БІЗДІҢ НЕМІСТЕР!
Мынаны қараңыз, Германиядағы біздің немістер шаңқобызды қосып қойып қазақша әнге басып отыр. Жүрегің елжіреп кетеді екен. Қазақ жері мен елін сағынған олардың не жаны жүр десеңізші,ә? Олардың біразы Германияны жерсінбей, қайтып келіпті. Сондай бір отбасы қазір Қарауылда тұрады. Өлім-жітім мен тойдан қалмайды. Тура уақытында келіп қаздиып отырып алатынын қайтерсің? Нағыз неміс!. Бірақ - қазақ. Өйткені, жасаған қылығы мен тіршілігі - бәрі қазақша. Хатымнан қалмай, алақан жайып отырғаны сол. Иманы бетіне шығып тұр. Қазақ емес деуге аузың бармайды. Егер, қазақта рулық, тайпалық жүйе болмаса, әлдеқашан қазақ болып жазылып кетер ме еді? Олардың қазақтығынан қазақ ұтпаса ұтылмайды-ау деймін? Жалпы, рулық жүйе біздің ұлттың тез көбеюіне, өсуіне кәдімгідей тежеу болып отырған сияқты. Республика құрушы ұлт, мемлекет жасақтаушы ұлт басқа ұлт өкілдерін бойына сіңіріп алуға тиіс қой. Тек солай істеген ұлттар ғана тез өсіп, империя шекпенін киді. Сөзі - сөз, істегені - істеген, сесі - қорқыныш, мемлекеті - алып болып отыр. Мына ұлы дейтін көршіміз Ресейдің үш ғасырда империя болып шыға келгені сондықтан. Орал тауының арғы бетіндегі барлық ұсақ ұлттарды шаңсорғышша бойына тартып, шоқындырып ала берді. Енді олардың арғы тегін тауып көр! Іздемейді де ешкім. Өйткені, Ресейде ру сұрамайды. Ұлтыңды сұрайды. Енді біраз жылда әлемді аузымызға қаратамыз дейтін Қытайдың саясаты о бастан осы болған. Сондықтан қазір құжынаған қытайдан жүрексінбейтін ел жоқ. Ата-бабамыздың "көп - қорқытады, терең батырады" деуі де сондықтан емес пе? Ал біз, рулық жүйені ең асылымыз, ерекшелігіміз, мықтылығымыз көреміз, айырылмаймыз. Елу жылдан соң біздің ең үлкен өкінішіміз де, қателігіміз де осы болады-ау деп ойламаймыз да. Ал, ол кезде бәрі кеш болып қалмаса деңіз?
Serik Zhanbolat
Фейсбуктегі парақшасынан