Қазақтың танымының тереңдігіне бүгінде өзіміз таң қалатын болдық. Ұятты тірлік екені рас енді, бірақ бабалардан жеткен мұраны қайта қаузап, насихатын жасап, үнемі айтып отырмағымыз керек екендігін түйсінеміз. Ұлттың телегей-теңіз танымында баланың өмірге келуінен, қария болып, бақиға аттанғанына дейінгі кезеңді қамтып, пенденің өсіп-өнуінің қалай болмағын сипаттап беретін ескі әңгімелер бар. Солардың бірін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырыпты. Оның «Жұлдыздардың бізді бағып-қағу реті» деп аталатын еңбегі бізге таңсық болғанымен, бұрыңғылар үшін әдеттегі ұғым саналатын біраз мәселе қамтылған. Біз осы әңгімені тарқатып көрмекке бекіндік.
Жалпы, адам тәрбиесі, ұрпақтың саналы һәм сапалы болуы қазақ үшін өте өзекті болыпты. Алаш баласы «тектіден текті туады» деп, қан тазалығын сақтау, жүйелі тәрбие беру төңірегінде талай нақыл мен аңыз-әңгіме қалдырған. Бағзы заманда ерлікке толы ғұмыр кешкен Майқы би «Кімнен кім туады?» деген сұраққа былай деп жауап берген екен:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады.
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады.
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады.
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
Ақылгөй баба тізбектеп, жіктеп, жіліктеп бәрін айтып кеткен сияқты. Дегенмен заманмен бірге адамзат баласының табиғаты да құбылып, сан өзгеріске ұшырары хақ. Қазақтың ғұлама ғалымы, әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бала деген Құдайдан сұрайтұғын нәрсе емес, ерлі-байлы екі кісінің еңбегі, қолдан жасап, егіп, өсіріп алатұғын ағашы. Осы ағашты жеміс ағашы қылып өсіріп, өндіріп алатұғын қайратты сабаздар да бар. Кісі – сол, адам – сол! Ол бір жерден өрік-мейіздің тұқымын алып келіп еккен жоқ. Бірақ жытһады, тілеуі жемісті ағаш болуын ойлап, баққан, қаққандықтан» дейді. Ал енді «шыр етіп дүние есігін ашқан баланың ендігі жердегі тәрбиесі қалай өрбиді?» деген сұраққа толық тұшымды жауап алу үшін қайтадан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Жұлдыздардың бізді бағып-қағу реті» деген шығармасына жүгініп көрелік. Аталған шығармада «Күн – айдай әлемнің патшасы болса, басқа жұлдыздар күннің қара бұқара әскері есепті. Ай болса күннің уәзірі, сондықтан «Ай мен Күндей – әмбеге бірдей» дейтұғыны – сол. Ғытард деген жұлдыз – хатшысы, Зәһре деген жұлдыз – ойыншы, сырнайшы, сауық жасайтұғын өнерпазы. Мәріх деген жұлдыз – әскербасы, қылыш ұстайтұғын батыры. Міштірі деген жұлдыз – қазы, би, төрешісі, Зұхал дейтұғын жұлдыз – қазнашысы» дейді ғұлама. Мұнда айтылған Ғытард деп отырғаны – Меркурий, Зәһре – Шолпан, Мәріх – Марс, Міштірі – Юпитер, Зұхал – Сатурн ғаламшарлары. Мәшһүр Жүсіп осы аспан денесінің адам өміріне қалай әсер ететіндігі жайлы толғанады. Яғни, қазақтың адам жасына қатысты айтатын әңгіменің астарында өзгеше сыр жатқанын ұғамыз. Ғытарды немесе Меркуриді хатшыға теңеу арқылы қазақ жас кезде білім алудың маңызды екендігін атап өткен. Қарттық кезеңде адамды қамқорлығына алады дейтін Зұхал немесе Сатурнды «қазынашы» депті бұрыңғылар. Қазақтың қартты қазынаға теңейтіні содан болса керек. Дегенмен осы тұста ескере кететін бір жайт – біз Мәшһүр Жүсіптің шығармасындағы аспан денелерінің атауын автор өзі қалай жазды солай келтірдік. Әйтпесе, бұл ғаламшардың барлығының атауы арабша. Арабтар Ғытард емес Утәрид, Зәһра емес Зуһра, Мәрік емес Миррих, Міштірі емес Мұштари деп атапты ғаламшарларды. Мәшекең бұл атауларды қазаққа бейімдеп атай салған. Бір қызығы, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары өзге тілден келетін сөздерді көп аудармаған, тек ұлттың тіліне бейімдеп қолдана берген. Әлихан Бөкейханның «Дүниенің құрылысы» немесе «Астрономия» оқулығында да өзге тілден енген атауларды қазақ қалай айтса, солай жазылған. Мысалы, ағылшындар көне грек тілінен енген деген сөзді көп өзгертей planet деп қолданса, Ә.Бөкейхан оны қазақша «пыланет» деп атай салған. Мәшекең де солай араб тілінен енген атауларды қазақ қалай атаса, солай хатқа түсіре салыпты. Бірақ бұл – басқа әңгіме. Біз шығарманың тереңіне үңілуімізді жалғастырайық.
Ғұламаның айтуынша, бала туып, жарық жалған дүниенің жүзіне келген соң, бірінші болып Ай құшағына енеді екен. Төрт жыл айға шейін Ай бағып қағады. Ай өзі қандай асығыс болса, жас баланы да сондай тез-тез өсіруге ыңғайлайды. Солай болғаны үшін айтылады: «Бесік баласы бес түлейді», – деп, бес жылда бес түлейді. Абай атамыз айтпақшы, осы тұста баланың жаны семіреді. Осы кезде бала мейлінше шығармашылық еркіндікте болады. Қазақтың «Бес жасқа дейін балаңды патшаңдай ұста» деп баласын тыймай еркін ұстауы осыдан болар бәлкім?! Қош, мұнан кейін баланы өз құшағына Ғытард жұлдызы алады. Он екі жасқа жеткенше бағып қағады. Бұл жұлдыз баланы ғылым – білімге, жазушылыққа баулитын көрінеді. «Солай болатұғыны үшін төрт жастан асқан соң, баланы мектепке берудің керегі де сол» дейді. Дәл осы сөздерді жазып отырған Мәшһүрдің өзі бес жасында мектепке беріліп, алты жасында Шар кітапты мәнісімен жаттап, жұрт аузына ілініп, көп көзіне түскен. Он екі жастан асқан соң отыз жасқа жеткенше адам баласын Күн құшағына алады. Күн баққан кісісін көзге түсіруге тырысады екен. «Отыз жаста көзге түсуге жарамаған жаман өмірінде түк кеспейді» дейді автор. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген тәмсіл осыған байланысты болу керек. Отыздан асқан соң Мәріх жұлдызы құшағына алады. Бұл қайрат, жігер, өткірлікпен алас ұрғызады. Мұнан кейін Міштірі құшағына алады. Бұл күйініп, түйініп, бай болу, әр нәрсесі сай болуды ойлатады. Алпысқа жеткенше бағады, қағады. Алпыстан асқан соң Зұхәл құшағына алады.«Бұл Зұхәл жұлдызы адамды ойға салып, дүниеге харыс қылады». Осы ретте жоғарыда аталып өткен жұлдыздардың адамзат баласына әсерін Бұқар жырау бабамыздың бай бейнелі тілімен көркемдесек артық болмас:
Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз
Қайғылы-мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында
Ажалдан басқа жоқ екен.
Мәшекеңнің айтуы бойынша, адам баласы туған бетте онымен қатар күн-көктегі жұлдыздардан да бір бала туады. «Пері деген мақұлық бар, онан да бір бала туады. Шайтан деген мақұлық бар онан да бір бала туады. Осы жұлдыздар адам баласымен жалған дүниенің жүзіне бір сағатта келеді. Осы бала тірі жүрсе, осылардың бәрі бұл баламен маңайлас, бастас жолдастары болады. Бір қызығы, адамзат баласы секілді жұлдыздың да жаманы, жақсысы бар. Жаманын нас жұлдызы десе, жақсысын сәтті жұлдыз деседі. Егер де баламен бірге туған жұлдыз сәтті болса, демек онда бақыты талайлы, жұлдызы жоғары болып, басқадан үстем болады. Ал нас жұлдызымен айқасып туған бала өмірде сәтсіздікке көп ұшырап, құты қашып, жаман атанатындығы содан екен» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Осы шығармадан бізежелден адам баласымен бірге жасасып келе жатқан жын, сайтан, перілердің де адам тағдырына әсері айрықша болатынын білдік. Яғни, ұлттың танымында адамының өсіп-өнуіне, дамуына қатысты айырықша ұғым болды деген сөз. Ғұлама өз еңбегінде: «Адам қараптан қарап жаман атанбайды екен, біреудің перісі күшті болады, біреудің жыны күшті болады, ал біреудің сайтаны күшті болады. Адамды осылардың қай-қайсысы болса да, билеп кетуі бек мүмкін. Өз басын өзі алып жүруге мыңнан біреу-ақ жарайды. Осы көрініп жүрген жамандарды біресе жын билеп кетіп, біресе сайтан билеп кетіп, жаманның жаман атанатындығы содан екен. Біреу кісі өлтіреді, біреу ұрлық қылады, енді біреуі ойнас қылады» – деп тоқталады бұл мәселеге. Автор осыған Құдайдың еш қатысы жоқ екенін айта отырып, жын-шайтанның бірі олай, бірі бұлай ұйытқытып, адамды есінен адастырып, әуре-сарсаңға түсіретінін айтады. Тәңірі ерік беріп, таңдау құқығын берсе, жын-сайтан тек сыбырлаушы. Түптің түбінде балшыққа белшесінен бататын адамның өзі.
Тәрбие басы адамның өзінен басталары даусыз ақиқат. Жәлеладдин Руми бұл әлемнің құдды тау сияқты екенін, ал біздің істеген істеріміздің сол тау арасындағы айқайға ұқсайтынын, содан шығатын жаңғырық біздің ісіміздің қайтарымы екенін айтады. Көп жағдайда мұны біз өкінішке қарай есімізден шығарып аламыз. Жыраулардың жырынан, ғалымдардың еңбегінен баяндап, үзінді келтіргендегі мақсатымыз «Үлгісіз сөз болмайды, мақтасыз бөз болмайды» демекші, көнекөз қариялардың бізге қалдырған өсиетін жадымыздан еш шығармай, үлгі етсек деген тілек еді.
Олжас ОМАРҰЛЫ
aikyn.kz