Жаназа шығарудың да азабы бар

Жаназа шығарудың да азабы бар

«Өлімнің де өсегі бар» дейді қазақ. Өмірге келген пенденің пешенесіне жазылған талқаны таусылған күні ақыретке аттанатыны ақиқат. Әйтсе де бақилық болған марқұмның артында қалғандардың мүрдені ақтық сапарға қалай шығарып салып жүргені ойландырмай қоймайды. Редакциямызға осы мәселені көтеріп келген ақсақалдың аты-жөні Кеуілқош Бисенбеков екен. Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітінің жанындағы сауат ашу курсын тамамдаған қария өлім-жітім кезіндегі жаназа шығару мәселесі туралы өз ойларын ортаға салғысы келіпті. Дін саласының мамандары мен мешіт имамдарының пікірін негізге ала отырып, оқырманымыздың ойын өздеріңізге жеткізуге тырыстық.
Дүние салған жанның ағайындары, негізінен, бес нәрсеге міндеттеледі екен. Олар: мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын айту, жерлеу, қарызын өтеу. Ал қалғаны қосымша ғибадат, сауап істер. Мұндағы басты мәселе – абзал са­налатын амалдарымызды парыз етіп, ысырапқа айналдырып алмау.
Өкінішке қарай, халық арасында біреудің айтқанына еріп, «осылай істемесек болмайды» деп қолдан жасап алған кәделер көп. Өзінде жоқ болса да, қарызға белшесінен батып, қарасына жылқы сою, құстың сүтінен басқаның бәрін қо­йып, аста-төк дастарқан жасау қалыпты жағдайға ай­нал­ғалы қашан. Сүйекке кіргендерге «тәбәрік» деп берілетін киілген киімінің орнына жаңа киім та­рату секілді ысырапшылдық туралы тақырып өз алды­на бір мақалаға арқау бола алады. Бүгінгі айт­пағымыз жаназа шығарудың тәртібі туралы болмақ.
Сауатты елде сауатсыз молда болмасын
Кеуілқош БИСЕНБЕКОВ, зейнеткер:
– Өліктің жаназасын шығару кезіндегі әртүрлі жағдайларға қарап отырып, жемқорлықтың құрығы жаназа шығаруға да жетіп қалған ба деп қаласың. Жаназаны кімнің шығаруы жөнінде 2010 жылы шыққан ҚМДБ-ның жаназа пәтуаларында толық қамтылған. Соған қарамастан, осы пәтуалар­дың орындалуы нашар. Қайғырып отырған үй иесі мұндай жауапты істі ағайындарының арасындағы белсенді біреуіне тапсыра сала­ды. Ол адамның да діни сауаты асып бара жат­пағандықтан, шала сауатты молдаға тап болуы әбден мүмкін.
Бірде Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының Тасөткел елді мекенінде бір азаматтың жаназасын шығарып болғаннан кейін молда сапта тұр­ғандарға қарап: Кімдер құран оқиды? деп дауыстады. Саптағы­лардың ішінде бір-жар адам Құран аяттарын оқыған болды. Осындай жағ­дайлар көпшілік жерде кездесіп тұрады. Осы дұрыс па? Жаназа пәтуасының 21 пунк­тінің ең соңғы жолында «Жаназа нама­зының ішінде Құран оқылмайды»  деп жазылған. Жиналған адамдардың ішінде «біздерге ҚМБД-ның пәтуаларының керегі жоқ. Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан жолымен жүреміз» дейтіндері де бар. Жаназада мешіттердегі ұстаздардың алдына жиналатындарға қарағанда, молдалардың алдына жиналатындардың саны көп болады.
Кейбір кездері шари­ғатымызда жоқ өлген адамға Құран шы­ғару сияқты амалдар жасалады. Молда­лардың ішінде Құран аяттарын кирилл әріптерін қолданып оқитын­дары бар. Сон­да да болса, олар міндетіне алып жатады. Сонымен бірге Құранды тә­жуид ереже­лерінсіз оқитындар да кез­деседі. Ұстазсыз үйренген Құран көп­теген қате­ліктерге ұшыратады. Осы жағдайды әр уақытта еске алу керек. Ақша үшін Құран шығаруды міндетіне алатындар да көп. Марқұмның жақындары жегжат­тары мен жолдастары қабір басына барып, молдаға Құран бағыштатып, әр адам мен үшін деп молда алдына ақшалар тастайды және оған мектеп оқушылары да қатысады. Үйілген ақшаны молдекеңдер қалтаға ба­сып жібереді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Құран аяттарын бас пайдасын ойлап, қаражат табу мақсатында, табыс көзіне айналдырса, қайта тірілетін қиямет күнінде бет әлпеті жалбыр-жалбыр болып, шала мүжілген сүйек сияқты тіріледі» деген сөзін құлаққа қыстырмаймыз. Бұл жағдай Арал мен Шалқар өңірлеріндегі бауыр­ларымыздың арасында жиі кезде­седі.
Кейде білімі жоғары адам сапта тұрады да, білімі төмен адам өліктің жаназасын шығарады. Құран бағыштағанда да дауысы керемет күшті (діни білімі жоқ адамдар үшін), ал тәжуиді мен махражы (әріптердің дыбысталуы) қанағаттанар­лықсыз молдалар кездеседі. Осы сияқты жағдайлар дініміздің беделін төмендетіп, діни сауатсыздыққа қарай жетелейді.
Жаназа оқу сатылмайды
Бір танысым жаназа шығаруға, Құран оқуға әрбір имам немесе қарапайым молдалар өз дәрежесіндегі «ставкілерін» белгілеп қойғанын айтады. Әрине, бұл әңгіме ресми түрде айтылмағандықтан, әрқайсысының талап еткен ақшасын нақты айтып беру қиын. Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, 5000 теңгемен 60-70 000 теңгенің аралығында екен. Ал Құран шығарамыз деп сұрайтын ақшаны да кейбіреулер қалталарының көтермей қалғанын алға тартуда. Соның ішінде жаназа шығару ең қымбаты болып тұр. Сонда ондай ақшасы бола қоймаған мұсылман баласы жаназасыз кететін болғаны ма?
Бауыржан ЕСМАХАН, ҚР Дін істері агенттігі Ақтөбе облысы Дін істері департаментінің директоры:
– Өлiм хақ және ол әрбiр жара­тылған жандының ақыры. Алла тағала Құран Кәрiмде ол жайлы: «Өзектi жанда өлмейтiн пенде жоқ. Сендердiң игiлiктi iстерiңнiң бодауы қиямет күнiнде толық қайтары­лады. Тозақтың бетi әрi болып, жұмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерiң. Дүние деген – опасыз тiршiлiктiң алдамшы қызығы» («Әл Имран» сүресi, 185-аят), – дейдi. Сондықтан әрбір пенде ажал жетпей тұрып Алла тағалаға құлшылық етiп, өзiне жүктелген парыздарды өтеуi тиiс. Пайғам­бармыз (с.ғ.с.) хадис шәріпiнде: «Дүние ләззаттарын жермен-жексен ететін ажалды естерiңе алыңдар»  де­лін­ген. Ал жаназа шығару үшін қайғы жұ­тып отырған адам­ның жағдайымен са­нас­пай, ақша талап ету ол – үлкен күнә. «Құран оқып, жаназа шығар­ған кісі­ге айтқан ақшасын тауып бере алма­дым» деп қиналуға ешқандай негіз жоқ.
Мәйіттің намазы шығарылмай, Құран оқылмайды. Ибн Мәсғұдтан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Расулулла (с.ғ.с.) жаназа намазында Құраннан бірдеме оқуды айтпады», – делінген («Әл-әзкәр мин кә­ләм сәйидил әбрар», 430/1). Мәйітке ар­нап қырқын және жылын беру үшін үлкен дастарқан жаю әдетке айналса да, ол міндет деп қаралмайды. Яғни жасалмаған жағдайда ешбір адам Алланың алдында күнәһар, мәйітке қарыздар болып қал­майды. Дегенмен жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені даусыз. Қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітікке, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап, ас беруге де шариғат қарсы емес. Дегенмен дінімізде шамаң жетпесе де, міндетті түрде қарызданып, артық шығын жұмсап, өлі атынан үлкен жақынынан айырылып, қабырғасы қайысып отырған жандардың қайғы-қасіретін түсіну қиын емес. Әйтсе де, әр адам өлім-жітімді болған жағдайда имамның бұйрығына, шариғатымыздың қағидасына мойынсұнғаны дұрыс-ақ.
Жаназа намазын өткізу
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, Ақтөбе облыстық орталық «Нұрғасыр» мешітінің найф имамы:
 – Адам дүние салған соң, оның қайтыс болғанын жариялап, жерлеуге асығу – мұстахап. Мұстахап деп сауап әрі абзал іске айтылады. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке қайшы және мәйітті құрметтемеу болып табылады. Қаншалықты кешіктірсе, соншалықты оның қадір-қасиетін қа­шырады. Ал шапшаң орындау үшін оны дұрыс ұйымдастыру керек.

Әдетте, жерлеу рәсімін екі адам бас­қарады. Имам және мәйіт иесі. Имам жа­наза намазы мен жерлеу рәсімінің шариғи мәселелеріне жауапты болса, мәйіт иесі оның барлық шаруашылық істерін мой­нына алады. Мәйіт иесі – ол өлік шыққан үйден жаназа мен жерлеудің шаруашылық істерін атқару үшін тағайындалған адам. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабында жаназа на­мазын өткiзуге ең құзырлы кiсi патша, мүф­ти және ол тағайындаған жергілікті имам, молдалар.
Әрбір мұсылман мәйітке жаназа на­мазын оқуы тиіс. Бірақ жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрленбейді. Намазға қатысқан кісі мол сауап алады. Сондықтан сауапты білетін халқымыз барынша жаназа на­мазына қатысуға тырысады. Тіпті оны өзіне міндет деп біледі.
Қала тұрғындары, негізінен, көп қабат­ты үйлерде тұрғандықтан, жаназа намазын өткізуде түрлі келеңсіз жағдайлар туын­дайтыны рас. Мысалы, жоғары қабатқа шы­ғып-түсудің ыңғайсыздығы, дәрет алу­ға мүмкіндік жоқтығы, көлік қоятын жер­дің табыла бермейтіні адамдарға қиындық туғызып жатқаны белгілі. Сондай-ақ намаз қоғамдық орындарда, яғни балалар ойнайтын алаңдарда, көшелерде, жол­дарда өтіп жатады.
Қазір көпшілік жаназа намазын мешітте өткізу дұрыс деген орынды пікірлер айтып жүр. Өйткені қазіргі уақытта қай қалада болмасын, мешіт бар. Барлық мешіт­теріміздің үлкен алаңдары, дәретханалары, ыстық-суық сулары, жылы залы, көлік қоятын алаңдары бар. Мешітке ерте келген қауым бос уақыттарында қосымша намаз оқиды, мәйітке бағыштап дұға-мінәжат айтады. Дәретін жаңалап алуға уақыт табады. Мешіт имамдары қызмет етуге қашан да дайын тұрады. Ал көпшілік жиналып демалатын жерлерде, ойын алаңдарында, жолдарда және көше­лерде жаназа намазын оқу орынсыз.

Түйін сөз
Қазақстанның әр ­ аймағында қайтыс болған адамды жерлеудің жөн-жосығы әр­қалай. Оның басты себебі – қазақ халқын діни сауатсыздық билеген кездегі ислам дінінің жан-жақты тоқырауға ұшырап, діни ғұрыптардың түрліше өзгеріп, қалыптасуынан болса керек. Осы күні марқұмды жөнелтудегі орынсыз жасалып жүрген жоралғыларды доғару, ысырапқа жол бермеу, мәйітті шариғат жолымен жерлеу үшін белгілі бір жұмыстардың жүргізілуін уақыттың өзі талап етуде. «Бардың малын шашып, жоқтың артын ашқан» өлімге тірілердің бүгінгі көрсетіп жүрген «құрметі» дәстүрге айналып кетсе, «елден қалмаймын» деп тыраштанғандардың қазадан кейін қара сирақ болып қалуы ғажап емес.
Бұл дүниеде адам бір-ақ өледі. Оның айналасындағы жерлеу рәсімдері шариғат үкімдерін бұзып, күнәға батқанша, бәрін біліп, көріп тұрған Аллаһты алдамай, сауабы мол амалдарды орындағанымыз жөн емес пе? Шариғаттың әрбір үкімі күллі мұсылман қауымына ортақ. Тек имамдар ғана емес, әрбір мұсылман да бес парызын толық орындап, діннің барлық талаптарына сай болуға, мейлінше тырысуға тиісті. Егер әр адам өзіне осындай мақсат қоятын болса, онда ол діннің талабына толық сай болудың қаншалықты қиын екенін түсінер еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста