Су бетімен сырғып жүрген Қошқарата
Елімізде Қошқарата деп аталатын ауыл, өзен, су аттары көп. Тіпті Қырғызстан мен Өзбекстанда да бар. Кезінде бұл атауға қатысты дау туындағаны да белгілі. Шежірешілердің айтуынша елімізде мұндай атауды иеленген 11 мекен бар екен. Аңызға құлақ түрсек, Қошқарата негізінен XI ғасырда өмір сүрген делінеді. Қаратау өңірінде өмірге келген. Жастайынан зеректігімен көзге түскен оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жібереді. Өзінің шын аты Қылыш болған.
Төртінші атасы Арқар деген асқан батыр адам болған деседі. Сол «сен енді Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп жанама ат қойған екен. Бұқарада оншақты жыл оқыпты. Шымқаланың іргесін ең алғаш көтерген де Қошқарата дейді бір аңыз. Көзі ашық, ілімді Қошқарата осы өңірге қайтып келіп, мешіт, медресе ашады. Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С-ды елге танытып, Ислами тұрғысында көзін ашуға атсалысады. Он жыл осында тұрақтапты. Одан кейін ұстаздары қайтадан Бұқараға шақырады. Онда үлкен кісілерге, ілімді адамдарға дәріс беруге шақыртылады. Бір жыл ғұламаларға ілім үйретеді. Діни тұрғыда еліне көп шапағаты тиеді. Алланың берген қасиетінің арқасында көптеген бұлақтардың көзін ашып, суландырумен айналысқан. Қошқарата бабамыз Шымққалада өмір сүрген. Елімізде оның денесі жерленген деп 12-13 жерді айтады екен. Қошақаратаға талас әлі аяқталған жоқ. Біздің жерде жатыр деп таласушылар көп. Алайда оның жерленген жерін тап басып анықтау мүмкін болмай тұр. Өйткені оны әулие санағандықтан бір елге барып, халықтың көзін ашып, ілім үйретіп тұрақтаған жерін ол жерді ешкімге басқызбай қоршап қояды екен. Алдын шеңгелмен қоршаған, одан қышпен көтерген. Осындай себеппен осында Қошқарата жатыр деп кеткен. Осындай кесенелері көп. Айтпағымыз Шымкенттегі Қошқарата өзені турасында.
Құрмансейіт Зияев, Қошқарата мешітінің шырақшысы:
- Бұрын бұл жердің аты Мыңбұлақ болған. Қазығұртта үйдің ортасындай жерден су шығып жатыр. Қошқарата бастауын сол жерден алады. Екпінді еліне келіп су сіңіп кетеді де, қайтып осы Шымкенттегі қазіргі Қошқарата өзенінің бастауынан шығады. Су мамандары талай мәрте тексерген. Бояу, шәй жіберген. Сол заттар осы жерден шыққан. Бұл жерде көп бұлақтар бар. Қошқарата Шымқаланың барлық түкпірін аралап ағатын жалғыз өзен. Ауаны дымқылдандырып тұратын қасиеті бар. Соған қарамай аяламаймыз. Керісінше жаман қоқысты осы өзенге тастап жатады.
Киелі өзеннің киесін қашырып жүрген өзіміз екендігі өкінішті.
Қошқарата туралы аңыз
Қошқарата жастайынан зеректігімен, ерекше дарынымен көзге түседі. Бұқараға оқуға барғанында ұстазы оны өзгелерден оқшаулап, ерекше ықыласпен қарайды екен. Бұған ашуы келген бір шәкірт үнемі Қошқаратаға тиісіп жүреді. Ұстазының қой деген сөзін құлағына ілмейді. Содан бір күні шәкірттердің бәрін отын алып келуге жұмсайды. Сол кезде ұстазы Қошқаратаның қасиетіне өзгелер де куә болсын деп шешеді. Қошқаратаны өзеннің арғы бетіне жұмсайды. Сонда ол судың бетімен жүріп өтеді. Табаны судың бетін сырып қана арғы бетке батпай жетеді. Оның суға батып кетпей, судың бетімен жүргеніне шәкірттер таң-тамаша болыпты. Айналасындағылар осыдан кейін ғана оның қасиетін мойындаған деседі.