Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ сұрақтарының әлеуметтік желіде тарап кеткеніне қатысты пікір білдірді
10 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желіде ҰБТ сұрақтарының тарап кетуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер ҰБТ-ның сұрақтары мен пәндер бойынша толық деректер базасы түрлі мессенджерде ашық жарияланатынын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мұндай неліктен болып жатқанын және ҰБТ сұрақтарын кім "таратып жіберетінін" сұрады.
"Биыл ҰБТ кезінде талапкерлердің смартфон көтеріп, мессенджер арқылы сұрақтарын жариялау фактілері тіркелді. Бұл сұрақтар базадан алынып тасталды. Тиісінше, бұл талапкерлердің де нәтижелері жойылды", - деп жауап берді Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Telegram желісінде "Сливы" деп аталатын жеке каналлар бар екенін де атап өтті.
"Бұл - талапкерлер арасында өте кең тараған термин. Биыл олар бойынша көп жұмыс істелді. Нақты көз жүгіртсеңіз, нәтижесі бар. Бірақ кейбір каналдар аудитория жинау үшін ҰБТ сынақ сұрақтарын немесе ҰБТ-ға қатысы жоқ сұрақтарды жариялайды. Біз осы каналдар бойынша жұмыс істедік. Сонымен бірге 70 мыңға дейін жазылушысы бар қаналдар да болды. Біз оларды да анықтап, оларды осы мәселелермен айналысатын құқық қорғау органдарына тапсырдық", - деді Руслан Емелбаев.
Руслан Емелбаев негізгі ҰБТ-ны өткізуге 30 мыңнан астам сұрақ қолданылғанын, олардың қайталанбағанын атап өтті. Сонымен қатар аудиториядан тестілеу материалдарын алып, таратуға тыйым салынғанын еске салды.
"Осы сұрақтарды жариялаған немесе шынайы сұрақтармен жаңылыстырған кейбір каналдар жабылды. Ал кейбірі қателесіп жариялаған материалдарды толығымен өшіріп тастады. Қанша сұрақтың алынып тасталғанын нақты айта алмаймын. Сұрақтарды фотоға түсіріп, достарына жеткізген талапкерлердің нәтижесі де жойылды", - деп түйіндеді сөзін Руслан Емелбаев.