ЖАЛҒА ПӘТЕР ІЗДЕГЕН жыр болып барады...
Бұл күнде Елордаға екінің бірі қоныс аударып, жұмыс тауып жатқандай көрінгенімен, көңілден кетпейтін бір кірбің бар. Ол- Астананың тұрғындарын баспанамен қамту жайының бір жөнге келер түрі жоқтығы. Атқарушы билік халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ипотекалық пәтер беру жүйесін енгізіп, «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы да бұл түйткілді тарқатуға барын салғанымен, Астанада барған соң үш-төрт жылда үй алу орындалмас арман. Тіпті, халық үшін баспаналы болу Үкіметтен аспандағы айды әпер деп қиғылық салған ерке баланың қисынсыз әрекетіндей көрініп кетеді. Жұмыстың қай саласында да орташа табыс деңгейі күнкөрісті қалыпты ұстап тұруға жарағанымен, «астаналықтардың 60 пайызы пәтер жалдап тұрады» деген сөз – әбден піскен пікір. Әңгіме осы жалға берілетін баспаналардың өзі оңайлықпен табыла бермейтіндігінен шығып отыр.
Тіршілігі күнделікті жұмыспен біте қайнасып жатқан астаналықтардың жеке баспаналы болуы ортақ мұң болып тұрғанда, жалдап тұруға жайлы пәтер табуы одан өткен бейнет. Біріншіден, көп қабатты үйлерден бір бөлмелі пәтер жалдау қаланың өз ішінде айына 80 мың теңгеден 100 мыңға бір-ақ секіреді. Сондықтан да көбісі коттедждерден жай ғана бөлме жалдауға мәжбүр. Ал оның орташа бағасы қосымша коммуналдық қызмет ақысын қоса есептегенде 60-70 мың теңгеге барады. Жер үйлердің ауласындағы «времянка» типіндегі құжыралардың өзіне «тәубә» айтып отырғандар жазда 25 мың, қыста 35 мың теңгеге шығынданады. Салыстыра отырып сараласаңыз, Астанада үйді жалға берудің өзі кәдімгідей бизнеске айналған. Мұны айтпағанның өзінде арнайы қызмет көрсететін «Астана пәтерлер бюросының» асығы алшысынан түсіп тұр.
Бұл- көбіне Есілдің оң жағалауында орналасқан аудандарындағы ахуал. Ал сол жағалауына қарай өтсеңіз, яғни, «элитный аудандарының» бағасы тіптен шырқап тұр. Тұруға жайлы қоныс іздесеңіз жарнамалардағы ай сайынғы құны 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін пәтерақылардан көз тұнады. Қарап отырып ойлайсың, сонда осыншалықты шығынмен, пәтер жалдап кімдер тұрып жатыр? Бюджеттік сала қызметкерлері мен өндірістік саладағы команиялардың жұмысшысы тұрмақ, басшыларының жолай қоюы неғайбыл. Қызметтік үйлерде тұратындардың үйі болса, мемлекет қаржысы сонда қайда жалға төленіп жатыр?..
Жалпы, жалға пәтер іздей жүргенде қалыптасып қалған бір парадокс жағдай таңқалдырады. Ресми емес дерек бойынша, 900 мың тұрғынға жеткен Астанада жалға жайлы пәтер құны өте қымбат. Шамалап айтқсақ, осы 900 мыңның 200 мыңы бай-бақуаттылар, 100 мыңы жеке өз баспанасы барлар, тағы бір 50 мыңдайы жақсы жалақыда жұмыс істейтіндер. Қалғаны пәтер іздеген қара халық болуы мүмкін. Осыған қарамастан ағылып келіп жатқандардың қарасы мол. Көбісінің ойлайтыны- «жұмыс табылса болғаны, сосын қасымдағылармен бірлессем, жеңілдеу тиеді». Жөн-ақ делік, бірақ, бірін-бірі жіпсіз байлап алған сан түрлі тағдыр бір шаңырақ астында өмір сүруі уақытша қалыппен осылай жалғасып кете бере ме? Бұл бүгін ғана қалыптасып отырған жағдай емес, демек, «Қол жетімді баспана- 2020» бағдарламасынан кейін де «дәстүр жалғастығы» кете береді. ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Қ.Келімбетовтің жуырда ғана 2017 жылға қарай елімізде тұрғын үйдің қымбаттайтындығын айтқан мәлімдемесі осындай байлам жасауға мәжбүрлейді.
Жалға пәтер іздеу үш-төрт баласы бар жас отбасылар үшін нағыз азап. Өйткені, пәтер беруші бірінші кезекте міндетті түрде балаларының бар-жоғын, бар болған күнде жастары нешеде екендігін сұрайды. Егер жан саны бестен асса есігінен де қаратпайды. Үпір-шүпір үш-төрт жастағы қарадомалақтары барларға да төлемі қымбат баспананы қоныс етуге жол жоқ. Амалсыздан, иесі әдейілеп салып қойған «времянкалардан» орын іздейді. Ал, оның ішкі қабырғаларын қыста қырау басып тұратыны өз алдына, күз бен көктемде сызы сыртына шығып, ауаны ауырлатады. Дәл осындай жағдайда есін енді біле бастаған балаларын ауру-сырқаудан аман сақтау үшін «шықпа, жаным, шықпалаған» жас шаңырақтың жай-күйін елестетіп көріңіз...
Жанатбек, тауар тасымалдаушы:
—Біздің саяжайда қоныс еткенімізге бес жылдай болып қалды. Тұратын жердің мәз еместігіне қарамай, бұл «Көкталдағы» жер үйлерден бос тұрғанын таба алмайсыз. Босатып басқа жаққа кеткендердің соңына ала екі-үш адам кіріп үлгереді. Тұрғын үйлермен салыстырсақ, жалдау ақысы арзан. Мәселен, өзім кішкене екі бөлмеге 20 мың теңге төлеймін. Бұл жерде көбінесе балалы отбасылар тұрады. Бізде басында пәтерге тұрмақ болғанбыз, бірақ балаларымыздың барын естісе болды, пәтер иелері алудан бас тартып шыға келеді.
Елорданың жер ерекшелігінің батпақты болып келетіні күз бен көктемде қатты білінеді. Бір қызығы тап осы кезде пәтер бағалары да шырқап шыға келеді.
Думан Елібай, жиһаз жасаушы:
–Үш жылдан бері «Жастар» ауданында 35 мың теңгеге үш бөлмелі үйде жап-жақсы тұрып келе жатыр едік. Иесі аяқ астынан үйді сатып жіберді. Оған сатпай тұра тұрыңыз деуге дәрмен қайда?.. Тұрақты жұмысым болса бір жөн, тапсырыс болса ғана, шаруам алға басады. Жиһаз жасатуға сұраныс та мәз емес. Дәл күз келгенде бұрынғыдай арзанға қолайлы пәтер табуым неғайбыл. Оның үстіне екі балам бар. Екі апта ішінде «времянка» тауып алсам, соған тәубе дер едім.
«Астаналық бағалаушылар палатасының» директоры Д. Ильчуктің мәліметтіне сүйенсек, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы баспана бағасын тұрақтандыруға толықтай ықпал ете алмайды.
- Мұндай пікір білдіруімнің басты себебі, Алматы мен Астана қаласына елдің өзге өңірлеріне келіп жатқан халықтың көптігімен тікелей байланысты,- дейді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.- Яғни, салынып жатқан үйлерге қарағанда аталған қалаларда тұрақтап қалуды көздеп келіп жатқан нөпір халықтың саны басым. Сондықтан да болар, сұраныстың артуына қарай, бағаның төмен түсуі байқалмайды. Бұл жазылмаған заңдылық болар.
Бұл баспана сатып алуды армандағандарға қаратып айтылған сөз. Халық саны артқан сайын пәтер тапшылығы да арта түседі, қол жетімді пәтер табылса да оның бағасы жалақыңды он орап әкетеді. Амал жоқ, жалға пәтер іздейсің. Ал оның жайы осындай...