Жеке үй салынатын 50 мыңнан астам жер теліміне инженерлік-коммуникациялық желілер тартылмақ
Биыл Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған 50 мыңнан астам жер теліміне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 375 жоба жүзеге асырылмақ.
Аталған жоба болашақта тұрғын үй құрылысын жүргізуге бағытталған. Ол үшін қазынадан 119 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 54 млрд теңгені құрайтын 180 жоба жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған 50 257 жер теліміне коммуникациялық желілер жүргізуге арналған жобалар санатында.
Бүгінде осы тарапта Қостанай облысында 12 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – қаладағы жеке тұрғын үй салуға арналған 1 252 жер теліміне қажетті желілер жүргізуді қамтамасыз етуге арналған», – деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.
Оның айтуынша, Арқалық қаласындағы 7-шағын аудандағы 172 жер телімінде коммуникациялық желілер құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталуы керек.
Ал, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімдері арнайы кезекпен беріледі.
Жалпы алғанда, 2022 жылы Қостанай облысында 475 шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 175 мың шаршы метрі жеке үй құрылысына тиесілі.
Сонымен қатар, вице-министр жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған алаңдарды тиісті желілермен қамту жұмыстары еліміздің өзге де қалаларында іске асыру көзделіп отырғандығын жеткізді.
Ал, ауылдық елді мекен аумағында орналасқан жер телімдерін коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету әзірге қарастырылмаған.