Пирамида пішінді мешіт
Соңғы кездері Оңтүстікте мешіттер саны күн санап көбейіп келеді. Таяуда Шымкенттегі Гагарин және Ленинград көшелерінің қиылысында пирамида пішінді ерекше мешіт пайда болды. Қасындағы азан шақыру мұнарасының көрінісі көкке өрлеген зымыранды көз алдыңа елестетеді. Мұндай жобаны дүниеге келтіргендер, олар – шымкенттік Дәуренбек Ахметов пен оның досы Амангелді Бердаш.
Мешіттің іші кең әрі таза. Жамағат жиналып намаз оқығанда дыбыс күшейткішті керек етпей-ақ, дауыстар жаңғырып шығады екен. Ішке жарық төбеге орнатылған пластикалық терезелерден түседі. Қасында жас балаларды оқытатын медресенің де құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалыпты. Сол жерде жұмыс істеп жүрген бірнеше жігіт мешіт таяуда пайдалануға берілетіндігін айтады. Осы төңіректегі ауыл тұрғындарының жаңа мешіт жөнінде пікірлері мынадай.
Айымкүл ТҰРСЫНБЕКҚЫЗЫ:
– Бұл мешітті Құрбан айт күні ашылады деп күтіп едік, сәл кешігіп қалды. Енді наурызға ашылады дегенді естіп қуанып жүрміз. Ауылда мешіттің көп болғаны жақсы. Жастар уақыттарын босқа өткізбей, имандылық жолына түседі. Бұл үшін Дәуренбек бауырымызға мың алғыс. Мешіт оңтүстіктің мақтанышы болатынына сенімдіміз.
Бегалы Орманов:
– Біз мешіттің ашылуын асыға күтіп жүрміз. Бұрын мешітке өте сирек баратынмын. Енді үйдің қасындағы мынадай керемет мешітке бармасам, тіпті ұят шығар. Сондықтан мешіт ашылса, намазды қаза қылмауға дайындалып жүрмін. Егер осы жерден тойхана немесе үлкен сауда үйін ашса, не істер едік? Жеке өзінің пайдасын емес, халықтың қамын ойлаған осындай азаматтар көбейе берсін деп тілеймін.
Расында да, қалталы азаматтар тойхана мен зәулім сауда үйлерін сала бергенше, осындай халықтың игілігіне жарайтын тірліктер жасап жатса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!