О дүние бар ма? Өліп тірілген адам
Кеңес заманында атейстік түсінікті санасына сіңірген адамдар үшін о дүние бар ма, жоқ па деген сауалдың жауабы анық болатын. Дегенмен, кеңес үкіметі қирап, бұрынғы тұмшалап келген ақпараттық темір шымылдық ашылған соң шет елдерден түрлі ақпараттар келе бастады. Олардың арасында ғылымға негізделген өлгеннен кейінгі өмір туралы кітаптар да бар. Соларды оқып, басқа да ақпараттар алған қазіргі адамдардың бұл мәселе жайындағы көзқарасы әртүрлі.
Өліп тірілген адам
1996 жылы мен Атбасарда емшілікпен айналысып жүрген Алмас әулие дегенмен кездесіп, сөйлестім. Одан ем қабылдаған біреу «несін айтасың, ауруыңды әп-сәтте жұлып алады екен» деп аузының суы құри мақтады. Осыны естіп, сол тұста халық емшілері туралы жазып жүрген мен жұрттар әулие атаған әлгі азаматпен кездескім келді.
Алмас есімді емші жасы отыздардағы қырғыз жігіті екен. Қырғызыстанда туып өскен, сол елде тұрады. Өзінің айтуынша, екі рет өліп, тіріліпті. Алғашқы өлгенінде, ол кезде кеңес заманы екен, бір тәуліктей жатып, жерлеуге дайындап жатқанда тірілген. Оның айтуынша, оқиға былай болған.
Жүрегі қысылып, қан қысымынан жедел жәрдем келгенше о дүниеге аттанып кеткен жігітті туыстары жерлеу үшін ауладағы киіз үйге табытқа кебіндеп қояды. Содан ертеңіне жұрт жиналып жерлеу үшін мүрдені алып шығуға киіз үйге кірген адамдар сұмдық көрініске тап болады. Табыттан тұрып, ақ кебінге оранған мүрдені көргендер зәрелері ұшып ойбайлай қашады. Дүрліккен жұрт не болғанын ұға алмай аң-таң. Бір тәулік жатып тірілген адамның жайы сол тұста бүкіл елге таралып кетіпті. Тіпті, телевидениеден арнайы журналистер келіп, сөйлескен көрінеді. Дегенмен, ол о дүниеде көргендерін айтпай, бүгіп қалады. Өйткені, атейстік түсінік үстем болған ол тұста о дүние туралы айтса, жынды деп психиатриалық ауруханаға жатқызары анық екен.
Алмас әулиенің өзі былай дейді: О дүние деген бұл дүниеден де көркем, табиғаты тамаша жер екен. Бұлбұл құстар жақ талмай сайрайды, жапырағы төгілген әсем ағаштар, майысқан мәуелі жемістер, сарқырап аққан бұлақ пен өзендер, көз жауын алар көркем табиғат – осыларды көргенде ішпей-жемей мас боласың. Нағыз жұмақ деген сол шығар.
Ондағы жандардың бәрі бір-бірімен сіз-біз десіп қатты сыйласып, сөйлеседі екен. Ұрыс-керіс, дөрекілік деген атымен жоқ. Бірақ та, мен онда көп қала алмадым. Солардың басшыларының бірі болуы керек, маған: «сіздің мұнда келер уақытыңыз болған жоқ, сондықтан кері қайтуыңыз қажет» деді. Содан тірілгенде қызық болады екен. Өзімді бейне балық салған сулы суық бөшкеге енгендей сезіндім. Қолым бір жақта, аяғым екінші жақта. Денем сұп-суық. Көзімді ашқанымда әппақ бірдеңені көрдім. Сөйтсем, мені кебінге орап, табытқа салып қойыпты.
О дүниеге барып келген жігіттің бойында содан кейін қасиет ашылып, өзге жұрт көрмейтін нәрселерді көретін болыпты. Емшілік қасиеті ашылып, адамдарды емдей бастаған. Дегенмен, емшілігін ол кеңес үкіметі құлаған соң ғана бастапты. Оған дейін бойындағы қасиетін жасырып келген.
Айналасындағылар әулие атандырып кеткен әлгі жігіт кейінірек Көкшетауға да келді. Дегенмен, қазір жоғалып кетті. Қайда жүргенін кім білсін? Және оның айтқан сөздері қаншалықты шындыққа жанасады? Ол да белгісіз. Өз басым өліп-тірілген екі адаммен сөйлесіп, солар туралы жаздым. Екеуі де о дүние дегеннің барлығын айтып, о дүниеде көргендерін ұмыта алмайтындықтарын және бұл дүнимемен салыстырғанда онда бәрі де тамаша екенін айтады. Әрине, о дүниенің барлығына сену-сенбеу әр адамның өз еркіндегі іс.