«Жұлдыздар отбасында» менен бастап бәріміз әнмен «ауырамыз»

«Жұлдыздар отбасында» менен бастап бәріміз әнмен «ауырамыз»

Жарылқап Қалыбай, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы:

– Жарылқап аға, бүгінде өзіңіз басшылық ететін «Жұлдыздар отбасы» журналының таралымы 73 мыңнан асып, аз ғана уақытта азды-көпті асуларды бағындырған екенсіздер. Оқырмандарыңыз көбейе түссін!

– Рахмет!

– Ең алдымен, әңгімемізді жекеменшік басылымдар ашудағы мақсатыңыздан, идеяңыздан бастасақ. Қазіргі нарықтық қоғамда жекеменшік газет немесе журнал аша салу оңай болғанымен, оны алып жүру, оқырманның сүйікті басылымына айналдыру қиынның қиыны екені анық. Басшыдан ыждаһаттылықты, маңдай терді, жан-жақты білімді талап ететін әрі халық алдында жауапкершілік жүктейтін істі қолға алуыңыздың басты себебі неде?

– Мен кеңес заманында, яғни 1988-1991 жылдары қазақшасы «Арай», орысшасы «Заря» деп аталатын қосарланған жастар басылымында жұмыс істедім. Бұл республикалық жастар журналы болатын. Сол тұста жаңадан ашылған қазақша журналдың таралымын 370 мыңға жеткіздік. Әшірбек Көпішев бастаған ұжымда белгілі саясаткер-журналистер: Алтынбек Сәрсенбаев, Сейдахмет Құттықадам; аудармашы-журналист Ақас Тәжутов; белгілі ақындар: Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетов, Гүлнәр Салықбаева, Әубәкір Смайылов сынды қазақ баспасөзінің жанашырларынан құрылған шығармашылық топ аянбай еңбек еткен еді. «Арай» секілді журналдың жұдырықтай жұмылған ұжымында қызмет етіп көргеннен кейін осыған ұқсас журнал жасағым келді.

– Сонда сіз басылымдарыңызды қоғам қажеттілігін өтеу үшін шығардыңыз ғой...

– Егер мен жекебасымның пайдасы үшін жұмыс істесем, басқа табысты кәсіппен айналысар едім. Оған менің қабілетім де, білімім де жетеді. Дегенмен мен өзімнің жаныма жақын, қоғамға қажет деген дүниені таңдадым. Осыдан он жылдай бұрын, яғни қос ғасырдың тоғысында басылым беттерінде жыныстық мәселелерді жиі қозғау белең алды. Мұндай басылымдардың таралымы тіпті көбейіп кетті. Бірақ біз ақша табу үшін ондай арсыздыққа барған жоқпыз. Бұрын қозғала бермейтін тақырыптың ашық жазылғанын оқып көрмеген халық кім арсыз дүниелер жазса, соған қызықты. Одан кейін бұл әсіреқызыл ағымның заманы өткен соң, жаппай «сканворд» газеттер қаптап кетті. Сол уақытта біз де газеттеріміздің әр нөмірінің соңғы бетіне ермектеме беріп тұратынбыз. Өйткені ол кезде де жекеменшік басылымдарға Үкімет қараспайтын, өз күніңді өзің көруің керек. Сондықтан біз халыққа не өтімді екенін зерттеп, оны дәл сол қоғам деңгейіне сай етіп беріп тұруға, түрлі жанрларды қамтуға тырысатынбыз. «Журналист – қоғам өмірінің тамыршысы» деп бекер айтылмайды.

– «Жұлдыздар отбасын» газеттен журнал форматына өзгертуіңізге не себеп болды?

– 1995 жылдан бастап 2005 жылдарға дейін халық қоғамдағы ірі өзгерістерге, жаңа жүйеге, нарықтық қатынастарға бейімделе қоймаған өтпелі өліара шақта қазақ басылымдары да күрделі кезеңдерді бастан кешті. Халықтың басылымдарды сатып алу мүмкіндігі өте төмен болатын. Сондықтан ол кезде журнал ашпақ түгіл, айына бір-екі рет шығатын төрт газетті әрең алып жүрдік. Ал 2005 жылдан кейін халықтың тұрмысы біршама жақсара бастады. Алайда қазір қарап отырсақ, сол кезде шетелдік банктердегі ақшаны халыққа несиеге беріп, бәрімізді уақытша қарқ қылған екен ғой. Халықтың қолына 5-10 теңге ақша түскен соң, қымбатшылыққа  ұрындық. Осы кезде газетімізді журналға айналдыратын кез келгенін түсіндім. Сонымен алғашында түрлі-түсті бояумен шыққан «Жұлдыздар отбасы» газетін 2007 жылдың басында журнал форматына ауыстырдым. Бірақ стилі, жанры, бағыты өзгерген жоқ. Журнал ретінде шыға бастағаннан кейін басылымның таралымы бірден артып шыға келді. Демек, сұраныс бар екен. Бүгінде сапалысы бар, сапасызы бар, журналдар көбейді ғой.

– Қазіргі таңда қазақ басылымдарының, соның ішінде жекеменшік басылымдардың арасында «Жұлдыздар отбасы» журналының таралым жағынан да, танымалдық жағынан да бір қадам алда болуының себебі неде дер едіңіз?

– Бүгінгі жетістігіміз ұзақ жылғы еңбектің, ізденістің, тәжірибенің жемісі ғой деп ойлаймын. Баспасөз қашан да, қай елде де биліктің, қалталы адамдардың қаржысына тәуелді. Ал біз қаржылық мүмкіндігіміздің аздығына қарамастан, өздігімізбен халықтың қажетіне жарайтын дүние жасауға тырыстық. «Жұлдыздар отбасы» – отбасылық журнал емес, отбасының барлық мүшелеріне арналған журнал. Әрбір қазақ отбасында кемінде үш ұрпақ бар. Біріншісі – атасы мен әжесі, екіншісі – әкесі мен анасы, үшіншісі – балалары. Міне, осы үш буын өкілдерінің қызығушылығын бір журналда тоғыстыруға тырыстық.

– Басылым беттеріне қайта-қайта жазып, біреуді «жұлдыз» етіп шығару бізге қаншалықты керек? Кейбір шетелдік басылым беттеріне шығудан өзін «жұлдызбын» деп есептейтін адамдар тіпті жүрексінеді екен. Өзі туралы артық дүние немесе сыни пікір жазып қояды дейтін болса керек. Ал кейбір басылым беттеріне шығу – «жұлдыздар» үшін арман. Бұл басылым беделінің биіктігі десе болғандай...

– «Жұлдыздар отбасына» шығуға өте мүдделі, тіпті журнал бетінен өзін көру үшін бізге ақша ұсынатын адамдар да бар. Біз журналымызға жай ғана танымал емес, тұлға ретінде танылған адамдар туралы жазамыз. «Единица болмаса, не істейді өңкей нөл?», – дейді Абай. Абайдың «единица» деп отырғаны – интеллектуалдық деңгейлері өте жоғары, халықтың басы, миы болып табылатын әр салада жүрген ерекше тұлғалар. Біздікі сол тұлғалардың өмірін, қызметін халыққа үлгі ретінде танытсақ, қазақтың бетін қазаққа бұрсақ деген мақсат қана. Өзімізде небір тұлғалар бола тұра, орыстың Алла Пугачевасына, француздың Бальзагына, американың Щварценеггеріне табынып өскен ұрпақпыз – біз. Бүгінде арамызда қаншама алаштың ардақты азаматтары, зиялыларымыз, өнер өкілдері жүр. Оларды көзі тірісінде бағалауымыз керек. Күні кеше Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов, Әзілхан Нұршайықов, Мәмбет Қойгелді сынды аға-апаларымыз біздің журналымыздың кейіпкері болды. Біз басқа елдің тұлғаларына бәсекелес, деңгейлес тұлғаларымызды насихаттауымыз керек.

– Байқап отырсам, «Жұлдыздар отбасы» журналындағы материалдардың дені сұхбат жанрында жазылады екен. Коммерциялық басылымдардың ішіндегі белді журнал ретінде неге сыни, сараптамалық материалдар жиі жариялап тұрмасқа?

– Неге жеңіл жанрды таңдадыңыз дегіңіз келіп отыр ғой. Мен о баста-ақ сұхбат жанрын таңдауымның себебі таза сұхбат басылымын ашып, осы жанрды байыта түскім келді. Өйткені менің қаржылық мүмкіндігім осы жанрды таңдауға мәжбүрледі. Егер маған, шындығында, керемет жағдай жасалса, мен тіпті таза ғылыми академиялық стильдегі журнал шығарар едім. Ал мен жалпы халыққа арналған басылым жасадым. Көпшіліктің ішінде жоғары, орта деңгейлі оқырман, жастар, балалар бар. Басылым осылардың бәріне ортақ болуы тиіс. Жеңіл жанрдан бастауымның тағы бір себебі – осы. Бірте-бірте салмақтата беруге болады деп ойлаймын. Жалпы, таралым – сол басылымның бағасын анықтайтын бірден-бір критерий емес. Кейбір басылым екі-ақ мың дана бола тұра, қоғамдағы ең қажетті, түбегейлі мәселелерді зерттеп жазуы мүмкін. Бірақ мұндай басылымдарды тек жоғары деңгейлі оқырмандар ғана оқи алады, жай халық күрделі дүниені түсіне бермейді. Сондай-ақ әлемдік баспасөзде негізгі табыс көзі – жарнама, екінші – таралым. Мен журналдың таралымын көбейтуге күш салдым. Егер ешқандай қаржылық проблема болмаса, сапаға жұмыс істер едім. Кез келген басылым дамуы үшін ол халық ойының алдында жүруі керек.  Жоғарыда айттым, былтырдан бері Үкіметтен қаржылық көмек жасалып жүр.

– Өзіңіз айтқандай, соңғы жылдары түрлі-түсті журнал ашушылар, яғни бәсекелестеріңіз көбейді. Әрі мұндай журналдардың көбі қалалық жерлерде. Сіздер осы басылымдарыңыз ашылғалы халық арасында сауалнама жүргізіп, негізгі оқырмандарыңыздың қай буын екенін анықтап көрдіңіздер ме? Журналдарыңыз ауыл оқырмандарына жете ме?

– Тек «Жұлдыздар отбасының» ғана емес, жалпы, қазақ баспасөзінің оқырманы – ауыл адамдары, одан кейін кеше ғана ауылдан қалаға келгендер. Қазіргі қаладағы адамдардың бәрі өмір бойы қалада тұрғандар емес, ауылдан шыққандар. Қазақтың қалаға орналасуының өзі кеше, 30-40-жылдары, басталған дүние ғой. Ағылшындарда «интеллигент» деген ұғым үш атасынан бері қалада тұрып келе жатқандарға қатысты айтылады екен. Ондайлар бізде некен-саяқ. Ал үш атасынан бері қалада тұрып келе жатқандардың аты ғана қазақ, заттары – орыс. Олардың болашақта қазақыланатыны күмән туғызады. Қалалық қазақтар – өзінше бір төртінші жүз. Олардың өз журналдары бар. Мұндай журналдарына олар тек өздері араласатын шағын топтың адамдарын, бір-бірінің келіншектерін, балаларын шығарады. Басқаша айтқанда, қалалық балалардың «тусовкасының» басылымы деуге болады. Мұндай басылымдардың таралымы аз, бірақ оларда байланыс бар, ақша да осылардың қолында. Ал қазақ басылымын өткізу соншалықты қиын. Өйткені бір отбасы бір ғана дана журнал сатып алады. Бізде «сен жақсы журнал шығарып жатыр екенсің» деп үйіп-төгіп жарнама немесе ақша беретін демеуші жоқ.

– Әлемді дағдарыс жалыны шарпыған кезеңде сіз бұрын айына бір рет шыққан журналыңызды ай сайын екі рет шығарып отырсыз. Демек, жағдай жаман емес секілді. Қол астыңызда қызмет ететін жас журналистерге қандай жағдай жасап отырсыз? Жалақы, қаламақы дегендей?...

– Осы уақытқа дейін небір қиын кезеңдер артта қалды. Егер қазіргі кезеңді біртұтас алып қарайтын болсақ, нарықтың талабына төтеп беретін үздіктер іріктеліп қалады. Ал журналистердің материалдық жағдайы туралы айтар болсам, журналист алаңсыз жұмыс істеуі үшін оның баспанасы болуы керек. Біздің журналистердің 95 пайызында баспана жоқ, пәтер жалдап тұрады. Мен де пәтер жалдап тұратындардың бірімін. Бар ақшамды басылымға салдым. Егер біздің журналистеріміздің 50 пайызы үйлі-күйлі болса, журналдың сапасы да тағы 50 пайызға арта түсер еді.

– Биыл сіздер «Жыл әні – 2009» атты үлкен концерт ұйымдастырдыңыздар. «Тура Жаңа жыл қарсаңында орыстың «Песня года» концерті секілді жобаның қажеті не?» дегендей пікірлер де жоқ емес. Өзіңіз бұған не айтар едіңіз?

– Өздеріңізге белгілі, біздің журнал өнер адамдарын, ән өнерін өте көп насихаттайды. «Жұлдыздар отбасы» редакциясында менен бастап, бәріміз әнмен «ауырамыз». Қаншама тың есімдердің шығуына, өнерлі жастардың халыққа танылуына себепкер болдық. Біздің бар мақсатымыз – халыққа сапалы концерттер ұсыну. Осыдан үш жыл бұрын дүниеге келген «Ең үздік махаббат әндері» деген музыкалық жобамызды халық жылда асыға күтеді. «Песня года» Ресейде бар екен деп біз өз «Жыл әнімізді» ұйымдастырмауымыз керек пе? Бұл жобаны орыстар да басқа елден алған болар. Онда тұрған не бар? Есесіне, төл жаңа жылымыз – Наурыз мерекесі қарсаңында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты тағы бір ұлттық ән-думан мерекесін, яғни өзімнің тағы бір авторлық жеке жобамды халыққа тарту етпекпін. Бұл – ақша табу үшін жасалатын кезекті  комерциялық   жоба емес, имидж деңгейіндегі жоба. Сондықтан өнер иелері де еш қарсылық білдірместен, ұйымдастырған жобаларымызға келіп бір ән салып береді.

Алашқа айтар датым...
– Кезінде орыс өнері мен ғылымын, тілін насихаттаған Абай атамыздың өзі егер қазір тіріліп келіп, арамызда жүретін болса: «Ей қазақ, қазақ тіліне бұрыл, әйтпесе ұлт болмайсың, ел болмайсың», – дер еді. Қазіргі таңда біздің елдегі басым тіл – орыс тілі. Қазақ тілінің жағдайы жылдан-жылға мүшкіл болып барады. Саясат та, мәдениет те, бизнес те, ғылым да орыс тілінде сайрайды. Біздің елден басқа ешқандай мемлекет өз тілінен басқа елдің тілін насихаттамайды. Сонда солар ақымақ та, біз ғана ақылдымыз ба? Мемлекетіміз күшті, қуатты ел болуы үшін біз де біртұтас біртілді ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Қазақ тілін ғылым мен техника, саясат пен бизнес тіліне көшіруге тырысайық. Сонда ғана қазақ басылымдарының таралымы 73 мың ғана емес, 730 мың дана болады. Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл болуына әрқайсысымыз өз орнымызда отырып-ақ атсалысайық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста