Бейіт басындағы жұмбақ шал
–Әкем айтқан сол бір әңгіме мен өзім куә болған мына бір оқиға қанша жылдар өтсе де ойымнан кетпестей орнығып қалды,-деді нағашым (марқұм) менің тылсым жайлар туралы білгім келген ниетімді аңғарғаннан кейін. – Алдымен әкемнің түсіне алмай кеткен әңгімесін айтайын. Әкемнің әкесі, яғни, менің атам Абыралы өңірінің бір түкпіріне жайлауға шыққан екен. Күнделікті қойларын өріске шығарғанда қолындағы қысыр биесін де тұсап отқа қойып жүреді. Біраз күндерден кейін қойын шарбаққа қамаған соң, атам биені алып қайтуға келген сайын оның жалының кәдімгі қыздың бұрымындай бірақ жуан етіп өріліп қалатынын байқайды. Алғашқы бір-екі күнде мән бермеген атам, әдеттегідей тағы да кешкісін биені ноқталап жатқанда, жалының тағы да өрулі тұрғанын көреді. Бұл не жұмбақ? Күнде таңертең өрілген жалын тарқатып өріске жіберетін қысыр биенің жалын өріп жүрген кім?.. Ауылдағы құрдастарының бірінің ісі дейін десе, ен далада отырған жалғыз үй. Тіпті, көрші қоныстанған да ешкім жоқ. Жақын маңайды қоныс еткен малшылар жоқтығы тағы да белгілі.
Атам не де болса, алыстан бақылап отыруға бел байлайды. Отар қойды түс ауа шарбағына қамағаннан кейін атына мініп, сақтана жүріп отырып биенің өрісіне беттейді. Міне, қызық, бие күндегі жерінен ұзап елеусіз тұрған ескі бейітке барып қалыпты... Ал атам биенің жалына қарағанда, көзі шарасынан шығады. Көк шапан киген кіп-кішкентай ақ сақалды әлдебір шал жылқының мойнына қонақтап алып жалын өруге кірісіп кетіпті...
Күтпеген көріністің әсерінен өз-өзінен булығып қалған атамның дыбысын шығаруға бата алмай, қанша тұрары белгісіз еді астындағы аты ауыздықты кере алға ұмтылып кісінеп жібермегенде... Сол-ақ екен, биенің жалына қонақтап, күнделікті «жұмысын атқарып» жатқан әлгі шал көз ілеспес жылдамдықпен биенің мойнына сырғып түсіп, ескі бейтіттің ішіне еніп, ғайып болады.
Биенің тұсауын шешпестен, секірте айдап қораның алдына әкелген атам жалының жартылай өріліп қалғанын көреді. Сол күннен бастап, атам биенің өрісін ауыстырып, әлгі төңірекке мал жаюын сап тыйған екен. Бірақ, ескі бейттің ішінен шыққан сол бір кішкентай шалдың жұмбағын біле алмай, білуге жүрегі де дауаламай әкеме ғана айтып өмірден өтті.
Ал өзім басымнан кешкен оқиғаның жайына келейін...
Ол кезде мектептің жоғары сыныбында оқитынмын. Қайнардағы ескі үйде тұратынбыз. Әжемнің «Бейуақытта ұйықтамаңдар. Бұл үйдің иесі бар» дегенді ара-тұра естіп жүргеніммен мән бермейтінмін. Түс ауа сабақтан келген соң, мал жайғап қора-жайды ретке келтірген соң неге екенін білмеймін қараптан-қарап мені ұйқы қысты. Төсекке шалқамнын жатқан күйі көзім ілініп кеткен екен. Әлдекімнің қарап тұрғанын сезгендей селк етіп оянып кеттім. Көзімді ашқаным сол, тұтығып сөйлей алмай қалдым. Тізем бүгулі қалған екен. Қара костюм –шалбар, ақ көйлек киіп галстук таққан әлдебір адам тіземе арқасын сүйеп кеудеме салмақ салып жайбарақат қарап отыр. Жүрегім өрекпіп аузыма тығылды. Сенсең де, сенбесең де сол жұмбақ адам менің оянып кеткенімді сезді ме көз алдымнан жоқ болып кетті. Не дыбысым шықпай, не орнымнан тұра алмай есімді жия алмай бір сағат жаттым. Елес дейін десем, шырттай киінген ер адамның кеудемнің үстінде отырғаны анық. Елес емес дейін десем, оның дем арасында қайда кетіп қалғаны түсініксіз. Мен сол күннен бастап бейуақытта ұйықтауды доғардым. Бірақ, көргенімді ескі үйден көшкенше ешкімге айтпадым. Айтқан күнде де үйдегілер бейуақытта ұйықтаған өзімді кінәлар еді.
Осыдан көп уақыт бұрын айтқан нағашым Сейітқалидан (марқұм) естіген осы бір оқиғалар мен үшін де шешілуі қиын жұмбақ болып қалды. Шынында да ескі бейіттен шыққан әлгі шал кім?.. Адам дейін десе, оның шамадан тыс кішкентай болуы қалай? Биенің жалын өруі ермек пе, не әдет?... «Егер нағашы атамыз жүрегі дауалап бейіт ішіне кірсе ол шалды ұстап алуға болар ма еді?» деген де қызық ой келеді... ал бейуақытта еуропаша киімде нағашымның кеудесіне орнығып алған жұмбақ адам кім?... Жұмбақ үстіне жұмбақ...
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.