«Адамзатқа қауіп қайдан? Ақыр заман болама ма?» Мұндай ой күнде болмаса да кез келген жұмыр бас иесінің ойына анда-санда бір келетіні рас. Шындығы керек, әлем елдерінің арасындағы тікетірестер, түрлі қарулы қақтығыстар түбі ядролық шоқпарды бір-біріне сілтеуге алып келуі мүмкін. Бұл сөз жоқ, адамзат тарихындағы орны толмас үлкен трагедияға алып келері хақ. Өйткені бүгінгі ядролық қару, өткен ғасырда американдықтардың қолымен жапондардың төбесіне тасталған атом бомбысынан он есе, жүз есе қуатты. Десе де, қазіргі оқымыстылар, сарапшылар, ғалымдар «ешқандай адам ертеңін ойламай тұрып, ядролық қарудың тетігін басуға дәті шыдай қоймас. Қандай жағдай болмасын, (аты-шулы Кариб дағдарысын алайық) ядролық қаруы бар елдің басшысы ашу-ызасын ақылға жеңдірері анық. Өйткені ядролық соғыстың соңы жұмыр жердегі адамзат баласының құрып кетуіне алып келерін түсінеді. Бірақ саналы тіршілік иесіне қауіп жерден емес, көктен келуі әбден мүмкін» деседі. Ғалымдар «саналы тіршілік иесі өмір сүріп жатқан жерге көктен бес мың бес жүздей әр түрлі көлемдегі аспан денелері жақындап келеді, соның ішінде ең қауіптісі 959 нысан» дегенді айтуда. Рас, мұндай әңгімелер өткен ғасырдың ортасынан бастап ғалымдар, аспан денесін зерттеушілер арасында үздіксіз айтылып келеді. Әсіресе олардың қай уақытта жерге жақындап келетіні, қандай қауіп-қатер төндіретіні де тасқа басылып, сызылып қойған. Аспан денелері ішіндегі ең қауіптісі – Апофиз астероиді. Мамандардың есептеуінше, 2029 жылдың сәуір айында ол жерге жақындап келетін көрінеді. Ара қашықтық 36 мың 700 не болмаса 38 мың 600 шақырым болмақ. Ал 2036 жылы осы астероид жерге 2 мың шақырымға дейін жақындамақ. Егер де ғайыптан осы үлкендігі 10 шақырымға тең, салмағы 46 миллион тонна болатын Апофиз жермен қақтығысып қалатын болса,өркениеттің ақыры болуы мүмкіндеседі ғалымдар. Мәселен, Үндістандай алып елді жер бетінен жойып жіберуге көлемі 3 шақырым болатын астероид жетіп жатыр екен. Әлгіндей аспан денесі жермен соқтығысып қалса, жер бетіндегі ауа-райы өзгеріп, «ұйқыдағы» жанартаулар оянып, мұз дәуірі қайтып келері хақ. Мұның арты ондаған миллион адамдардың опатына айналмақ. Егер де астероид мұхитқа құласа, биіктігі жүз метрлік толқындар пайда болмақ. Бұл дегеніміз – бүкіл құрлықты су басып қалады деген сөз. Қазақша айтқанда, топан су басып, нағыз ақырзаман сонда орнамақ. Жалпы, мұндай оқиғаның болуы ғалымдардың есебінше 100 пайыздық дәлдікке сай екен. Рас, бұған дейін де жер бетіне бірнеше ірі метеориттер құлағаны белгілі. Ең соңғысы – Тунгус. Аталмыш метеорит жан адам тұрмайтын Тайгаға, қалың орманға құлаған-ды. Оқиға орын алған мезгіл 1908 жылдың 30 маусымы болатын. Жүздеген шақырымнан адам көзін қарықтырған үлкен отты шар қалың жынысқа келіп соқтығысқан. Оның зардабы екі мың шақырымға дейін жеткен. Соқтығыстан болған әуе толқыны өлшеусіз жылдамдықпен демде жер шарын екі рет айналып өткен. Мұны ол кезде әр елде қойылған барометрлер тіркеген. Тунгус метеориді құлаған маңда жер сілкінген. Ондаған шақырым жердегі орман күлге айналып, тастар балқып кеткен. Бір қызығы, жұртты таң қалдырғаны – аспан денесі құлаған жерде ешқандай апан шұқыр, яғни кратердің болмағаны. Әлі күнге ғалымдар бұның жұмбағын таба алмауда. Ал 2029 жылы жерге жақындап келетін Апофиз астероиді Тунгус метеоридінен 5 мың есе қуатты. Демек, ол жер планетасымен соқтығысып қалса, кезіндегі Нострадаумс пен кешегі өткен соқыр кемпір Ванга айтқан ақырзаман адамзат үшін сонда орнамақ.
Ақырзаман есігіңді тұр қағып
Последние статьи автора