Несси су бетіне 15 мәрте шығып, көпшілік көзіне түседі. Осыдан соң көл маңын жайлаған жұрт су түбінде сондай құбыжықтың бар екеніне еріксіз сенеді. Таңғажайыпты көрген адамдардың айтуында құбыжықтың басы кішкентай, мойны ұзын, денесінің пішіні ірілеу. Яғни, барлығының айтқан әңгімесінің арасы алшақ емес. Мұны көпшілік жануардың шын мәнінде көл түбін мекен ететінін дәлелдейтін таптырмас дерек деп түсінеді. Бұл оқиға халықты біраз әбігерге салған соң, жергілікті билік құбыжықты ұстауға күш жұмылдырмақ болады. Алайда ғалымдар еш дерексіз аңыз әңгімелерге бола шу шығарудың қажеттілігі шамалы екенін айтып, бұл шараларды тоқтатқан екен. Ал 1943 жылы бір ұшқыш көл үстінен ұшып бара жатып, айдыннан алып жыланның сұлбасын көріп суретке түсіріп алады. Аңыздың ақиқатына сендіретін мұндай фото-суреттер де аз емес. Құбыжықтың бар-жоғын білгісі келген мамандар көлде дыбыстық зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Олар көл түбінде оңай көтеріліп, ептілікпен жүзетін ауыр денелердің бар екенін анықтаған. Бірақ ғалымдар оның не нәрсе екенін біле алмаса керек. Бұл құбылысты зерттеп жүрген зерттеушілер бүгінгі күні екі жаққа бөлінген. Бірі мұны түкке тұрмайтын жасандылық деп түсіндірсе, екіншілері құбыжықтың бар екенін дәлелдейтін дәйектер келтіріп әлек. Вирджиния университетінің профессоры Хенри Бауэр «бұл — ежелгі плезиозаврлардың тірі қалған бір түрі болуы мүмкін» деген болжам айтқан. Сан түрлі болжамдар айтылып, түрлі суреттер дәлел ретінде келтіріліп жатқанымен ғылыми нақты деректердің жоқтығы осы саланы зерттеушілердің ақиқатқа жетуіне кедергі болып отыр. Осындай адам сенгісіз әңгімелерімен көпшіліктің қызығушылығын тудырған құбыжықтың көлін көруге алыс-жақын шетелден арнайы келетіндер саны арта түскен. Қазіргі таңда құбыжығымен аты шыққан Лох-несс көлі туристер жиі баратын мекенге айналған. Тіпті ол елде Несси құбыжығының мүсіні де бар.
Дәл осылайша таңғажайып аңыздармен аты шыққан көл — Бросно. Бұл көлде төменгі Новгородты бетке алған татар-моңғол әскерінің күл-талқанын шығарған алып құбыжық мекен еткен-мыс. Бұл жердің адамдары да кезінде айдын бетінен аузынан от шашқан айдаһарды көрген. Алайда бұл оқиғаларға айдаһардың еш қатысы жоқ екен. Мәселенің мән-жайы кейін белгілі болды. Аталмыш көл түбінде қысымы өте жоғары газдар жинақталатын көрінеді. Газ су түбіндегі тербелістер кезінде алапат күшпен көкке атылады. Міне, балықшылардың із-түссіз жоғалуына, шағын қайықтардың су түбіне кетуіне осы жайттар себепші болған. Ал егер сол уақытта балықшылар темекі тартып отырған болса, айдын беті бір сәт қызыл отқа оранады. Көл айдаһары жайлы аңыз осыдан шықса керек.
Норвегияның Ремшен көлі де құбыжығы көп айдынның бірі. Бұл көлден де бірталай куәгерлер ұзындығы 15 метрге жететін жыландарды, алып айдаһарларды көрген. Ремшенді зерттеген мамандардың құрылғылары да су түбінен шыққан беймәлім дыбысты жазып алған. Алайда құрылғыдағы бұл дыбыстар ғалымдардың нақты шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болып отыр. Таңғажайыптан үмітін үзбеген мамандар сол маңдағы Сендберг, Сельорд, Ремшен сынды көлдерге зерттеу жұмыстарын әлі күнге жүргізіп келеді.
Мариан шұңғымасы
Көлдер мен теңіздерге қатысты осы сипаттағы аңыздар көптеп кездеседі. Ғалымдар бұл аңыздардың түп-төркінін іздестіріп, олардың көпшілігіне ғылыми дәйек келтіріп үлгерген. Сонау 1700-1800 жылдар аралығында мұхитта себепсізден себепсіз жоғалып отырған кемелердің күйреуінің сыры ашылды. Жаңа аралдар мен құрлықтарды ашқан сол заманның талай саяхатшылар көз ұшында тұрған жерге жете бергенде қирап, су түбіне кететін болған. Мысалы, Ваникоро аралына жақындай бергенде саяхатшы Ла Перуздың кемесі сонымен бірге бірнеше француз кемелері су түбіне кеткенін Жюль Верннің кітаптарынан оқығаныңыз есіңізде болар. Міне, сол кемелердің аяқ астынан суға кетуіне табиғи қорғандар — яғни тосқауыл рифтер себеп болғандығы анықталған. Ал ол уақытқа дейін оқиғаға мұхит құбыжықтары себеп болды деп келген болатын.
Мұхиттардың құпиясын іздеген мамандар күн сайын жаңа жетістіктерге қол жеткізуде. Олардың заманауи зерттеу құралдарына ірілі-ұсақты түрлі жануарлардың сұлбасы түсіп жатады. Олардың ешкімге түсініксіз суреттерін көрген адам ежелгі аңыздардың шындығына бір мысқал сенгендей болады. Сондай-ақ кейде теңіз жағалауына адам естіп білмеген, өмірінде көрмеген жануарлардың қаңқасы мен денесінің шығып қалатыны да өтірік емес. Осындай ерекшеліктерді ескерген зерттеушілер суда әлі де толық зерттеліп болмаған тіршлік иелері бар деген ойда. Мысалы, жердің ең терең нүктесі саналатын Мариан шұңғымасы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Бұл шұңғыманың түбіне 2012 жылға дейін ешбір елдің ғалымдары жетіп көрмеген болатын. Ал 2012 жылы оның түбіне режиссер Джеймс Кэмерон «Челенджер» атты бір орындық су асты кемесінің арқасында жеткен болатын. «Титаник» фильмінің режиссері бұл сапарында талай ғасырлар бойы ғалымдарымыз қол жеткізе алмай жүрген деректерге қаныққан. Өзімен бірге ала кеткен 3D форматындағы камерасына ол тұрпаты адамзатқа беймәім су жануарларын түсіріп үлгеріпті. Бұл ғалымдардың «су тереңдігі 6000 метрден асқан соң, қысымы жоғары, температурасы 0 градусқа дейін жететін ортада ешбір тіршілік иесі өмір сүре алмайды» деген тұжырымын жоққа шығарды.
Ал оған дейінгі зерттеушілердің құрылғылары беймәлім жануарлардың сұлбасын түсіріп, су түбінен әртүрлі дыбыстарды жазған. Америка ғалымдары бір жылдары шұңқырға «Кірпі» аталатын құрылғысын түсіріп, оның камерасына түскен бірнеше басты айдаһарға ұқсайтын жануарды байқап қалған. Құрылғыны су бетіне қайта шығарғанда мамандар зерттеу аппаратының себепсізден себепсіз майысқанын және оны кемемен байланыстырып тұрған тростың мүжілгенін байқаған. Шұңғыманың «иелері» дәл осылайша неміс ғалымдарының да үрейін алыпты. Германия зертеушілері «Хайфиш» зерттеу құрылғысын 7 шықырым тереңдікке дейін түсірген. Алайда сол деңгейге жеткенде не төмен түспей, не жоғары көтерілмей қойған «Хайфиш» мамандарды біраз әбігерге салған. Неміс ғалымдары да сол аралықта өздерінің құрылғысына ұмтылған алып жануардың сұлбасын камерадан анық көрген. Міне, осындай таңғажайыптары көп шұңғыма тереңдігінің арқасында адамзаттың қызығушылығын тудыратын, әлі сыры ашылып болмаған ең құпиялы нүкте болып қала бермек. Мүмкін онда расында да, неше түрлі айдаһарлар мен құбыжықтар бар шығар...
horde.me