Қазақ кемелденген ұлт ретінде өзіне-өзі күле алатын дәрежеге жетті ме?
Әзіл-қалжың, қағытпа әжуа мен ойлы күлкі – қазақтың бай рухани қазынасының бір арнасы. Бірақ қоғам үшін қажетті делінетін күле білу өнері көбіне сол әлеуметтік қатынастардың шеңберінде теперіш көріп, тасада қалып қоятын секілді. Бұған ең әуелі өзгені емес, өз мінімізді өзіміз бірінші болып мойындап, жар салудан қысылатынымыз себеп. Ұлттық болмысымыз айқын, іргеміз берік ел болсақ та, кем-кетігімізді, ащы шындығымызды әзіл-сықақпен айтуды орынсыз істей көреміз. Өзімізге өзіміз күле білетін дәрежеге жетіп, бірақ мұны ашық көрсете алмай келеміз бе әлде қоғамның кемелденбеуі себепті мұндай жариялылықтың ауылы әлі алыс па?
Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА, академик, өнертану профессоры:
Иә
– Төменгі деңгейде болса да, халқымыз өзіне-өзі күле біледі. Қазір халық өз басына түскен түрлі тауқымет – дағдарыс, табыстың қамы, ақша, несие, кім бай, кім кедей деген мәселенің әсерінен шаршаңқырап тұр ғой. Әйтпесе күлкіні нағыз дұрыс қабылдайтын халық – біз, Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала, Жиренше бар, күлкінің атасын көрсеткен қазақ емеспіз бе?! Сондықтан «қазақ күлкіні дұрыс қабылдай білмейді» дегенге мен сенбеймін. Қазақтың өзінің «Әзілің жарасса, атаңмен ойна!» деген аталы сөзі бар. Күлкі, әжуа, қалжың, әзіл-оспақ жағы бізде жақсы дамыған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін аталарымыз әзіл-қалжыңмен шешіп тастап отырған ғой. Халқымыздағы шешендік деген де – осы. Шешендік кілең қайғылы сөзден басталмаған, сонымен бірге осындай әзіл-оспақпен де айтылған.
Мысалы, Төле би, Әйтеке би аталарымыздың түйінді сөздерінде терең қалжыңдар жатқан жоқ па? Қыздар мен жігіттер қалай тамаша айтысқан?! Бірнеше жыл дүркіреп өтіп тұрған ақындар айтысында айтыскерлер әзіл-оспақпен бірін-бірі мінеп-шенеп, кемшіліктерін айтып, күлкіге қарық қылып тастап жатты. Біз – күле білетін халықпыз. Бірақ әлі де болса күлкінің деңгейін көтеретін, оның түрлерін дамытатын өнер мектептерін ашуымыз қажет екені рас. Өнер саласында арнайы сатира, әзіл-сықақ бөлімдерін ашу керек. Бізде қаншама талантты әртістер бар?! Тұңғышбай, Құдайберген, марқұм Тоқсын мен Уайс, Лидия, Қадірбек, Бауыржан, Гүлжан, Асқар Наймантаев, Шынар Жанысбекова, Данагүл, Гүлбаушан және тағы басқа шәкірттеріміздің өнері мен еңбегін қайда қоямыз?! Біз ұстазы болғаннан кейін оларға әлі күнге дейін сын көзбен қарап, қатал ескертпелерімізді айтып отырамыз. Олардың өнерлерінің ішінде де ұтымды нәрселер бар емес пе?! Қаншама халық солардың еңбегі арқылы күлкіге суарылды. Сатирамызда жетілу, ізденіс бар. Бірақ әрине, өз мінін өзі байқап, өз кемшілігін ашық түрде мойындау жағы бізге қарағанда орыстарда жақсы дамыған. Енді біз де осы өнерді жаңашылдықпен дамыту жағын қарастыруымыз керек. Мәселен, абдырап қалған қарттардың жайын, қыздың өз орнында қыз екенін, келіннің өз орнында келін екенін танытатын жайттарды аршып, әжуалап жеткізу жағы дөрекілеу бізде. Біздің халықты да әзілді түсіне білуге әлі де болса тәрбиелей түсуіміз қажет. Көрерменнің талғамы мен театрдың көркемдік деңгейі үйлеспей жатады. Сол себепті халықты сындардан өткізіп, жаңа арнаға салса, олардың талғамы да жетіледі.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Халықтың өзіне-өзі күлетін дәрежеге жетуі деген – жетілген, дамыған ақыл-естен болады. Өзіне-өзі күле білмеген адам өзгенің де кемшілігін көре алмайды. Кеңес өкіметі кезінде «Анекдот как проявление свободомыслия» деген диссертация қорғалған. Неліктен? Себебі сталиндік кезеңдегі әкімшіл-әміршіл режимде анекдот айту мүмкін болмады. Саяси анекдот айтсаң, сотталасың, басқа анекдот айтсаң, тағы бірдеңе. Ендеше, «күлкі адам өмірін ұзартады» деген бар ғой, бұл – басқа әңгіме, ең әуелі, күле білудің өзі – кем-кетігіңді көре білу, әртүрлі әлеуметтік, саяси, экономикалық, рухани жағдайлардағы келеңсіздіктерге, кемшіліктерге іштей жылай отырып, соны сыртқа күлкі түрінде шығару. Жасыратыны жоқ, тоталитарлық қоғамда болсын, қазіргі біздің қоғамда болсын, көп жағдайда біз бірыңғай көзқараспен кетіп қаламыз.
Бастықты мақтау, өзіңнен жоғарыны мақтау, сол сатымен ары қарай кете береміз. Ал қандай кезең болмасын, кемшілікті күлкі арқылы айту адамның ақылдылығын, біліктілігін, шеберлігін қажет етеді. Міне, өзімізге-өзіміз күлетін деңгейге жетпедік деп тұрғаным – біз осыны әлі келістіре, үйлестіре алмай жүрміз. Өзімізге күле білмей, бірыңғай мақтай беруден арылудың жолы – ашықтық пен шынайылық. Қоғамда бірыңғай идеология қалыптаспауы керек. Бірақ біз әлі содан арыла алмай жүргеніміз шындық. Күле білудің тағы бір жолы – адам өзіне-өзі сенімді болуы керек. Кемелденген, өзінше жетілген адамдар жалтақ болмай, қорқақ, екіжүзді болмай, өтірік айтпай, қоғамның тәрбиесімен айналысуы қажет. Әр адамға осыны атқаруға мүмкіндік берілуі қажет. Үстіңде киімің, үйің, жағдайың, жұмысың мен жалақың болуы керек. Сол сияқты біреу әзіл-сықақ айтса, оған өкпелеу, ренжу, сын айту да абсолютті түрде дұрыс емес. Жақында «Ана тілі» газетінде ақын Есенбай Дүйсенбайұлының «Ғұлама» деген сықақ өлеңі жарық көрді. Тамаша жазылған. Онда ақын-ғұламалар туралы айта келіп, «Ғұлама болды бүгінде ибн Сейіт Қасқабас» дейді немесе «Бастыққа қойып көпшікті, Жолдасбеков Мырзатай ол да ғұлама боп шықты» деген жолдар бар. Сөйтіп, бүкіл ғалымдардың аузын айға қаратып жіберді. Мұндай сықақ жазу – өте дұрыс және оны дұрыс қабылдау керек. Кеңес өкіметі кезінде «дружеский шарж» деген болды ғой, сол сияқты. Бұған аты аталған ағаларымыз шамданбауы қажет. Сонымен бірге, әрине, әзіл-оспақ өлеңдердің де адамның арына, жеті атасына тимейтін, мәдениетті түрде болғаны жөн.
Төрелік
Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы, профессор:
– «Қазақ өзіне-өзі күле білетін деңгейге жеткен жоқ» деген пікір дұрыс шығар. Қазақтың әзіл-қалжыңы әлі де болса терең емес. Күлдіріп отырып жылата алмайды, жылатып отырып күлдіре алмайды. Еврейлер «біз анекдотты өмірдің қиындығынан, басымызға іс түскенде шығарамыз» дейді. Олардың айтуынша, еврейлер өздерін-өздері аямай сынайды. Өз кемшілігін айтып тұрған кезде, басқа ұлттардың еврейлерді сынауға тіпті мүмкіншілігі болмай қалады екен. «Біз өзімізді-өзіміз аямай сынағандықтан, күшті ұлт болып отырмыз, басқаға өзімізді сынатпаймыз» дейді. Міне, ал біздің қалжыңымыз жеңіл-желпі. Әрине, әзілден айырмасын, бірақ ол қазақтың өзін жылатқандай дана қалжың болса екен деймін.