Құпиясын құм басқан Құмиян

Құпиясын құм басқан Құмиян

Археолог ғалымдар Сыр бойында көне қалалардың көптігін айтады. Оған дәлел боларлық құтты мекендер баршылық. Көпшілігі әлі күнге дейін ескерусіз қалып отыр. Соның бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құмиян немесе Мейрамтөбе шаһары. Құмиян жайлы бала кезден естіп өстік. Біздің ауылдан онша қашық емес. Екі ортаны дария бөліп жатыр. Тіпті елдің арасында Құмиян жайлы айтылатын шағын қиссаларды да құлағымыз шалған. Осылай жүргенде оны көрудің сәті түсті. Оқушы кезіміз. Шамамен алтыншы сыныпта оқитын кезім болса керек-ті. Сол маңайға барғанбыз. Ағама Құмиянды көруге ұсыныс жасадым. Ол бұрын көрген. Жол бастады. Көне шаһар маңына келдік. Төбеден өзге ештеңе көзге шалына қойған жоқ. Қалың құмның ішіндегі тарихи орынды алғаш көргенде осындай сезімде болдым. Сол уақытта үлкендерден сұрастырып көрдік. Мардымды ештеңе айта қоймады. Тек аңызды алға тартады. Менің көкейімде жүрген «Ол қалада кімдер өмір сүрген? Қай ғасырда салынған?» деген секілді сауалдарға мүлдем жауап ала алмадым.
Есейгеннен бастап ол жөнінде мәлімет іздестіре бастадым. Өкінішке қарай, бірқатар ғылыми кітаптарда жазылған аз-маз дерекке малдануға тура келді. Оларда Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген қала екені айтылады. Одан әрі қарай «Қала Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында, 30 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр. Құмиян – тік төртбұрышты қала. Көлемі 210х180 метрге жуықтайды. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық. Құмиянның ортасында көлемі 45х45 метр цитаделі бар» делінеді.

Құмиянның солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны көзге түседі. Өкініштісі, оны зерттеген ғалымдар онда не болғанын тап басып айта алмайды. Дегенмен жасаған жорамалына сүйенсек, қала ішінде құрылыс жүйелері болуы әбден мүмкін. Ғалымдар Құмиянды зерттеу барысында көптеген қыш ыдыстарды теріп алған. Олардың ернеуінде жапсырылған жиектері мен су тасуға арналған құмыралардың тұтқалары әсем жасалған.

Археологтер қалада қолөнер жасау ісі жоғары деңгейде дамыған деген жорамалын жасырмайды. Өйткені ас ішуге арналған ыдыстар әсем безендірілген. Олардың астыңғы бөліктері дөңгелек болып келеді. Ыдыстардың көпшілігінде ақ ангобаның үстінен көк және қоңыр сырмен сызылған өрнектерді байқау қиын емес. Аталмыш дүниелерге пайдаланылған ыдыстардың бояулары Отырар қаласынан табылған ыдыстарға өте ұқсас екен.

Бұл біздің қолымызға іліккен ғылыми деректер болып табылады. Әйтсе де, бұл қаланы кезінде кімдер зерттеді, ондай мәліметтерді кездестіре алмадық. Десе де, қай кезде де оған назар аударған ғалымдар аз емес секілді. Құмиянның өмір сүру кезеңі Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлармен сәйкес келеді. Сол бір кезеңдерде дария бойына жағалай қонған қалалар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүргені тарихта айтылады. Себебі қайсыбір көне қаладағы сәулет өнері бір-біріне өте ұқсас екені байқалады.

Құмиян атауы қайдан шықты? Оны зерттеушілер құм деген тіркеске қарай отырып, «құмдағы қала» дегенді білдіруі мүмкін деген жорамалын жасырмайды. Ал оның Мейрамтөбе деген екінші атауы жөнінде ешқандай болжам жоқ. Көнекөз қариялар да ол жайында тіс жарып ештеңе дей қойған жоқ.

Ендігі әңгіме ауанын аңызға бұра кеткеніміз артық болмас. Құмиян немесе Мейрамтөбеде бір қария өмір сүреді. Сол қарияның жалғыз ұлы бар екен. Әлгі кейуана ішерге ас, киерге киім таппай жүрген кедей болған көрінеді. Қолында жар дегенде жалғыз ешкісі болған дейді. Бұл отбасы сол ешкінің сүтін қорек етеді екен. Артылған сүтті ыдысқа құйып, басқа бөлмеге сақтап қояды екен. Дегенмен кейуана күндердің күнінде мынадай жағдайды бастан өткізеді. Белгісіз біреу ыдыстағы сүтті ішіп, оның орнына бір ділдәдан қалдырып кетеді. Кейуана бұл құбылысқа таңғалып, осы жағдайдың себебін біле алмай, дал болады. Бұл көрініс күнделікті қайталана береді. Бұрын қоңыртөбел тұрмыста өмір сүрген отбасы көп ұзамай-ақ байып шыға келеді.

Осылайша күндер өтеді. Кейуана жұмбақ сырдың құпиясына үңілуге тырысады. Сол арқылы көңілдегі сауалдың түйіні шешіледі. Жұмбақ құбылыстың басты кейіпкері кәдімгі жылан екен. Қарияны көргеннен кейін жыланға тіл бітіп, өзі жайында ешкімге тіс жармауын сұрайды. Егер бұл құбылысты басқа адамдар сезіп қойса, бүкіл шаһар жыландар шабуылына ұшырайтынын айтады.

Дәулетті өмір сүре бастаған қарияның жағдайынан шаһар басшысы да хабардар болады. Оны арнайы шақыртып алады. Баю себебін сұрайды. Кейуана жыланның айтқаны есіне түсіп, жауап бермей, сытылып шығуға тырысады. Өкініштісі, шаһар басшысы нақты жауап алмайынша, қарияны босатпайтынын айтады. Осыдан кейін қысым көрген кейуана болған оқиғаны баяндап береді. Содан соң жылан да көрінбей кетіпті.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін қалаға жыландар шабуылы басталып кетеді. Әркім қарақан басының қамын күйттейді. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» дегендей күй кешеді. Соның салдарынан Құмиянда тұратын халық қынадай қырылады. Бұл шабуылдан екі адам тірі қалып, қаладан қашып шығады. Алайда олардың соңынан бір жылан шығады. Екі кісі Бұқараға мал айдаған адамдарға қосылады. Болған оқиғаны оларға баяндап береді. Әлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, екіншісінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген азаматтар оларға соларды бастарына қойып тұруға кеңес береді. Олар дәл солай жасайды. Ысылдап келіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтаған екен. Осының арқасында әлгі екі адам аман қалғанға ұқсайды.

Бұл Құмиянның құрып кетуіне себепші болған оқиғаның бірі ме екен? Басқа қандай жағдайлар себеп болды? Бәлкім, жаугершілік заманда жермен-жексен қирады ма екен? Бұл тұрғыда ешқандай нақты деректер кездесе бермейді.

Өкініштісі, терең тамырлы тарихтан хабар беретін осындай көне қалалардың жер бетінен жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Осы маңда тұратын азаматтардың айтуынша, Құмияндағы осыдан жарты ғасыр бұрынғы биік дуалдар өте аласарып қалған. Ендігі бір елу жылда оның жер бетінен құрып кетуі ғажап емес. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста