Бала шайтан нанын қалай ақтады?

Бала шайтан нанын қалай ақтады?

Таңғы асын ішпестен, қолына екі үзім нан алып кедей мұжық жер жыртуға шықты. Ол соқаға атын жегіп, заттарын бұта түбіне қойды. Үзім нанды да сол жерге қойып, бетін шапанының ұшымен жауып кетті. Біраз жер жыртқан соң атының шаршағанын көрді. Оны соқадан шешіп, біраз жайылсын деп отқа қойды да, өзі әлгі бұтаның түбіне келді. Шапанын ұшын көтеріп еді, наны жоқ екен. Әрі іздеп, бері іздеп таппады. Шапанында әрі сілкіді, бері сілкіді. Бірақ, нан жоқ. Ол аң-таң болды. «Бұл өзі бір қызық іс болды-ау,» — деп ойлады ішінен. – Мұнда ешкім келген жоқ. Нан қайда кеткен?».

Мұжық жер жыртып жүрген кезде, оның нанын шайтанның баласы ұрлап алған еді. Ол бұта түбіне отырып: «қазір мұжық қарғап-сіленеді. «Нанды алып кетті» деп әйтеуір біреуді боқтайды. Менің айызым қанады», — деп дәмеленіп, күтіп отырды.

Бірақ, мұжық жомарт екен. Ол өз-өзін қайрап:

- Жә, аштан өлмеспін! Мүмкін қарны ашқан бір мүсәпір амалдың жоғынан алған шығар. Ендеше, «ас болсын!» дейміз. Басқа не дейміз. Тәбеті ашылсын! Құдай оған қуат берсін! Ал, біз суға да тоямыз, — деп құдыққа қарай беттеді. Шелектегі суды қанғанша сімірді де, дем алды. Сәлден соң, қайта тұрып жер жыртуға кірісті.

Бала шайтан өз дегені орындалмай, жай мұжыққа күнә істете алмағанына қайран қалды. Өзінен үлкен, басшысына барып болған жайды айтып берді.

- Мен оның нанын алып қойдым, ол болса қарғап-сілеудің орнына, маған «тәбеті ашылсын, ас болсын!» деп бата берді. Бұл қалай? – деді бала шайтан. Кексе шайтан аузынан заһарын шашып, ашуланып:

- Мұжық сенің азғырғаныңа көнбей, саған үстемдік көрсетіпті. Демек сен әлсізсің. Егер осы бетімен кете берсең барлық адам біздің азғыруымызға көнбейді. Онда бізге өмір сүрудің не қажеті бар. Мұны бұлай қалдыруға болмайды. Сен қайтадан барасың да ана мұжықты азғырасың. Сөйтіп наныңды ақтап аласың. Үш жыл ішінде ол мұжықты жеңе алмасаң, мен сені киелі суға батырып өлтіремін. Түсіндің ба? Бар жоғал! — деді.

Бала шайтан қорқып кетіп, жер бетіне жүгіріп шықты. Мұжықты қалай азғыруды ойлай бастады. Ары-бері теңселіп жүрді де, бір кезде тапқандай болды. Сөйтіп жас жігіттің бейнесіне еніп, мұжықтың қарамағына жұмысшы болып жалданды. Ол келе сала мұжыққа қалай егін егудің сырларын үйрете бастады. Қуаңшылық жылы ызаға бидай екті. Сол жылы мол өнім алып, мұжық байлыққа батып қалды. Ал көрші диқандардың еккен егіні ыстық күннің астында қурап тұрды. Бұл жылы өнімді көп алған соң мұжық тағы да жас жігіттің кеңесіне құлақ түрді.

Жас жігіт жымиып қойды да:

- Биыл жауын көп болатын сияқты. Егінді қырға ек, — деп кеңес берді. Айтқандай сол жылы жаңбыр мол, ылғал көп болды. Ызаға еккен жұрттың бидайы артық ылғалдан көгеріп, шіріп қор болды. Ал, мұжықтың адырға еккен бидайы тағы да мол шықты. Оның қамбасы толып, бидайы сыртқа төгіліп жатты. Енді ол артық бидайды не істерін білмеді. Жас жігіт оған артық бидайды ашытып, одан сыра, арақ жасауды үйретті. Осыдан кейін, мұжықтың үйі көпшілік жиналатын масханаға айналды. Жұрттың бәрі соның үйіне жиналып арақ, сыра ішетін болды. Осы кезде ғана жас жігіт пердесін шешіп, бала шайтанға айналды да, масаттанып қуанды. Өз жетістігін жеткізу үшін асыға басып, баяғы басшы шайтанға жүгірді. Оған өзінің баяғы екі үзім нанын қалай ақтағанын баяндады. Кексе шайтан бәрін өзі барып көрмек болды.

Олар мұжықтың үйіне келсе, өңкей тұрмысы жақсы, байлар жиналып арақ ішіп отыр екен. Мұжықтың әйелі қонақтарға арақ тасып жатып, сүрініп құлап кетеді. Стақандағы арағын төгіп алды. Мұны көрген күйеуі әйеліне:

- Ей ақымақ! Сен не, жуынды тасып жүр ме едің, көзіңе қарамайсың ба? Бар байлықты жерге төктің ғой, — деп айқайлап ұрысады.

Бала шайтан кексесін шынтағынан түртіп қалып:

- Қара, бұрын ол екі үзім нанның өзін садақа дейтін. Қазір құлап түскен қатынының денсаулығын сұраудың орнына, төгілген араққа қайғырып жатыр, — деді.

Бір кезде мұжықтың үйіне бір кедей адам келеді. Ол жан-жағына қараса, жұрт арақ ішіп отыр екен. Кедей бір үзім нан сұрады. Мұжық оған:

- Мен сенің жарылқаушың емеспін. Жоғал? — деп айқайлады. Бала шайтан кексеге тағы да сыбырлап:

- Бұрын бұл қарны қатты ашса да, екі үзім нанды біреуге беретін жомарт еді. Енді қара, байлық қалай сараң еткенін. Бұл ешнәрсе емес, қазір онан да зорын көресің, — деді. Мұжық қонақтарымен арақты ішіп-ішіп, біраз жерге барды. Бір-бірін өтірік мақтай бастады. Кексе шайтан риза болып:

- Өтірік айтылса менің жаным кіреді. Егер бүйтіп түлкіге ұқсап, жылмаңдап, бір-бірін алдай берсе әрі қарай азғыру бізге жеңіл емес пе? — деді. Бала шайтан тағы да жымиып:

- Кішкене күте тұр. Қазір бұлар біз араласпай-ақ, бірін-бірі түтіп жейді. Тағы да бір-екі стақан ішсін. Сосын түлкі сымақтар қасқырға айналады, — деді.

Айтқандай бәрі тағы бір-бір стақаннан арақ ішіп еді, дауыстары зорайып шыға бастады. Бұрынғы әдемі, жұмсақ сөздердің орнын енді боқтық сөз басты. Арты ерегісе ұласты. Бір-бірінің жағасына жармасып, төбелесе бастады. Қонақтарын ажыратпақ болған мұжықтың өзін де ұрып, сабап тастады.

Кексе шайтан одан сайын риза болып, қолын шапалақтады да: — Иә, бұлардың төбелескені жақсы. Құмарым бір қанды-ау, — деп шықылықтап бастап еді, бала шайтан:

- Тоқтай тұр, бұл әлі ештеңе емес. Қазір олар татуласып тағы бір стақан ішсін. Сосын қызық басталды, — деді. Үйдегілер төбелесті тоқтатып, дастарқанға отырып, татуласқандай болды. «Сол татулық үшін!» деп үшінші стақанды төңкеріп еді, естерінен толық айырылды. Әбден босаңсып, біреуі жылады, біреуі айқайлады. Бір-бірін тыңдайтын шамалары болмады. Содан сүрініп-қабынып отырып сыртқа шықты. Далада батпақ екен. Әбден масайған қонақтар орнында тұралмай, аунай бастады. Мұжық та батпаққа аяғы тайып, тұмсығымен шалшық суға құлады. Үсті-басының бәрі былғанып ақырында шошқаға ұқсап қорсылдап жатты.

Кексе шайтанның көздері жайнап:

- Адамның адамдықтан азғаны осы емес пе? Осы ғой бізге керегі, — деді. Бала шайтан:

- Мұнымен әлі біткен жоқ. Қазір мыналар былғанып, есін білмей үйіне барады. Ұрыс-төбелес үйде жалғасады. Түнімен өксіген әйелдің, жылаған баланың даусын естіп шығамыз. Үйдің берекесі мен несібесін, Құдайдың оларға түсірер шапағатын осылай жоғалтамыз, — деді.

- Жақсы ішкілік ойлап тауыпсың. Бұрынғы қателігіңді жудың. Ішкілікті қалай жасағаныңды айтып берші. Сен бидайдың суына түлкінің қанын қостың-ау деймін. Басында түлкі сияқты қутыңдап отырды. Кейін қасқырдың қанын араластырғансың. Содан болар қасқыр сияты ырылдаса бастады. Соңында доңыз қаны қосылған. Шошқа сияқты батпақта аунап жатқанынан бірден білдім.

- Жоқ, — деді бала шайтан. — Мен олай істеген жоқпын. Менің бар істегенім әрекетім – оған көп өнім алуына көмектестім. Ал, әлгі аңдардың қаны адам баласының бәрінің ішінде бар. Нан тауып жеу қиын болған кезде ол білінбейді. Алғаш оның нанын алғанымда ол қызғанған жоқ. Ал қашан артық байлық пайда болды, сонда ғана оның жүрегінде қызғаныш оты лаулады. Ол кедейге жәрдемдесудің орнына артық ақшасымен көңіл көтеруді ойлап тұрды. Сосын оған арақ ішіп, көңіл көтеруді үйреттім. Сол кезде барып оның бойындағы түлкі, қасқыр, доңыздық мінездері бой көтере бастады. Енді бұдан былай тек ішкілік ішіп жүрсе болды, хайуани мінезі оянып шыға келеді.

Сол кезде барып, кексе шайтан бала шайтанды әбден мақтап, оның бастында жіберген күнәларын кешіп, оны өз қарамағына бастық етіп қойды.


Аударған: Жүрсін Кәрім  

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста