Қорқынышты әңгіме

Қорқынышты әңгіме

Мен ең алғаш жүргізген көлігім «ГАЗ-51» маркалы машина болды. Одан соң «Стар» деген Польшаның 3 мосталы ауыр фургонын, кейін «Зил-157» батпайтын бортты жүк көлігін басқардым. «Зил-157» жүк көлігін ел ішінде «захар, мармон, неміс, крокодил» деп те атай беретін. Жұрттың бәрі : «Тәке, әп-әсем жап-жас жігітсің, не болды саған кілең жүк көлігімен жүресің, джиппен жүрмейсің бе » – деп, әбден қытығыма тиіп болды. Содан жеңіл көлік алайыншы деп, көрпеме қарай көсіліп (ақшама қарап) көрсетілген мекен-жай бойынша бір үйге келдім. Келсем қоңыз секілді 58-ші жылғы «Москвич» тұр. Қулар мені мазақ қылып әдейі жіберген екен. Бірақ көлік шыттай. Қап-қара, жып-жылтыр қып безендірген жылтырақ белдемелерімен, ішіндегі ламполы зілдей радиосымен, түп-түгел сол күйінде тұр екен. Сталин кезіндегі сом темірден жасалған мықты көлік, несі бар, аламын. Иә, аларсың. Мұны әйелім естігенде ызадан жылап жібере жаздады. «Көке-ау, не болды саған, енді мынаны халық көрсе сені Қожанасыр, шаригі кем қуатын біреу – деп, мазақ қылады ғой. Алмашы өтінемін, ел қатарлы Жигули сияқты бір нәрсе алшы одан да» деді.
Көңіл-күйім түсіп кетті. Бір жерден көріп келіп «УАЗ» ала қояйын деп едім, бетін шымшып әйелім тағы да жылап қоя берді. Енді қайттім. «Запорожец алайын ба онда?» – деп айтуға дәтім шыдамады, әйелім инфаркт болып реанимациядан бір-ақ шығар. Құрысыншы бәрі, ЗИЛ-ді сатып жіберемін онда, бәрін сатам. Ақша жинап біржола самолет аламын. Бірақ менің самолетпен ұшып бара жатқанымды көрген жұрт мені ақылды дей қоймас. Керісінше: «осы Тәкеңнің есі дұрыс емес болар, оданда жүк көлікпен нанын тауып жүре бермей ме екен?» – деп діңкеңді құртып жіберер.

Сонымен олай ойлап, былай ойлап бір буаз түйеге ақ «Волга» автокөлігін айырбастап алдым. Волга мінгесін ЗИЛ жүруден қалды. Сосын оны сатуға бел байладым. Сонымен қаңтардың қақ ортасында үйге ЗИЛ-ді сатып алуға адамдар келді. Күн қысқа. Жігіттер «үстіне ақша қосамыз, енді бізге ЗИЛ-ді ауылға дейін жеткізіп бер деп қолқа салды. Мен келістім. Содан жолға аттандық. Ауылдары Ресеймен шекаралас Балқұдық, Сүйіндік деген елді мекендер. Қысқасы мен тұратын ауылдан 800 шақырымдай жер. Ол кезде Құлсарыдан Атырауға, Атыраудан Ганюшкинге асфальт жол жоқ. Әрі қарай әлі күнге дейін жолсыз. Сонымен түн жүріп, күн жүріп келесі түні Ганюшкинге жеттік. ЗИЛ-де мін жоқ. Енді грейдер жолдан шығып Балқұдық-Сүйіндікке дейін және 300 шақырымдай шоқалақ қара жолмен жол жүру керек. Одан әрі өздері кететінін айтып, жігіттер «Біздің ауылға кетсең өз ауылыңа жаз шықпай жете алмайсың, жол жаман, оның үстіне техника жоқ, одан да осы жерден түсіп қалып кері қарай Атырауға жол-жөнекей машина күткенің дұрыс болады» – деп, маған ақылдарын айтты. Мен олармен хош айтыстым. Айнала ақ қар, күн суық, жеті түнде жәутеңдеп қолымды көтеріп Атырау бағытына жүретін тас жолда көлік күтіп тұрмын. Көлік кезікпесе - біттім. Ганюшкин көрініп тұрғанымен 7-8 шақырымдай жерде, оның үстіне ол ауылда танысым да жоқ. Айдала. Қараңғы түн. Бойымды қорқыныш биледі. Ойға әртүрлі қорқынышты ойлар келді.
Абырой болғанда, 15-20 минут өтпей жанармай тасымалдайтын «ГАЗ-53» автокөлігі келіп тоқтады. Жүргізуші өзім қарайлас, Махамбет ауылының жігіті екен. «Сені кезіктіргенім жақсы болды, жол ұзақ, түнде жалқыз жүру де қауіпті, ұйықтап кетуің мүмкін» деп қуанышын жасырмады. Атырауға 10 шақырымдай жетпей бір гаражға баратынын айтты. «Әй, Атыраудың жарығы көрініп тұрса болды, әрі қарай бірдеңе қылып жаяу болса да жетермін» – деп, мен бірден келісе кеттім. Қуықтай кабиненің аяқ асты толған сөмке екен. Орындығына малдасымды құрып жайғастым. «Ал замандас, әңгіме айт, жол қысқарсын» – деді шопыр жігіт. Мен бұрын естіген бір әңгімені бастап кеттім. Әңгіме желісі Қойшығұлдың ұлы Қойбағар жайлы болатын.

Әскер қатарына шақырылған Қойбағар көрші ауылда бір құрдасының әскерге шығарып салу кешіне барады. Кешке қойын қоралап болған соң «Планета-4» мотоцикліне мініп Қойбағар жалғыз жолға шығады. Аспанды қара бұлт қаптаған. Күн ызғырық, күздің қара суығы. Ауылдан ұзап шыққан соң, желдің ызыңы ма, әлде біреу құлақ түбінен сыбырлағандай болды ма, Қойбағардың денесін қорқыныш-үрей билей бастады. Шоқалақ қара жолмен 30 шақырымдай жол түн ішінде жеткізер емес. Екі ауыл ортасын жалғайтын жолда екі жағын қалың сора қаулап өскен, тар өткел бар. Жаңбыр жауса, тайғанақ болып, жаяу адамың да өтуі қиындайды. Бір шақырымға созылатын бұл өткелді ауыл адамдары қылкөпір дейтін. Сол қылкөпірдің орта тұсына жете бергенде кездейсоқ көріністен Қойбағар есінен танып қала жаздайды. Тұла-бойы мұз қарығандай, сұп-суық болып кетеді. Құйқасы шымырлап тас-төбеден жай түскендей күй кешеді. Сенер сенбесін білмейді, қылкөпірдің қақ ортасында, үстінде қыздардың тұрмысқа шыққанда киетін ақ көйлегі бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар, сүмбіл қара шаштары иығына төгілген әп-әдемі хор қызындай бір қыз жымиған кейіпте, қол көтеріп тұр екен. Кері бұрылу еш мүмкін емес. Қорқыныштан өне бойы қалшылдап барады. Тәуекелге бел байлап, алға қарай жүреді. Тоқтайын деп келе жатқан адамға ұқсап мотоцикдің жылдамдығын бәсеңдетіп келіп сұлудың жанынан тоқтамастан зу етіп өте шығады. Артына қарауға шама жоқ. Қылкөпірден ұзап кеткен соң артына қараса, қыз қолын созып артынан еріп келе жатады. Жығылғанға жұдырық болып, сол мезет аспаннан найзағай ойнап жаңбыр жауа бастайды. Мотоцикл сорға тайғанақтап жүре алатын емес. Қойбағар бар білетін аятын оқып жаны алқымға тығылып мотоцикльдің бар жылдамдығын қосады. Тағы 2-3 шақырымдай жер жүріп, ендігі қалған болар деген оймен артына қараса, қыздың дәл желке тұсына келгенін көреді. Одан әрі не болғанын Қойбағар білмейді.
Ертесіне Қойбағарды пішен шауып келе жатықан тракторшы тауып алып ауылға жеткізіпті. Молданың алдында есін жиған Қойбағар осы әңгімені бастан-аяқ баяндап беріпті. Соңғы суретті көргенде Қойбағар есінен айырылып қалған екен. Шашы ағарып кеткен. Молдекең Қойбағарға жын көрінгенін айтады.

Әңгіменің қызығымен машинаның қатты келе жатқанын байқамаппын. Сөйтсем, менің әңгімемнен үрейленген шопыр жердің тайғақтығына қарамастан газды түбіне дейін басып келеді екен. Ол манағы әңгіменің ішіне әбден еніп кеткенге ұқсайды. Оның көңілін бөлмек болып «әй, бауырым, Атырауға қанша қалды?» – дедім. Бауырымда үн жоқ. Машинаның газын қайтарар емес. Аяғы семіп қалғандай. Көзінде үрей. Енді өзім де қорқа бастадым. Көлік ішінде үнсіздік. Машина жүйткіп келеді. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей жүргізушінің көзіне бірдеңе елестеп кетпесе игі еді деп қатып ұстап алғам.
Сөйтіп келе жатырғанда мәссаған безгелдек, өз көзіме өзім сенер емеспін, айдалада, жеті түнде, ысқырып тұрған ақпанда, жол шетінде қою қара шаштары иығына төгілген сұлу қыз қол көтеріп тұр. Көзімді жұмып-ашып қайта қарадым. Ап-анық көрдім, қыз. Құйқам шымырлап кетті. Елес емес, неге десеңіз шопыр да көріп келеді екен. Зәресі кеткен шопыр жігіт бар күшпен тежегішті басты. Машина тайып барып қыздың тұсынан біраз жер өтіп барып сөніп қалды. Қайта қосса оталмайды. Көліктен түсуге шама жоқ. Шопырға есігіңді ашып қарай қойшы десем, ашпайды.
Сөйтіп отырғанда қыз шопыр жақтағы есікті ашып кеп қалды. Ол бар дауысымен шыңғырып, маған қарай құлады. «Кет әй, кет» -деп, қызға қарай екі аяғын сермеп жатыр. Менің де зәрем зәр түбіне кетті. Бір мезетте қыз машинаның алдына қарай бет алды. Мен кәлимамды қайтарып, бар білгенімді айтып жатырмын. Қыз машинаның алдын айналып өтіп, мен жақтағы есікті ашты. Көлік баспалдағына аяғын қойып, көтерілгенде, шопыр өз жақтағы есікке қарай ұмтылды. Қыз болса, «тоңып қалдым» деп кабинаға кірді. Шопырдың мүлде есі шығып кетті. Менің аяқ-қолым жұмыс істеуден қалған, қимылсызбын. Тіл байланған.
«ВАЗ-99» автокөлігі келіп тоқтап, ішінен төрт жігіт түскенде барып есімді жидым. Қызды түсіріңдер дегенде тіл бітіп, «қыздарыңа ие болмай неғып жүрсіңдер, біз зорлап мінгізіп алдық па, алып кет, жындандыра жаздады ғой» деп тоқтай алмай сөйлеп жатырмын. Сөйтсек, жол бойындағы мейрамхананың кафесінде тойлатып отырған жастар ренжісіп қалған екен. Жаңағы қыз жігітіне ерегісіп жеңіл киіммен жолға шығып кетіпті. Алғашында «тоңып қайтып келеді» деп отырған олар, машина тоқтағанын көргенде «кетіп қалар» деп көліктеріне отырып жетіп келген екен.
Қызды түсіріп алып кетті. Есімізді жиып алған соң көлікті оталдырып, қара жолға қайта түстік. 10 шақырымдай жүргеннен кейін ғана шопырға тіл бітті. «Сенің әңгімеңмен сәйкес келгенін қарасаңшы» -деп бір күлімсіреп, бір кемсеңдейді. Болған жай естен шықпай, қайта-қайта айтып келе жатып Атыраудан бірақ шығыппыз. Атырауға 10 шақырым жетпей бұрыламын деп келе жатырған бауырым мені үйге дейін жеткізіп салды да хош айтысты. Көпке дейін сол бір оқиға есіме түскенде, жынды кісіше өз-өзімнен күліп жүрдім. «Жүре берсең көре бересің» дегендей өмірде не кездеспейді десеңші.
Namys.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста