Аршамен аластаудың пайдасы бар ма?
Аршаның емдік қасиеті әсіресе, микробтарды жойғыштық қасиеті көп екенін екінің бірі біледі. Ауырған адамды, үйді аршаның, адыраспанның иісімен аластап, тазалаймыз. Етті, қымыз пісетін күбіні аршаның түтінімен ыстаймыз. Кішкентай кезімізде жөтел тие қалса, анамыз «құрғақ жөтелге аршаның түтіні жақсы болады» деп аршаны шұңғыл тәрелкеге салып, жағып, үйдің ішінен сәл ғана болар-болмас иісін шығарып қоятын.
Ата-анам ұзақ жылдар бойы малшы болып, табандарынан тозып, қой соңында жүрген адамдар. Мемлекеттің малын бағамыз деп жүріп көрген қызықтары мен шыжықтары көп.
- Жылдағыдай Күршімнің ең шетіндегі Шірікаяқтан ары асып көшіп барып, сонау Катонқарағайдың Балғын, Жұлдыз ауылының тұсына жетіп тірелетін төржайлауда отырған шағымыз. Жайлауымыз жазық жері аз, шың-құзды, жартасты, орман, шатқалды жер. Бір таудың қуысында, бір Алланың уысындамыз, - деп бастады тәтем бұл әңгімесін. - Бірде көкең дел-сал болып, ауырып, тіпті, қой жаюға жарамай қалды. Жайлауда дәрігер түгілі, ойға қатынайтын көлік те жоқ. Бір күн өтті, бір апта өтті. Сырқаты жазыла қоймады. Киіз үй тігіліп тұрған биік таулы жотаның жан-жағы орман, тоғай. Одан әрі сәл ассаң тұтасқан ағаш, емен, қарағай, қайың. Сол тау, тасты, орманды беткейлерде бір аптадай бір отар қозылы қойды жалғыз жайып жүрмін. Ауырып жүргеніне қарамастан артымнан көкең келіп қапты бірде түс әлетінде. Ауырғанынан үйде отыра да алмаған сияқты. Біраз еңісте демалып алып, қалың жынысты орман ішін аралап, түс қайта үйге қайтты. Ертеңінде де өріске бірге еріп барып, орман ішін аралап, әрі-бері жүрді. Үшінші күні де сөйтті. Орманның іші ұйыса өскен емен, үйеңкі еді.
Сол күні үйге келген беті тоғай ішінен тынысы біраз ашылғанын, басының құрыс-тырысы жазылып, қан қысымы түскенін байқағанын, үш күннен бері тәуір болып қалғанын айтты қуанып. «Жата бермей, жүргенім жақсы болды, шоғыр тастың астындағы шатта қарақат та бар екен. Ертең қойды өзім жаям» деді түнде анадан бері қарамай кеткен транзистрін қолына алып отырып. Ата-бабамыз жалғыз ағаш көрсе қасиетті санып, діңі жуан кәрі бәйтеректің бұтағына дейін қастерлеп, шүберек байлап жатады. Көкеңнің демалып, күш, қайрат жинауына, сауығуына жаяу жүргенінен бұрын, орманның, емен мен үйеңкінің көп септігі болды. Адам жаны табиғатпен тікелей байланысқан ғой, сол жасыл орман ауруын бойына сіңіріп алып, жаңа күш сыйлап, ауруынан тез айығуына көмектесті деп ойлаймын. Қолың қалт етсе орман, тоғайға баруға тырыс, қажаған ойдан арылтып, дем береді.
Анамның айтқан әңгімесінің жаны бар секілді. Биофизиктердің зерттеуінше, орман ішін аралау адам ағзасына кез-келген дәріден де күшті әсер ететін көрінеді. Бұл саланың ғалымдары орманға барған адам өз бойына күш алып қана қоймай, жаман ойлардан арылып, жеңілдеп қалатынын анықтаған. Сонымен бірге жөке ағашының әйелге, еменнің ер адамға, қайыңның қыз-жігітке жігер сыйлайтынын, емен иммунитетті көтеріп, қарағанның күш сыйлайтынын зерттеп, білген екен.
Автор: Жамал Ермен