Ресейлік Рен-ТВ телеарнасынан көрсетілетін «Құпия территориялар» («Секретные территории») бағдарламасының кезекті шығарылымы Қазақстандағы Арал теңізіне арналды. 80-ші жылдардың соңында теңіздің құрғап қалу қаупін зерттеу кезінде ол жерді ғарыштан фотоға түсірген еді. Сол фотосуреттерді көрген ғалымдар таң қалды. Арал теңізінің түбінде құпия сызықтар мен беймәлім белгілер анықталды.
Эколог Сайлаубай Жұбатырұлының айтуынша, теңіздің түбінде бірнеше шақырымды құрайтын «С» деген әріп табылды. «Мәселе, сол әріптің өзінде емес, оны сызуында жатыр. Ондай әріпті салу үшін бүгінгі заманның озық деген техникасымен 90 жыл (!) бойы жұмыс істеу керек», - дейді ол. Бұдан бөлек, құрғап қалған Арал теңізінің түбінде түп-түзу әрі бір-біріне парралель орналасқан сызықтар анықталды. Олардың арақашықтығы – 100 шақырым, ал әрбір сызықтың ені – 10-12 метр.
Арал теңізінің түбіндегі құпия белгілер туралы алғашқы материал «Қазақстан ғылымы» газетіне жарияланған болатын. Францияның аномалиялық құбылыстар орталығының мамандары оны естіген бойда хабарласып, фотосуреттерді зерттеуге алған екен. Олардың пайымдауынша, бұл – өзге өркениеттердің үндеуі, яғни басқа ғаламшарлардан келгендердің жолдауы. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, олар аталған құпия ақпаратты өздері үшін қалдыруы мүмкін, я болмаса, жерде тұратын адамзат баласына құпия бір ақпаратты жолдады. Бұл – код. Оның астарында маңызды ақпарат болуы бек мүмкін.
Автор: Арман АСҚАР
alashainasy.kz