Абылайдың түсі
Тарих қайталағанды ұнатады…
Ғасырлардан жеткен ұлы ғазалдарда қазақтың да үні бар. Ғасырлардан жеткен ұлы ғазалдарда қазақтың да көз жасы мен мұңы бар. Ғасырлардан жеткен ұлы ғазалдарда қазақтың да шаттығы мен салтанаты бар. Тарихымыздың тамыры тереңде. Ұлт көші ғасырлар қойнауынан бүгінге жалғасады. Ұлттың ұлы көшін заман сағаттарында сүйегі асыл, болмысы ерек, жаратылысы бөлек ұлдарымыз бастаған. Олардың ізі де, ісі де, үні де ғасырлар ғазалының нұрымен ұрпақ санасынан өшпей келеді. Өшпейді екен…
Азан шақырып қойған аты – Әбілмәнсұр. Сосын… түйеші Сабалақ!.. Жауға шауып, ел бастаған Абылай хан! Айтпағымыз еңбегі мен ісі емес, не болмаса, өмір жолы емес. Оны бәріміз білеміз.
Түсі! Сағаттар, уақыттар, ғасырлар өтсе де ұмыт болмаған, өшіп қалмаған Абылайдың түсі.
Бірінші түсі:
Жар астынан шапқан талай жаудың алдын алып, айла-тәсілдерімен көзге түскен ержүрек, ақылды Абылайды үш жүзіміздің игі жақсылары ақ киізге орап хан сайлады. Хандық ғұмырының алғашқы күнінде Абылай түс көреді. Бұқар жыраудан түсін жоруын сұрайды…
«Астымда қылқұйрық жүйрігім бар екен. Сарыарқаның сайын даласында серуендеп жүрмін,-дейді хан.-Азуы кереқарыс дәу арыстан батыс беткейді бетке алып тұра қашты. Астымдағы жануарды қос төсінен екпіндетіп, тепсіне сала, сауырына қамшы бастым. Тұяқты жануар дес берсін бе, қуып жетіп, көп арпалыспай арыстанның ішін қанжарыммен орып жібердім. Міне, қызық! Арыстанның ішінен бір жолбарыс атқып шықты да, ол да қаша жөнелді. Тұра қудым. Жете беріп, аш бүйірге қолымдағы қанжарды тағы салдым. Ақтарыла кеткен қарыннан көкжал қасқыр шықты. Ес жиып үлгергенше ол да қашты. Ұзаққа апармай, қасқырды да жайратып салдым… Енді қызыл түлкі қашып барады. Түлкіні де қуып жетіп, қарыннан осып жібергенімде, ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарылып қоя берді… Бірақ, бұлар менен сескенбеді, қашпады. Бәрі жабыла быжынап, астымдағы қылқұйрықтының сауырына, жалына өрмелей түсті. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кетіппін».
Абылайдың түсін мұқият тыңдаған Бұқар былай жорыған екен: «Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына отырғаның. Ал, алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып жаратылады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда, су жүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майдалана түспек…»
Екінші түсі:
Абылай ел-жұртының алдында абыройы асқақтап, күш-қуаты да кемеліне жетіп, дәурені жүріп тұрған шақтардың бірінде түс көреді. Әдеттегідей, Бұқар жырауға жорытпақ болып, «Ақылшым, мен түс көрдім,-дейді.-Табытта жатыр екенмін. Басымда үш жүздің шашақты байрағы тігіліп тұр. Оны ашу мен қаһарға мінген үш тобыр жұлмалап, жұлып әкеткелі тұр…
Табытымның бір бүйірінде азулы арыстан, екінші бүйірінде айбарлы айдаһар жатыр. Төменгі жағымда бір топ үрім-бұтағым, яғни ұрпағым бар. Уәлиден тараған ұрпағым рухыма бағыштап Құран түсіріп жатыр. Қасымнан өрбіген ұрпағымның ішінен бір батыр тұлғалы тентегім алмас жүзді қанжарын қайрап, мені қауіп-қатерден қорғаштап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде жатқан азулы арыстан мен айбарлы айдаһарға кезек қарап, «Мыналардан қалай құтылам?» деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып беріңіз».
Бұқар аз-кем ойланып, «Хан ием, түс жору – түлкі аулаумен тең. Десе де, жорып көрейін»,-деді. «Сөйлеңіз, көмекей әулием». Абылай Бұқар жыруға құлақ түріп, талай тығырықта уәлі сөзімен жол тауып кеткен кеңесшісінің аузына қарады. Көп бөгелмей жырау бабамыз сөйлей жөнеледі. «Қырыққа жетпей табытта жатқаның – ғұмыр жасыңның ұзақ болатынын айтады. Басыңда үш жүздің байрағы тігіліп, оларға үш бірдей тобыр таласып жатса, қазағыңды құраған үш жүзің ақ киізге отырғызып сайлаған хан болғаның. Бірақ, хан тағына ие болғаныңмен, қабырғалы халқыңа ие бола алмайсың. Сен бақилыққа аттанған күннен бастап қарауыңдағы елдің іргесі ыдырап, шаңырағы шайқалады. Жан-жаққа шашырайды.
Табытта жатып, қос бүйіріңдегі азулы арыстан мен айбарлы айдаһардан қалай құтылудың жолын таппай жанталасқаның – өле-өлгенше халқыңның қос қапталындағы алпауыт екі мемлекетке жалтақтағаның. Екі мемлекеттің түртпегінен аман шығудың айласын іздегенің. Ал, төменгі жағыңдағы өзіңнен тараған үрім-бұтағыңның ішінен бірі рухыңа бағыштап Құран оқыса, бірі қанжарын қайраса – Уәлиден өрген бір тұқымың есімін қағазда, Қасымнан өрген бір тұқымың есімін майданда қалдырады»,-депті.
Түс жорушының сөзіне тынып, тұнжырап отырған хан осы сәтте «Мен қайда қаламын сонда?» деп, сауылын төтесінен қояды. Жырау тосылмайды. «Басыңа үш байрақ бекер тігілген жоқ. Ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың!»,-дейді.
Түйін:
Иә, ғасырлар сүзгісінде кептеліп қалмай, бүгінгі буынның санасына жеткен хан бабамыздың түсі нені аңғартады, нені меңзейді? Неге Абылайдың бұл екі түсі сан жылдар тезінен өтіп, ел жадында сақталып қалды? Әлбетте, ұлт тағдырына қатысты маңызды салмағы болғандықтан, шынайы болғандықтан, Бұқар жыраудың хан түсін көрегендікпен жоруынан.
Бүгін, міне, ел егемендігін алып, етек-жеңін жиды. Абылай аңсаған азаттық туы ұрпақтың берік қолында. Шүкір. Тәуелсіздігіміздің арқасында даңғыл жолымызбен өрге жылжып келеміз. Шүкір. Елбасымыз талай бұралаң соқпақтардан елін сүріндірмей аман алып шықты. Енді әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстырып отырмыз. Шүкір.
Алайда, Абылай көрген түс…
Бәлкім, Абылайдың түсіне біз кірмеген болармыз…