Зайсанға газ келді
Зайсан жұрты ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан халқы бұл күнді тағатсыздана күтіп еді. Арман орындалды. Зайсанға көптен күткен көгілдір газ келді. Жай ғана берілген жоқ, Зайсан газы мәртебелі қонақтардың қатысуымен салтанатты түрде жұртшылыққа жол тартты. Әуелі Зайсан қаласының орталығындағы алаңда от жағу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары Ғалым Айдосов арнайы қатысты.
Зайсан жұртын көптен күткен қуаныштарымен ең әуелі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.
– Егемендіктің арқасында еліміздің экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсуде. Соның бір айғағы – сонау кеңес үкіметі кезінде пайдаланылмаған газ қорын бүгін, міне, жұрттың игілігіне жаратып бастадық. Бұл – үлкен жетістік. Осы жетістікке қол жеткізу үшін алты жылдың ішінде 39 млрд теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде ең бірінші болып Зайсан қаласына газ берілді. Келесі жылы көгілдір отын газ құбырының бойында орналасқан тоғыз ауылға жеткізіледі. Сондай-ақ елу пайыздық үлесімізді алсақ (шамамен 250 млн текше метр газ), оны игеруіміз керек. Сондықтан келешекте мүмкіндігімізге қарай іргелес жатқан Күршім, Тарбағатай, Көкпекті, Жарма секілді аудандар мен Өскемен қаласын да газдандырып, бірқатар газ толтыру стансыларын салсақ деген арман-мақсатымыз бар. Ендігі жұмыс осы бағытта жалғасады, – деді Бердібек Сапарбаев от жағу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР мұнай және газ вице-министрі:
– Зайсан өңірінде газ өндіретін кен орнының ашылуы бұрын қатты отынды жағып келе жатқан ауданның жұртын экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан тиімді көгілдір отынмен қамтуға жол ашады. Бұл халықтың жылу шығындарын азайтып қана қоймай, сонымен қоса бюджетке түсетін салық төлемдерін арттырады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосады.
Аудан орталығында тұратын 20-дан астам немере, 10-нан артық шөбере сүйіп отырған Батыр ана Күләш Файзрахманованың шаңырағы шаћарға келген табиғи газдың алғашқы тұтынушысы атанды.
– Қуанышымызда шек жоқ. Үйді де газбен жылытып, тамақты да соған пісіреміз. Бұрынғыдай күйелеш-күйелеш болып от жағып, күл шығармаймыз. Қысқа деп отын дайындамаймыз. Бағасы қымбат емес дейді. Көмірді сатып алуға кететін ақшаға бір қыста газ жағып шығуға болатын көрінеді. Осылай елге жақсылық істеп, шалғайдағы ауылдардың қамын ойлап жатқан әуелі Президентімізге, сосын аймақтың басшысына көп рақмет, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Күләш Файзрахманова.
Жақын уақытта тоғыз елді мекен көгілдір отынмен қамтылады
Бұл күні мәртебелі қонақтар Зайсан қаласының шетінде орналасқан автоматты газ тарату стансысына тоқтап, жаңа нысанның жұмысымен танысты. «Тарбағатай мұнай» ЖШС-нің бас менеджері Жеңіс Жалғасовтың айтуынша, алдағы уақытта аудан орталығынан бөлек, Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Жамбыл, Дайыр секілді тоғыз елді мекенге көгілдір отын тартылмақ. Осылардың барлығын қосқанда жылдық тұтыну мөлшері 30 млн текше метрді құрайды екен. Бұл аса көп емес, сондықтан табиғи байлықты мақсатты игеру үшін келешекте тұтынушылардың аумағын кеңейте түсу керек.
Ғалым Айдосов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары:
– Сарыбұлақ кен орнынан өндіріп жатқан газымыздың сапасы өте жоғары, жануы жақсы. Қазіргі уақытта Зайсан қаласында 470 тұрғын үйге газ құбырлары тартылып, қондырғылар орнатылған. Бүгіннен бастап осы үйлерге көгілдір отын беріледі. Сонымен қатар келесі жылы тағы 1100 үйді газбен қамту жоспарда бар.
Осыған дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының инвестициялық бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру аясында жылына 15 млн текше метр газ өткізетін орта және төменгі қысымдағы 18,4 шақырым қалаішілік, сондай-ақ квартал ішіндегі газ тарату құбырлары салынған. Зайсандағы 470 тұрғын үйдің жүйелері толық дайындалып, 10 үй мен М.Әуезов атындағы орта мектептің жылыту қазандығы газды қабылдау үшін техникалық шарттылық берілген. Айта кетейік, бұл жоба қазақстандық және қытайлық инвесторлардың бірлескен кәсіпорны «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС салған жалпы ұзындығы 82,5 шақырым болатын «Сарыбұлақ-Майқапшағай» магистральды құбырдың іске қосылуымен орындалып отыр. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес елді мекендерге дейінгі құбырларды «Тарбағатай-Мұнай» ЖШС тартса, ауылдардың ішіндегі тарату жүйелерінің құрылысын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асыруда.