Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу жоспары жүзеге асты ма

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Қазақстаннан Германияға мұнай экспорттау келіссөздеріне қатысты пікір білдірді , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ақпан айында Қазақстаннан Германияға 20 мың тонна мұнай жеткізу жоспарына қатысты сұрақ қойылды.
«Тиісті кесте бойынша ақпан айында аталған көлемдегі мұнайды жеткізу ескерілген. Қазіргі кезде мұнайды жеткізетіндер мен сатып алушылар арасында келіссөз жүріп жатыр. Осы орайда тендер жарияланды. Бұл бағытта қандай да бір техникалық шектеулер жоқ. Әзірге, 20 мың тонна жөнелтілмеді. Дегенмен осыған қатысты елеулі кедергілер байқалмады», - деді Асхат Хасенов.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Германия Федеративті Республикасына 300 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдайтыны туралы айтылған еді.
Қазақстан Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай алады.





