Журналистер құқығын қорғаумен тағы бір ұйым айналысатын болды
Қазақстан қылмыснама қауымдастығының өз жұмысын бастағанына биыл он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ол сыртқы елдердің қаржыландыруымен түрлі шаралар өткізіп келеді. Кеше Алматыда өткен баспасөз отырысында ұйымның атқарушы директоры Инна Буянкина енді журналистер құқығын қорғау мәселесімен айналысатынын мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде журналистер құқығының аяққа тапталуына «БАҚ туралы» заңның әлсіздігі себеп болуда. Бұлай айтудың себебі, қазақстандық «БАҚ туралы» заңға баспасөз өкілдері қарсы, олардың наразылығы күннен-күнге күшейіп барады. 1999 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заң осы уақытқа дейін талай өзгерістерге ұшырап, талай түзетулерді бастан өткерді. Енді бұл олқылықтың орнын толтырудың уақыты жетті. Бірақ бір өкініштісі, ұйымның журналистерді қорғайтын не бағдарламасы, не жұмыс жоспары жоқ. Оның кімге арқа сүйейтіні, кіммен жұмыс істейтіні де беймәлім. Бір анығы, ұйымды Еуропалық одақ қаржыландырады. «Біз Қазақстанның «БАҚ туралы» заңын еуропалық стандарттарға жақындатуды мақсат тұтамыз», – дейді Инна Буянкина. Бұл қандай стандарт екені бізге анық айтылмады. Қауымдастықтың құрамында бүгінде тек заңгерлер ғана жұмыс істейді екен. «Ұлттық заң және БАҚ туралы халықаралық стандарттар» атты жаңа жоба екі жылға жоспарланып отыр.