Жасанды азық-түлік ұрпақ денсаулығына зиян
Кеше Алматыдағы республикалық санитарлық- эпидемиологиялық стансада генетикалық модификацияланған тағам түрлерін зерттеу мәселелеріне арналған екікүндік семинар басталды. Жиын барысында генетикалық түрлендірілген өнімнің пайдасы мен зиянды жақтары айтылып, туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылады. Оған еліміздің барлық аймағынан арнайы мамандар қатысуда.
Жыл өткен сайын әлемнің барлық елдерінде генетикалық түрлендірілген, яғни құрамы жасанды жолмен өзгертілген азық-түлік өнімдері кең тарап келеді. Өнім құрамын өзгерту, негізінен, ауыл шаруашылығы ғылымында астық шығымдылығын жақсарту мақсатында қолданылады. Мұндай азық-түліктер жөнінде ғалымдардың пікірі сан алуан. Бірқатар шетелдік зерттеушілер «бұл тағам тапшылығынан құтқару үшін қажет» десе, мамандардың енді бір тобы оның адам денсаулығына қаупі барын алға тартады. Соңғыларының айтуынша, құрамы жасанды жолмен өзгертілген өнімді тұтыну, ең әуелі, өмірге кемтар ұрпақтың келуіне әкеп соғады.
Республикалық санитарлық эпидемиологиялық стансыға қарасты бактериологиялық зертхана меңгерушісі Алма Сапабекқызының айтуынша, бұл тақырып елімізде әлі толық зерттелмегендіктен, мұндай өнімдердің зияны мен пайдасы жөнінде нақты шешім айту қиын. Аталмыш мекеме шетелдерден әкелінетін тұтыну тауарларына, оның ішінде ет, сүт, жүгері мен соя өнімдеріне тексеру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. «Елімізге бүгінге дейін жеткізілген тұтыну өнімдерінің құрамынан генетикалық өзгерістер анықталған жоқ», – дейді зертханашы.