«Айдаһар» көлдің құпиясы
Жамбыл облысы Мерке ауданындағы Қарақыстақ жазығында орналасқан Көккөл туралы небір таңғажайып аңыздар айтылып келді. Күні кешеге дейін. Осы аймақтың тұрғындары аталмыш көлге лажы болса жоламауға тырысады. Өйткені көлдің «адам жұтатын қасиеті» бар. Сол себептен де оны «Айдаһар» көлі деп те атайды. Тіпті, оған «түйе көлі» деп қосымша атау таңғандар да бар. Осы ауданның тұрғыны Айбек Жағыпаров былай дейді: «Аңызға құлақ түрсек, көлде жыланбасты, ұзын мойынды,бір өркешті түйеге ұқсас мақұлық мекендейді-міс. Сол мақұлық көл суына емдік қасиет дарытатын көрінеді. Осы маңда қой жаятын қойшылар талай мәрте адамдардың суға кеткенін көріпті. Тіпті кейде малдарын суғаруға келгенде екі-үш қойдың жоқ болып шығатын кездері де болыпты. Көл ерекше мөлдір, көкпеңбек болып тұнып жатады. Атауына да лайық. Көлдің тағы бір кереметі жыл жаңбырлы болса да, қуаңшылық болса да өзеннің деңгейі өзгермейді. Бір қалыпта тұрады. Кезінде ғалымдар зерттеп, қорқынышты ештеңе жоғын да айтыпты. Алайда жергілікті жұртшылық әлі де бұл көлдің ашылмаған қасиеті барына сенеді».
«Жыланның» басы көрінбеді
1976 жылдың жазында Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының геологы Б. А. Волчков осы көлді зерттеуді ұйғарады. Алғашқы күні-ақ, зерттеуші қызыққа тап болады. Таңертең жағалауда көлдің үстін бақылап отырады. Кенет жеті-сегіз метр қашықтағы су бетінде діріл пайда болады. Кейін оған ирек іздер қосылады. Пайда болған иректер арқылы су астында он бес метр шамасындағы алып жыланның дене қозғалысын көзбен бағдарлауға болатын. Сонымен бірге су астындағы басы мен құйрығы қозғалыссыз тұрса да, мақұлық бір орында қимылдап тұрды. Жыландай ирелеңдеген толқындардан мұны анық байқауға болатын. Қанша уақыт өтсе де алып жылан ақыры көрінбейді. Шынымен де ғылым үшін беймәлім мақұлық осы көлде өмір сүргені ме деген сауал туындайды. Геолог көрген білгенінің бәрін газеттерге жариялайды. КСРО Ғылым Академиясының эволюциялық морфология және жануарлар экологиясы институтының ғылыми қызметкері С.К.Клумов көлді мұқият зерттеуге кеңес береді.«Түйенің» дауысы қайдан шықты?
Волчков мұнда бірнеше көмекшілерімен бірге 1977 жылы шілде айының соңында тағы да келеді. Тәулік бойы қойылған кезекшілік өз жемісін берді. Түн ортасында кезекші бақылаушылар түйенің тұншыға шыққан дауысын естиді. Одан соң қатты ысқырық естіледі. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей көлден шынында да біртүрлі дыбыстар шығатынын айқындап берді. Келесі жолы тағы да ысқырық естілгенде экспедиция мүшелері айқай салады. Жаңғырық дауысты күшейтіп, көл үстін жаңғыртып жібереді. Бірақ ысқырық тоқтамайды. Қайта үдей түскендей. Бұл дауысты белгісіз хайуанаттың шығарып тұрғаны сөзсіз еді. Бірақ қалай, қайтіп деген сұрақтар жауапсыз қалып тұрған-тұғын... Зерттеушілер тағы бір кереметке куә болады. Күн шайдай ашық боп тұрғанда жаңбыр жауады. Сол уақытта өзен алуан түрге енеді. Күн нұрымен көл беті бірде көгілдір, бірде жасыл, кейде кемпірқосақтың алуан түсіне бөленеді. Бейнебір сыйқырлы бояуға енгендей. Бірде судың батыс жағалауынан бір жарым-екі метр жерде кішігірім иірімдер пайда болып, көл суын астынан сіміріп жатқандай болады. Осыдан бастап таңғажайыптың тұсауы шешіліп, құпиясы ашыла бастайды.Таңғажайыптың тиегі ағытылды
Кереметті зерттеуге негіз болған көптеген иірлер нені білдіреді, неге ауық-ауық көлде түрлі дыбыстар естіледі, көлдегі алып хайуанның денесі қозғалғанымен, басы мен құйрығы неге қозғалмайды? Ақыры Б. Волчков ақырына дейін зерттеп, көлдің тегі мұз дәуіріне жатады деген қорытындыға келеді. Көл астында морендік воронка бар, яғни, мұздың қозғалысынан пайда болған тау жыныстарының қалдықтары бар. Су шайған шұңқырларда суасты құйыны пайда болған. Қалдықтар көлде түтікті құйын (сифон) құраған. Яғни, көлдің астында канал бар. Адамдарды тартып кететін де осы ұйықтар болса керек. Оның тереңдігін де өлшейді. Қалғаны түсінікті, кейбір уақытта жаңбыр мен қар түсуіне және жерасты гидрогеологиялық ерекшелікке байланысты судың бірнеше бөлігін каналдар тартып кетеді. Сол кезде кіші иірімдер мен «мақұлықтың» денесінің тұрқы байқалады. Кейде керісінше суды күшпен тартқан уақытта ауамен қосыла кететін болуы керек, сол кезде түрлі дыбыстар шығарады. Суда осындай иірімдер пайда болғанда ештеңеден қауіптенбестен шомылып жүргендерді тартып кетіп жатады. Жерасты канал-сифондар сондай-ақ көл деңгейін реттеп отырады. Ғалым осы аймақ тұрғындарының айтқан уәждерін сараптай отырып, екінші нұсқаның жауабын таппай дал болады. «Айдаһарға» теңегендерінің түйіні тарқатылды. Ал түйеге, түйе болғанда да бір өркешті ақ түйеге ұқсататындығының шешімін таппайды. Ақыры мұның да құпиясы ашылды. Бір күні қар ұшқындап жауа бастайды. Тау басына аппақ қар түсіп, көл жаққа жаңбыр жауады. Жылы көлдің беті тұманданып, аппақ бұлттар қалықтап шыға келеді. Сол сәтте аппақ бұлттар фантастикалық жануарлар кейпіне енеді. Биік жартасқа барып тірелген ақша бұлттар созыла түсіп, ұзын мойынды түйе формасына енеді. Тіпті, бұлттан өз бейнесін жасаған мақұлықтың түрі соншалықты қорқынышты көрінеді... Талай ғасырлардан аңыз боп жеткен Көккөлдің құпиясы осылайша ашылды. Көлдің «Айдаһар» деген аты көмескіленгенімен әлі де солай атайтындар баршылық. Қазір де бұл көлдің ғылыми зерттелгенінен бейхабар жандар аңызға бергісіз әфсаналарды жыр қып айтады...Бұл туралы А. Печерский «Вокруг света» журналында кеңінен толғап жазды да. Бүгінде Көккөл «Ерекше табиғи аумақтарды қорғау туралы» заңына сәйкес тізбеге енген. Бірегей табиғи су обьектілеріне жатады.
Ерекше қорғауға алынған.