Шаруа қожалықтары радиациялы алқапқа жылқыларын жайып жүр
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Биыл Шығыс Қазақстандағы қыстың қаһары қатты болды. Негізі, осындай табиғи апаттарға қарсы облыстың қауқары қандай деуге болады? Тосыннан келген қиын жағдайлар қаупінен халықты арашалау кезінде көптеген кемшіліктер көзге ұрған болар? Осы өңірдің тумасы ретіндегі ойыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Иә, Шығыс Қазақстан облысында екі айдан бері қыс қаһарына мініп тұр. Аяз 40 градустан түскен жоқ. Боран, оның үстіне қар да мол. Әрине, ең үлкен мәселе жолдағы қарды тазалау мен онда қалып қойған көлік пен адамдарды алып шығу екені белгілі. Бұл жұмыстар уақытында атқарылғанымен, арнайы техникалар жетіспей жатты. Бұл жұрттың түсінбеушілігін де тудырды. Жергілікті әкімшілік пен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлесіп атқарып жатқан шаруасы қанағаттанарлық дәрежеде. Бірақ қаржы жетпей қол байлау қылуда. Көптеген елді мекендердегі көпқабатты үйлерде жылу, су мәселесі ушыққанын білесіздер. Жығылғанға жұдырық деп «Шығысэнерготрейд» электр жарығын шектеп беруге көшті. Бұл да жағдайдың қиындауына түрткі болды. Менің ойымша, мұндай мәселелерге Үкімет тиянақты қарап, қолында бар қаржысымен көмектесуі керек. Сонымен қатар бұрын бір облыста қиыншылық болғанда, екінші облыс көмекке келетін. Неге біздегі жағдайды көріп отырған басқа облыстарға да көмектеспеске?! Қолында техникалары бар облыстар да жоқ емес. Жалғыз Шығыс Қазақстан облысының бұған шамасы жете бермейді. Және жергілікті бюджеттің ақшасы да есептеулі. Сондықтан бұл мәселені ел болып, бірігіп шешсек ұтымды боларына дау жоқ. Мен облыстағы жағдайды халықпен кездесу барысында өз көзіммен көрдім. Және Үкіметке осыған байланысты қосымша қаражат қарастыруды өтініп, сауал да жолдадым.
– Сауалыңызға қашан жауап болады?
– Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, бір ай ішінде жауап берілу керек. Тағы бір айтатын жағдай, ауа райының қолайсыздығына байланысты мектептер сабақ өтуді кейінге ысырды. Тіпті бұған екі айдай уақыт болды. Ал мұғалімдер мен оқушылар осы жағдай туралы да сұрақ қоюда. Себебі 11 сынып оқушыларын бірыңғай ұлттық тестке дайындау қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі Шығыс Қазақстан облысының оқушыларына бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде жеңілдіктер қарастыру керек деп ойлаймын. Себебі олар оқымайын деген жоқ, табиғаттың құбылмалы жағдайы білім ошақтарын осындай қадамға мәжбүр етті.
– Шығыс Қазақстан облысының ел аумағында алатын геосаяси орны айрықша. Кенді өңір екенін айтпағанда, іргесінде алып Қытай елі тиіп тұр. Қазіргі күні ұлт қауіпсіздігіне қалқан болуға лайық, шекарадағы халықтың жайы қалай? Ауылдағы ағайын үлкен қалаларға ауа көшіп жатқан жоқ па?
– Мен Шығыс Қазақстан облысының Семей, Өскемен қалалары мен сегіз ауданында болып, халықпен кездесулер өткіздім. Соның ішінде Қытаймен шекараласы Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Үржар, Мақаншы өңірлерінде болып, шекараның жанындағы елді мекендердегі халықпен ашық кездесулер жасадым. Жалпы жұрттың айтуына қарағанда, бүгінгі күні шекара маңындағы елде тұрақтылық бар. Бұрынғы аудан, облыс орталықтарына кеткендер өз алдына. Енді қалған ауылдарда да әлі де халық көптеп тұрып жатыр. Бірақ сол елдің ендігі уақытта басқа жаққа көшіп кетпеуі үшін халық ауылдардағы ауызсу, мектеп, мәдениет үйі, жол секілді түрлі әлеуметтік мәселелердің шешімін табу, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кәсіпорындар құрып, шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау, инвестиция тарту туралы ой-пікірлерін жеткізді. Шекара маңындағы Мақаншы өңірі бұрын өзі бөлек аудан болған. Кейін Үржарға қосылып кетті. Сол секілді Тарбағатай мен Ақсуат ауданы қосылды, Марқакөл ауданы Күршімге біріктірілді. Міне, осыған орай сол аумақта тұратын халықтың осы мемлекеттік шекара маңындағы аудандарды қайтадан ашуды қарастырса деген тілегі де бар. Бұл іс-шара Елбасының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына» сәйкес қолға алынса құба-құп. Аталған мәселелер менің тарапымнан Үкімет пен жергілікті атқарушы органның атына бірнеше рет айтылған. Қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы кезінде бұрынғы аудандарды қайта қалпына келтіру қиындау болар, бірақ болашақта мұны жіті назарда ұстауымыз керек.
– Себебі ол аудандардың шекара маңында атқаратын орны бөлек дейсіз ғой?
– Әлбетте. Мысалға, Мақаншы ауданын алатын болсақ, ол кезінде Семей облысындағы іргелі де ірі аудандардың бірі болған. Өзі шекара маңындағы, мал мен егін шаруашылығы бірге дамыған, айтулы Алакөлдей көлі бар, көмір де шығатын, Қытаймен екі ортадағы кеден бекеті орналасқан аудан еді. Қазір де Мақаншы ауылы аудан орталығынан еш кем емес. Қалпын сақтап отыр. Ол жердің тұрғындары да – береке-бірлікте отырған, елде жүргізіліп жатқан саясаттың қолдаушысы, үлкен жүректі патриот азаматтар. Бұрынғы Тарбағатай, Марқакөл аудандарына да қатысты осыны айтуға болады. Біз осындай ерекшеліктерді ескере отырып, ұсыныстарды халықтың ыңғайына қарай шешкеніміз жөн. Өйткені шекара маңындағы аудандар мен елді мекендерді қысқарта берсек, халықтың көшуі тоқтамайды. Ол жерлерде ел қалмаса, әрі-беріден соң ұлттық қауіпсіздігімізге әсері тиеді. Ол жердегі жұрт та өз туған жерінде елі үшін еңбек етіп, ұрпағының болашағын сол өңірмен байланыстырып отырғанын ұмытпайық. Сондықтан оларға осы бағытта қолдау көрсету келешекке оң ықпалы бар іс болары анық.
– Шығыстағы шетелден келіп қоныстанып жатқан қандастардың жай-күйі қалай? Орталап қалған елді мекендерге тұрақтап, тиянақты тіршілік көзін таба алуда ма?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, тікелей қолдауымен Қазақстан шетелдегі өз қандастарымыздың отанына қайтуына бар жағдайды жасап жатыр. Былтыр ғана оралмандарға арналған квота саны 20 мыңға жетті. Бірақ өткен жылы соның он бес жарым мыңнан астамы ғана игеріліпті. Болашақта біз осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз керек. Бұл бағытта қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан «Көші-қон туралы» заң жобасының атқарар рөлі зор болмақ. Ал шеттен келген ағайынның біраз бөлігі Шығыс Қазақстан облысына орналасуда. Оларға Үкімет, жергілікті билік тарапынан қажетті жағдайлар қарастырылып жатыр. Құжат рәсімдеу, жер бөлу, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау жасау ретімен шешілуде. Күнделікті, ағымдағы мәселелер де жоқ емес. Меніңше, мұның бәрі өз ыңғайына келетін шаруалар. Шығыс Қазақстан облысындағы көптеген елді мекендердің сақталып қалуына осы ағайындарымыз да ықпал етуде. Мәселен, Зайсан ауданының ауылдарына оралман ағайындарымыз келіп, тіршілік етіп, кәсіп істеп тұрақты өмір сүріп жатыр. Бұл үрдіс Аякөз, Күршім, Тарбағатай, Жарма, Үржар аудандарында да бар. Және де облыстағы Курчатов қаласындағы бұрынғы көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, елге оралған ағайынға беру мәселесі шешілуде. Бұл – «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстың бірі. Болашақта да шетелден келген қандастарымызға тиісінше аяқтан тұруға жағдай жасау – бәріміздің бірігіп істейтін ортақ міндетіміз болмақ.
– Осы облысқа кереге жайып жатқан оралманның орнығу бағытында басқа өңірлермен салыстырғанда ерекшеліктер кезіге ме?
– Бұл жаққа келіп жатқандардың дені – Қытайдан, Моңғолиядан жеткен қандас бауырларымыз. Олар, негізінен, егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Олардың балалары мектепте сапалы білім алып, мемлекеттік білім гранттары бойынша жоғары оқу орындарына түсуде. Бұл – да болса бір жетістік. Шетелден оралған ағайындармен кездесу барысында олар өздеріне көрсетілген қамқорлық үшін Елбасына шын жүректен шыққан алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде. Бүгінгі таңда қандастарымыз тиісті мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
– Өскемен, Семей сынды қалалардағы қазақылықтың әлі құлашын жая алмай жатқаны айтылады? Қаладағы көше, аймақтағы жер-су аттарының да ала-құлалығы тағы бар. Осы бір ұлы өлкенің ұлттық келбеті неге жарқырай алмай тұр деп ойлайсыз?
– Семей өңірі, соның ішінде Семей қаласы руханияттың, мәдениеттің астанасы десек артық емес. Айтылған мәселелер Семейдің өзінде көңіл қуантарлықтай, оң бағытта іске асып жатыр. Ономастикалық комиссия жүйелі іс атқарып, жер-су, көше аттарын рет-ретімен қалпына келтіруде. Қазір Семейде қазақтардың саны 70-80 пайыз. Ал керісінше, Өскемен қаласында қазақтардың үлес салмағы 35-40 пайыз ғана. Сондықтан да бұл мәселелерді шешуді Елбасының жүргізіп отырған саясаты негізінде, халық арасындағы тұрақтылықты, береке-бірлікті сақтай отырып, жүзеге асыруымыз керек. Атаулар мәселесін белгілі тәртіппен, заң көлемінде реттеген дұрыс. Біз тәуелсіз мемлекет болған соң, оның жер-су аттары тарихи атауын қайта алуы заңды екенін бәріне ұғындыруымыз керек.
– Қасиетті шығыс топырағында атом бомбасы сынақтан өткізіліп, полигон жұмыс істегені мәлім. Ғасырға созылар осы қасіретті зардап бүгінгі күні халыққа, анықтай айтқанда, өркендеуге ұмтылып отырған ауыл шаруашылығы саласына нақты қандай әсерін тигізуде?
– Әрине, ядролық полигон дейтін зұлматтың зардабы әлі күнге айықпай келеді. Бұл мәселе халықпен кездесу кезінде де тұрғындар тарапынан жиі айтылады. Адамға ең қымбаты өзінің денсаулығы ғой. Қазір радиацияның әсерінен түрлі ауруға шалдыққан адамдар көп. Бұл енді бұрыннан бар өткір мәселе. Бірақ жерге салынған жара, елге жайылған удың зары мен жыры жуық арада аяқталмайтыны да анық. Полигон зардабына ұшыраған науқастарға дұрыс емдеу ісін ұйымдастыру – да үлкен шаруаның бірі. Алматы мен Астанадағы ғылыми-зерттеу медициналық орталықтарға квота алу да үлкен мәселе болып отыр. Алғанның өзінде де жылдап кезекке тұру деген тағы бар. Шетелге барып емделу де өте шектеулі. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң да бар. Қазір қолданыстағы заңға сәйкес төтенше радиациялық аймақта тұратын азаматтардың жеңілдікпен зейнетке шығуы қарастырылған. Бірақ ол адамдар төтенше радиациялық аймақта 1949-1963 жылдар аралығында ең кем дегенде 10 жыл тұрған болу керек. Сонда ғана зейнеткерлік жеңілдік алады. Ал егер сол жерде екі немесе үш жыл тұрса жеңілдікпен зейнеткерлікке шықпайды. Міне, заңдағы кемшіліктің бірі – осы. Мен бұл туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. 10 жыл деген ұзақ уақыт. Радиацияға адам бір-ақ жылда да шалдығады. Оны жылдап есептеудің қажеті жоқ. Жалпы, Семей ядролық сынақ полигонының аумағында тұратын халық төрт радиациялық аймаққа жіктелген. Сондықтан бұл өңірдегі ел-жұрттың бір ұсынысы – зейнеткерлікке шығатын жасты төмендету керек.
– Ал ауыл шаруашылығы саласына келтіріп отырған кері әсері қаншалық?
– Оны арнайы сараптама арқылы тиісті мекемелер анықтай алады. Дегенмен де Үкімет ауыл шаруашылығына қажетті жерді анықтап беруі керек. Мәселен, Абай ауданы Саржал ауылы төтенше радиациялық аймаққа жатады. Бірақ осы ауылдың шаруа қожалықтары бұрынғы Семей ядролық полигонының жерлеріне жылқыларын жайып жүр. Осыған орай шаруа қожалықтарының басшылары полигон жеріне шаруашылық мақсатқа пайдалану үшін 100 мың гектар жерді бөліп беруді сұрап отыр. Бұл мәселені де қарастыру туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған едім.
– Бұрынғы полигон алқабының мал мен жанға бәлендей қаупі жоқ қой сонда?
– Олардың айтып отырғаны мынау: біз сол жерде 40 жыл бойы полигон сынағы жүріп жатқан кезде де өмір сүрдік. Жылқыларымызды жайғанбыз, қазір де олар сонда жайылып жүр. Ол жылқының қымызын Астана да, мынау Алакөлде демалатын адамдар да, тіпті бүкіл шығысқазақстандықтар да ішіп жатыр. Сондықтан да сол бұрынғы полигон аумағынан жер алып, оны құжатпен заңдастырсақ дейді. Жалпы, халық полигон сынақтарынан зардап шеккен соң, мемлекет тарапынан өздеріне тиісті қолдауларын көргісі келеді. Бірақ та бұл мәселелерді шешу республикалық бюджетке байланысты жүзеге асырылады. Елбасымыз өткен жылы қараша айында халықпен тікелей эфир арқылы жүздесу кезінде осы Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды ары қарай қолдауды жалғастыратынын жеткізген болатын. Мен Абай ауданының халқымен кездесу өткізгенде Елбасының осы шынайы қамқорлығына тұрғындар өз ризашылықтарын айтты. Негізі, бұрынғы полигон аймағында тұратын халықтың көбі мал өсірумен айналысады. Осыған байланысты олардың көтеріп отырған тағы бір ұсынысы: ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін қазіргі талапқа сай құрал-жабдықпен жабдықталған кәсіпорындар мен жүн-тері жинайтын орындар ашылып, кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие берілу қарастырылса дейді.
– Облыстағы жол жағдайына да қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Шыны керек, Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық, облыстық деңгейдегі жолдардың жағдайы сын көтермейді. Мысалы, Семей-Қалбатау, Тарбағатай-Аягөз-Малгелді, Семей-Қайнар, Аягөз-Қарауыл, Ақтоғай кентіне қатынайтын жолдар және т.б аудандардың елді мекендеріне қатынайтын жолдар әбден тозған. Күрделі жөндеу жүргізілмеген. Осы жолдар қайтадан күрделі жөндеуден өткізілсе деген халықтың тілегі бар. Жақсы жаңалық – бұған қаражат та бөліне бастады. Мысалы, Семей-Қалбатау жолын қайта жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр.
– Осы аймақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған халық қалаулысы ретінде шығыс өңірінде шешілмей жатқан өзекті ұлттық мәселе деп нені атар едіңіз?
– Облыстағы ұлтқа қатысты проблеманы айтар болсақ, әрине, алдымен қазақ тілінің жайы бірден ойға оралады. Мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылу аясын әлі де жетілдіруіміз керек. Мемлекеттік тілге деген менсінбеушілік кездесіп қалады. Медицина және басқа да әлеуметтік, әкімшілік сала қызметкерлеріне ісі түсіп, шалғайдан жететін ағайынның алдынан осы мәселе шығып жатады. Мұндай мәселелерді халық кездесулерде де көтереді. Менің ойымша, мемлекеттік қызметте және халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс атқарып отырған азаматтар мемлекеттік тілді жетік білуі керек. Тағы бір айта кетер мәселе, Өскемендегі облыстық Қазақ театры мен Орыс театры бір ғимаратта отыр. Бұл – қанша жылдан бері айтылып келсе де, әлі шешімін таппаған мәселе. Сондықтан да облыстық Қазақ театрына жеке ғимарат салу да қолға алынуы керек. Семей қаласында қазіргі талапқа сай спорт кешені де салынса деген ұсыныстар айтылуда. Сондай-ақ көптеген елді мекендерде мәдениет ошақтары жоқ. Мәдениеті жоқ халықтың болашағы, ұлтына деген сүйіспеншілігі бола ма!? Соған сай, ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері туралы арнайы бағдарлама қабылдап, бұл істі қолға алған жөн болар еді.
– Бұл шаруалар Жол картасы бойынша ретін тапқан жоқ па?
– Иә, «Жол картасы» бойынша әлеуметтік нысандар жөнделіп, қатарға қосылуда. Бірақ жүйелі түрде мәдениет пен спортқа деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Қосымша айтар болсам, облыс халқының басты байлығы – ынтымақ-бірлігі. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының тағы бір ерекшелігі, азаматтар әрқашан ойындағысын ашық айтуға тырысады. Кемшілікті көріп тұрса, оны айтпай кете алмайды. Қордаланып қалған мәселені міндетті түрде көтереді. Осыны біз ескеруіміз керек. Мен әр кездесуімде халыққа ойларын айтуға толық мүмкіншілік беремін. Бұл бағыта «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясына халықтың сенімі артып келе жатқанын да айта кетейік. Елді аралап, көптеген мәселелерді шешуге атсалысып жүрген де осы партияның өкілдері. Халық «Нұр Отан» партиясына да көптеген өтініштерімен келіп, мәселелерінің шешілуіне, түсініктеме алуларына қол жеткізуде. Сондықтан да халық пен биліктің тығыз байланысын арттыра беруіміз керек. Айтылған сыннан қорытынды шығара білуіміз керек.
Алашқа айтар датым...
Мен экономист ретінде республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаржылар қатаң бақылауға алынса деймін. Осы мемлекеттің ақшасын алақанында ұстап отырған тиісті мекеме қызметкерлеріне айтарым, әр теңгенің үнемді және заңмен белгіленген мақсатта жұмсауда өздеріне қатаң талап қойса екен. Қазіргі республикалық бюджет Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды рет-ретімен шешуге жетеді. Бірақ оны дұрыс, мақсатына сай пайдаға жарата білу қажет. Біз ұлттық холдингтер мен акционерлік қоғамдар ашып, жарғылық капиталын арттыруға мемлекеттің қаражатын бөліп жатырмыз. Солардың бәрі қайда кетіп жатыр?! Егер де осы құзырлы орган және мекеме қызметкерлері бюджеттің, дұрысын айтқанда халықтың қаржысын жұмсауда адалдық пен патриоттық ұстаным мен мемлекеттік көзқарас танытса, біздегі жемқорлық азайып, халықтың биліктегі шенеуніктерге деген сенімі арта түсер еді.