Мынау киносымақты көргенде "масқара" дегеннен өзге аузыма сөз түспеді (18+)
Қор болдық, қу құлқынның қамы үшін&hellip
Қазақ ықылым заманнан бері ұл-қызын «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиелеп еді.
Ал мынау киносымақты көргенде "масқара" дегеннен өзге аузыма сөз түспеді. Бұл қазақтың «атың шықпаса жер өрте» дегенінің нақ өзі.
Қоғамдық тәртіпті, қоршаған ортаны көзге ілмей ұятты әрекеттер көрсетіп, дарқылдап күліп, бейәдеп сөздерді айтудан да еш қымсынбаған осындай санасыздарға қатаң жаза қолданылмаса оларды тиятын басқа амал жоқ. Бірақ біздің заңдарымыз мұндайларға қатаң жаза қарастырмағаны өкінішті.
Бұлардың қу құлқынын ақша тесуде.
Қандай ақша?
Былапыт сөздермен немесе өз-өзін жалаңаштап, ұлттық құндылықтарды (ұлттық аспап, ұлттық киім, салт-дәстүр) қорлау арқылы «қара пиарды» ушықтырып қоғам назарын өзіне аудартады. Сөйтіп өз сөздерімен айтқанда «хайпануть» етіп, әлеуметтік желіде өзіне миллиондаған көрермен жинайды.
Ютуб арнасында әр көрілім жоғары болған сайын есеп-шотына доллармен ақша түсіп отырады. Инстаграм парақшасына да миллиондаған есерсоқты жаздырып алып, жарнамадан ақша тауып отырады.
Негізі бұндай хайптың жүзеге асуына себепкер болған өзіміз де кінәліміз. Себебі ерсі дүние шыға қалса болды, ол видеоны немесе фотоны жарыса желіге салып, бір-бірімізге таратып жатамыз.
Кезінде Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғының» өзінде осындай былапыт сөйлейтін есерсоқтарды "қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек» деп жаза белгілеген екен. Ол кезде интернет,хайп деген дүние жоқ,ауыл елдің есерсоқ, тентегін тезге салудың бір жолы осындай болыпты.
Жалпы желідегі жарыместік бұған дейін де жазылған, бұдан кейін де жазыла берер.Менің ендігі ұсынысым бұларды орнына қою жолдарына қатысты болмақ.
1-ші, Қылмыстық жауапкершілікті қосу керек.
Елімізде де осындай былапыт сөйлегендерге «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің № 434-ші «Ұсақ бұзақылық» бабына сәйкес жауапкершілік бар.
Бірақ бұл жерде қоғамға кері әсерін тигізетін зардаптың мөлшері көрсетілмеген.
Егер зардаптың мөлшері үлкен болса әсіресе әлеуметтік желі арқылы қасақана таратқандарға ҚР Қылмыстық кодексінің № 131 Бабына толықтырудар енгізіп, қылмыстық жауапкершілікті қосу керек.
Егер қылмыстық жауапкершілік қарастырылса, онда әлеуметтік желілерде мұндай бассыздық болмас еді. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
Себебі, ұлттық қауіпсіздігімізге, болашақ ұрпақ тәрбиесіне өте зиян жағдай.
Бұл заңның қоғамда адамгершілік пен тәрбиелік принциптеріне де қарсы келіп тұр.
2-ші, ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында бала тәрбиесіне жағымсыз ақпарат көздерінің алдын алу үшін интернеттегі зиян­ды ақпараттардан қорғаудың жүйесін құру қажет.
Бұл әдіс балаларды зиянды ақпараттардан қорғауға мүмкіндік береді.
Өйткені Балалардың 80 пайызында әлеуметтік желілерде өздерінің жеке аккаунты бар.
3-ші, ұлт араздық дауға ұшырамас үшін, халқымыз қадірлейтін мәдени мұраларды (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киімдер, ұлттық дәстүрлерге) жариялы түрде мазақтайтын әрекеттерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліке тартуды қосу керек.
Келесіні сіз жалғастырыңыз.
Бүгінгі мәдениетсіз адам, ертеңгі мәдениетсіз елге айналмас үшін тағы не істей аламыз?
ВИДЕО мына сілтемеде
Ерлан Жұрынбаев
Фейсбуктегі парақшасынан