Дуаланған "Мерседес" әкем мен ағамды жалмады
"Мистика" айдарына біздің отбасымыздың басынан өткен мына бір жайтты жазсам деп едім.
Мен жуырда үйде тұрған ескі "Мерседес" көлігін ауылдың сыртына алып шығып, үстіне бензин құйып өртеп жібердім. Ауыл іші у-шу болды. "Жүріп тұрған машинаны өртеп жібергені несі?" деп көрші-қолаң таңданысты. Атам болса "бұның дұрыс болды балам, бізге құт болмаған сол темірдің үйімізден аулақ кеткені дұрыс" деді.
Осыдан 5 жыл бұрын әкем үйдегі 5-6 жылқыны базарға шығарып сатып, бір аптадан соң жүріп тұрған "Мерседес" көлігін алып келді. Өмір-бақи колхоздың басшылық қызметінде болған соң "Волгаға" тақымы үйреніп қалған адам емес пе, жаяу жүргісі келмеген шығар десті анам. Оның үстіне өзі мініп жүрген "Нива" әбден ескіріп, онымен ағам екеуміз егістік басына баратынбыз. Сонымен әкем иномарканың қызығына кіріп алды әбден. Қаладағы базарда ет сататын еді, 3-4 жылда шаруасы да дөңгеленіп жүре бастады. Анам екеуі қайын жұртына да барады, аудандағы күллі туысқан атаулыны адақтап шығады. Сөйтсек, жарықтықтың бой жазуы екен ғой. Көктемнің аяғында әкем кешке қаладан келе жатып машинасы жолдан шығып кетіп, авария болды. Жол үстінде келе жатқан ат арбаны айналып өте бере, кішкентай баланың құлдырыңдап жолға жүгіріп келе жатқанын байқайды да машинаны жолдың шетіндегі ағашқа қарай бұрып жіберген. Ат арба үстіндегі кемпір мен шал да аман, жолға жүгіріп шыққан кішкентай бала да аман, тек әкеміз сол авариядан беті бері қарамады. Реанимацияда 3 күн жатып, таңға жуық үзіліп кетті. Алла Тағалаға да жақсы адамдар керек екен деседі ғой, ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұтас ауыл боп әкемізді ақырғы сапарға жөнелттік. Жаназада барлық адам әкеміздің жақсы адам болғанын, кезінде колхозды да абыроймен басқарғанын айтып жатты. Ол да болса көңілге медет екен.
Сонымен әкеміздің қырқын беріп, ес жия бастаған соң ағам қолдағы бар қаражатты жинап әкеміздің "Мерседесін" жөндеуге берді. Бір айдан соң көлікті үйге айдап әкелді. Мен әкемді жалмаған темірге біразға дейін қарай алмай жүрдім. Анам да көлікті көрген сайын көңілі босайтынды шығарды. Ағам екеуміз "Нивамен" күндіз егістікке барамыз. Кешке ағам кластастарын жинап алып, бәрі "Мерседеске" мініп қыдырып жүретін. Бірде ауылдың балалары көрші ауылға футболдан жарысқа баратын болды да, менің ағама "бізді апарып келші. 3 машинамен шығамыз" деп өтініш айтып келді. Ағамның да футбол, волейбол, баскетбол десе шығарға жаны бөлек. Ол бар жұмысты маған тапсырып, өзі жарысқа кетті. БИдайдың соңғы суын ұстап, кешке үйге шаршап келе жатып аңғардым, біздің есік алдында қарақұрым халық. Жүрегім зу ете қалды. Тағы не боп қалды екен. Тиыштық болар.
Мен есік алдына кеп тоқтағанда аула ішінде сапырылысқан халық, бәрі жылап жүр. Мені көрген анам талып қалды. Сонда барып аңғардым. Ағама бірдеңе болған. Өйткені ағамның кластастары жанұшырып жүгіріп жүр. "Сатка, сабыр ет, сабыр ет. Өзіңе бекем бол, Қуатжан авариядан қайтыс болды" деген ағамның кластасы Жомарттың жағасынан ала түсіппін. Не істеп, не қойғанымды өзім түсінбеймін. Жан-дүнием алай-дүлей, жынды адамдай есіріп кетіппін. Есімді жинап, өз-өзіме келген кезде барып атам келіп басу айтып, сабырға шақырды. Жарыстан қайтып келе жатқанда рөлде отырған үш жігіт жарысқа түскен. Машина ішіндегі жас балаларға да желік біткен, сонымен үшеуі асфальты қотыр-қотыр жолда құйғыта жөнелген. Ағамның астындағы "Мерседесі" қойсын ба, трассаның корольі деп бекер айтпаған ғой, бәріне суырылып шығып, шаңдата жөнелген. ауылға кіре берістегі айналма жолда ағам рһлге ие бола алмай, машина тастақ жолда үш аунап тұрған. Қызығы, машина ішіндегі төрт бала сап-сау, тіпті бір де сызық жоқ денелерінде. Бастары да жарылмаған, сынған, шыққан ештеңесі жоқ. Тек ағам ашық тұрған терезеден жартылай шығып кетіп, машина астына басылып қалған.
Сонымен небәрі 20-ға да толмаған жап-жас жігітті өлілер мекеніне жөнелттік. Әкем мен ағамның арасы небәрі үш-ақ ай. Үш айда бір үйден екі өлік шығару аса ауыр қасірет екен. Атам мүлдем шөгіп кетті, анам болса мылқау адамдай тілден қалды. Сөлемей қойды. Тек сұрақ қойсаң ғана әрең-әрең жауап қатады. Бұрынғы ашық-жарқын мінезі, жиын-тойда ағайынның ортасына кіріп кетіп басқара жөнелетін қасиеті қазір жоқ.
күз түсе ағамның да қырқын бердік. Егінге комбайн салдым. Есімнен ағам кетер емес. Мектеп бітірген кезде үйдегілердің "оқуға түсіп ал" дегеніне көнбей, "мен егістікпен-ақ көтерілем. Оқымасам да жердің тілін тауып, жағдайымды жасап алам" деп айта беретін үнемі. Жердің тілін таба алатынына күмәнім жоқ еді, бірақ өзі жердің астына ерте түсіп кетті.
Күз соңында ағамның кластастары, ауылдың футбол ойнап жүрген жастары жиналып келіп, анамнан қоярда қоймай кілтін алып, машинаны жөндетуге алып кеткен. Көп ұзамай екі мәрте авария болған машинаны түзеп-күзеп қайтадан орнына әкеліп қойды. Жүріп тұр. Күз түсе мен малға шығып кеттім. Атам болса күнұзақ далада отырады. Не ойлайтынын бір Алла білер. Анам болса үйден шықпайды. Екеуі де балаларынан айрылып қайғырады ғой. Осы бір сұрықсыз көрініс менің де жүрегімді қанжылатады. Сондықтан өз үйімнен қашқым кеп тұрады.
Өткенде анама "мына машинаны сатып жіберейік. Босқа тұрып шіріп кетер" дедім. Анам тіс жарып сөйлемеді. Шай ішіп бола бер "өзің біл ол жағын, балам" деді де қойды. Менің сөзімді атам қостады. "Сатсаң сат, айналайын. Тұқымымды жалмаған темір болды" деді. Артынша "Кенжеғали кімнен алды екен бұл машинаны?" деп елеусіз сұрап қалды. "Қалада тұратын сақау Өмірәліден алған екен. Бұрын ПМК-ның бастығы болған Әуелбеков Өмірәлі ше" деп анам қайын атасына жауап берді. "Жандарбектің Өмірәлісі ма?" деді атам таңырқай сұрап. Анам "иә" деп басын изеді. "Қап, - деді атам. - Қап, мұны неге маған ертерек айпадың келінжан. Неге айтпадың маған" деп мазасызданып кетті. Бетін сипап дастарханнан тұрды да төргі бөлмеге кіріп бүк түсіп жатып қалды.
Атамның осы бір жұмбақ әрекетін көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Бірде кешке малды жайғап, есік алдындағы сәкіде отырған атама бардым. Өткендегі жайтты сұрадым. Атам ұзақ уақыт томасарып отырды да: "Олар бізді жек көретін, жау санайтын әулет қой. Кенжеғали сол машинаны бекер алды солардан. Мен білсем, олар бізге жақсылық ойламайды, - деп мүлде мен естімеген әңгіменің шетін шығарды. - Олардың аталары 1937 жылы Сібірге айдалып кетті. Істәлінге қарсы болған ба, әйтеуір бір себеппен итжеккен айдалды. Сол кезде менің әкемнің бір тамыры болған екен. Өзі қып-қызып кәмунис болған. Ашаршылық жылдары арқа жақтан ауып келген қазақ болса керек. Сол танысы біздің үйде тұрыпты. Жүйеге қарсы адамдарды Сібір айдатып жатқан кезде әлгі әкемнің танысы да білек сыбанып кірісіпті. Ауылдағы өзіне ұнамай жүрген, өзін кемсітіп, сырттан келген деп шеттетіп жүрген 4 адамның үстінен арыз жазып, айдатып жіберіпті. Жаңағы Өмірәлінің атасы Әуелбектер бертінге дейін сол оқиғаны қопсытып, оған менің әкемді кінәлі қылып шығаратын. Төрт азаматты итжеккенге айдағаннан кейін әкемнің танысы бір түннің ішінде ауылдан кетіп қалыпты. Содан оны қайтып көрген ешкім жоқ. Бірақ әлгі төрт азаматтың артында қалған бала-шағасы біздің әкейді қарғап өтті өмір бойы. Кінәлі біздің әкей болып қалды. Мың жерден ақталғанмен, оны түсіне қойған олар болмады. Сондықтан ғой, Әуелбектің Өмірәлісінен ана мәшинені бекер алған екен. Солардың қарғысындай болып балам мен немеремді жалмады ғой оқытылған сұм темір. Оларды алғанша неге мені алмайсың Құдайым" деп атам иегі кемсеңдеп, иығы селкілдей бастады.
Осы оқиғаны естіген соң мен әкем мен ағамның өлімі нақ осы темірден келгеніне сене бастадым. Басқа ештеңесі де жоқ. Машинаны сатқан адамдар оны оқытып тастады, яки жаман ниетпен сатқан. әйтеуір шын көңілдерінен бермегені анық. Осыдан кейін мен машинаны сатсам деген ойдан айнып қалдым, бәлкім бойында жыны бар темір келесі қожайынына да құт болмас. Тағы да авария болып, біреудің шаңырағы шайқалғанша өзім құртайын бұл пәлені деп ауыл шетіндегі қоқыс алаңына машинаны айдап апардым да, үстіне бензин шашып от қоя салдым. Машина шамамен 3 сағаттай бықсып жанды.
Сол сұм темір үйден кеткелі атамның қабағы ашылып, анам да еңсесін көтеріп қалды. Атам "енді сен тезірек үйленіп, маған немере сыйла. Немеремді бір иіскеп өліп кетсем арманым жоқ" деп жүр...
(Әңгіме автордың өз аузынан жазып алынды)
Сәтжан Қырбасов,
Жамбыл облысы