Валюталық интервенция мәселені теңгенің пайдасына шешпейді - Ілияс Исаев

Валюталық интервенция мәселені теңгенің пайдасына шешпейді - Ілияс Исаев

– Ілияс Исаұлы, халықтың несиесі өскен сайын несиелік амнис­тия мәселесі алдан шығады. Кредиттік амнистия популизм бе, әлде нақты әлеуметтік көмек пе? Оның халықаралық тәжірибедегі заңдық сипаты қандай?

 

– Егер азаматтардың несие қайтару мүмкіндігіне пандемия тәрізді әлемдік құбылыстар кері әсер етсе, мемлекет көмек беруге міндетті. Бірақ мұ­ның кері әсері туралы да ойлануы­мыз керек. «Қарыз көбейсе, Үкі­мет кешіреді» деген түсінік тамыр­ланып кетсе, тұрғындардың ғана емес, банктердің де мемлекет алдын­дағы жауапкершілігіне сызат түседі, несиелік портфелінің қуатын әлсіретуі мүмкін. Бұл өте күрделі жағдай. Мемлекет несие амнис­тиясы туралы шешім қабылдамастан бұрын міндетті түрде талдау жасауы керек. Себебі жағдай ушығып кеткені соншалықты, халық несие алмаса тұрмысын жақсарта алмайтын жағдайға жетті. Мүмкін амнистия туралы шешім қабылдамастан бұрын, проблемалы несиелердің үстеме пайызын азайту жағын қарастырған дұрыс шығар.

 

Несиелік кешірім жасамастан бұ­рын үстеме пайызды есептеуді тоқ­та­ту, жағдайдың беталысы тү­зел­ген­ше несиелік демалыс беру мүмкіндіктері туралы ойлану керек. Жеке адамдардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажеттігі туралы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Еуроодақ елдерінде тұрғындардың несиесін кешіру процесі осы заң шеңберінде жүреді. Өзге елдерде бұл заң әлдеқашан қабылданған және өз тиімділігін көрсетіп үлгерген. АҚШ-та қарыз алушыны банкрот деп тануға 3-4 ай кетеді, азаматтарының 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялауға құқы бар. Аустралияда 3,5 мың доллардан артық қарызы бар кез келген жеке тұлға банкрот атанғанмен, бүкіл мүлкі кредиторларға өтеді. Басқаша айтқанда, бұл заң банк алдында берешегін өтей алмай, отбасын асыраудың өзі мұңға айналған азаматтарға арналған.

 

– Жалпы, кез келген саланың бә­секеге қабілеттілігін қандай фак­тор­л­арға қарап анықтауға болады?

 

– Осыдан бірер жыл бұрын Дүние­жүзілік банк және Халықаралық валюта қоры елдің бәсекеге қабілет­тілік деңгейін анықтайтын 300-дей көрсеткішті талдаған. Олардың басым көпшілігі тек өндіріспен ғана байланысты. Норвегияда ішкі өнімнің әр адамға есептегендегі көрсеткіші – 42 мың доллар. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш. Ішкі жалпы өнімнің негізгі индикаторы – еңбек өнімділігі, сандық және сапалық көрсеткіштер. Дамыған елдер осы көрсеткіштер арқылы барлық салаға дем беріп отыр.

 

– Несиелік пайыздық көрсет­кіштер валюталық бағамның пайыз­дық көрсеткішіне міндетті түр­де әсер етеді. Қазақстанда неге олай емес?

 

– Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен долларландыру деңгейіне байланысты. Ол туралы кейін айтармын. Пайыздық мөлшерлеменің өзі екіге бөлінеді. Бірі – нарықтық, екіншісі – орталық банктер белгілеген базалық пайыздық мөлшерлеме. Алғашқысы соңғысының қабылдаған шешімдеріне байланысты өзгеріп отырады. Сарапшылар шетелдік валюта мен ұлттық валюта арасындағы тікелей котировка ішкі нарыққа психологиялық тұрғыдан әсер ететінін айтады. Мысалы, теңге бағамын тек доллармен байланыстырып қараймыз. Мысалы, 1 доллар қанша теңге тұрады деген мәселе. Мұның соңы тұтыну тауарларының ғана емес, азық-түлік бағасын да шетел валютасымен баға­лап қарауға алып келеді. Бұл керісінше болуға тиіс.

 

– Бәрібір қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді ғой.

 

– Сізді түсініп отырмын. Бі­рақ ұлттық экономиканы қалыптас­тырғымыз келсе, оның тағдырын айшықтайтын кез келген терминге назар аударуымыз керек. Мысалы, жоғарыда сіз айтып өткендей, ұлттық валюта мәселесінде тіке емес, жанама котировканы қолданатын елдер бар. Мысалы, Англияда жанама котировканы есептейтін екі валюта бар. Бірі – ұлттық валюталары фунт-стерлинг, екіншісі – еуро. Лондонның кез келген бұрышында «бір фунт стерлинг қанша тұрады?» деген сауал алдыңнан шығады. Біз теңгеге жанама түрде әсер ететін факторлардың аражігін айқындап алсақ, оның нарықтық құнын да оңай ажыратуға болады.

 

– Қазір теңге бағамына қандай факторлар әсер етіп отыр?

 

– Теңгеге фундаменталды факторлар әсер етіп тұрғанын жоғарыда айтып өттім. Бұл фактор әлсіз. Біз жаңа дамып келе жатқан елміз. Әлемдік технологиялық тізбекте еншіміз жоқ. Экономикадағы мемлекет үлесінің жоғары екені дамуға кедергі болып тұр. Қазір ішкі өнімнің 60 пайызын мемлекеттік сектор беріп отыр. Шағын және орта бизнестің үлесі аз. Егер сапасы әлемдік стандартқа сай келетін тауарларымыз дүние жү­зінде сұранысқа ие болса, сіз бен біздің әңгімеміз басқаша болар еді. Әзірге біз қуанатын себеп жоқ. Осы жағдайдың бәрі шетелдік валютаға деген сұраныстың деңгейін арттырып тұр. Валюталық бағамның пайыздық мөлшерлемеге әсерінің әлсіздігі нақ­ты сектордың нәтижесіне байланыс­ты. Елдегі күнделікті тұтынатын тауардың 66 пайызы – импорт. Бұл пайыздық мөлшерлеменің валюталық бағамға деген әсерін бейтараптандырып тұр. Классикалық үлгіде пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі валюталық бағамға пропорционалды әсер етіп отыруға тиіс еді.

 

– Ұлттық банктің валюталық интервенциялық саясаты өзін-өзі ақтады ма? Сарапшылар арасында «интервенциялық саясат теңгені жағымды картинада ұстап тұру үшін ғана жүргізілетін саясат» деген пікір жиі айтылып жүр.

 

– Ақтаған жоқ, ақтамайды да. Теория бойынша валюталық интервенция – ақша-несие құралдарының бірі. Оның әсері қысқа мерзімде, дене қызуын уақытша басатын аспириндік әсер етуі мүмкін. Бірақ ол қайтадан орнына келеді. Себеп көп. Біздің ұлттық валютамыз әлемдік экономикаға ықпал етіп отырған дамыған елдердің ұлттық валюталарымен тіресе алмайды. Әлемнің таңдайын қақтырып отырған ғылыми сыйымдылығы жоғары тауарымыз тағы жоқ.

 

– Сонда Ұлттық банк интер­вен­ция­сының теңгенің тұрақты­лығына әсері де тұрақсыз болғаны ғой. Бұл оның ақша-несие саяса­тының пәрменді тетігіне айнала алмағанын көрсетеді. Ендеше, оның көмегіне қайта-қайта жүгіне беруі­міздің себебі неде?

 

– Ішкі нарықты дамыта алмаға­нымызды жоғарыда айтып өттім. Осының салдарынан бивалюталық, қос валюталы қаржы жүйесінің тамырланып кетуіне жол беріп алдық. Қос валюталы жүйенің ең басты белгісіне назар аударыңызшы. Біздегі қолданыстағы жүйедегі ақша массасында төрт агрегат бар. Олар – М-0, М-1, М-2, М-3. Сол М-2, М-3 ақша агрегатының құрамына қараңызшы. М-2 құрамында аудармалы валюталық депозит бар. Бұл күнделікті жұмыс процесінде бизнес өкілдерінің бір-біріне қаржы аударуын жылдамдататын ең белсенді агрегат. Бұл аудар­малы депозиттер Қазақстан ішінде екі компания бір-бірімен ақша алмаса береді деген сөз. Ал М-3-те мерзімді депозиттер орналастырылған. Бұл тетік коммерциялық банктерде шетел валютасы түрінде депозит ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, доллар да, теңге де айналым құралы ретінде ақша міндетін тең атқара алады. Басқаша айтқанда терезесі тең, бейбіт қатар жағдайда айналымда жүр. Соңғы деректер бойынша, біздегі долларландыру деңгейі 50 пайыздан асты деген мәлімет бар. Кейбір мәліметтердің 43 пайызбен шектейтініне сенбеймін. Көңілім 50 пайыз дегенге ден қоя береді. Пандемия ішкі нарықта жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнесті селдіретіп кетті. Ішіп-жем мен киімге дейін импортқа тәуелдіміз. Халық тамақты көрші мемлекеттен сатып алып жатыр. Осылайша, бивалюталық ақша жүйесінде интервенциялық сая­сат өзінің нәтижесін бере алмайды. Бізді дайын өнімдерге басымдық беру, қарапайым заттар экономикасын көтеру ғана интервенциялық саясатқа деген тәуелділіктен құтқарады. Валюталық интервенцияны доллармен жасасаң да, теңгемен жасасаң да, бәрібір доллар ұтады. Сондықтан валюталық интервенцияның нәтижесі теңгенің пайдасына шешілмейді. Зардабы – Ұлттық банктің алтын валюталық қорын азайтып, доллардың күш алуына алып келеді.

 

– Интервенция кезінде Ұлттық банктің табыс табу, пайдаға кенелу мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Мысалы, қажет кезде доллардың мол қорын айналымға қымбат бағаға сатып, арзан бағаға кері сатып алуы мүмкін бе?

 

– Мұны валюталық алыпсатарлық дейміз. «Ұлттық банктің мұндай қадамға бару мүмкіндігін жоққа шығармаймыз ғой» деген пікір бар. Егер Ұлттық банк ақша массасын стерилизация жолымен тазалағысы, азайтқысы келсе, жасағысы келсе, осындай қадамдарға баруы мүмкін. Бұл да әлемдік тәжірибе. Біздің жағдайымызда бұл тәсіл де теңге баға­мының тұрақталуына әсер ете алмайды.

 

– Қазір ғалымдар айналымдағы ақша массасын долларландырудың ұлттық экономикаға оң әсері туралы көп айта бастады. Ұлттық банк те кейде осы бағытқа ден қоятын сияқты. Бұл тұжырымның біз үшін пайдасы қандай?

 

– Мен де осы пікірді естіп жүр­мін. Авторларын да танимын. Олар айналымдағы ақшаны доллар­ландырсақ, оның деңгейі жоғары болса, инвестицияға жол ашып, әлемдік экономикамен интеграциялану жедел­дейді деп үміттенеді. Екіншіден, долларландыру инфляцияға кедергі келтіреді деп ойлайды.

 

– Кері әсері бар ма? Бұл әңгі­ме әлемдік ортақ валюта немесе әлемдік ортақ банк тәрізді утопия­лық пікірлердің кенеттен өріс алып кетуіне жол ашып жүрмей ме?

 

– Мұның соңы, айналып келгенде, дербес қаржы саясатын жүргізу мүмкіндігін шектейді. Себебі Ұлттық банктің кейбір қызметі АҚШ-тың федералды қор жүйесінің қызметі құзыретіне өтіп кетуі мүмкін. Себебі доллардың сезімталдығын біз емес, АҚШ федералды қор жүйесі басқарып отыр. Долларландыру күш алып кетсе, кейбір банктердің инвестициялық табыстан қағылатыны белгілі болып қалды.

 

– Теңгеміздің табысы инфляция­ның деңгейін қаншалықты әлсі­ре­тіп отыр. Ұлттық банк теңге­нің эмиссиондық табысынан пайда көріп отыр ма?

 

– Теңгенің эмиссиондық табысы­ның инфляцияға әсері аз. Ұлттық банк теңгенің эмиссиондық табысынан пайда табатыны белгілі. 1 долларды басып шығарудың өзіндік құны – 4 цент. 100 долларды сатудан АҚШ-тың федералды қор жүйесі 96 цент пайда табады. Демек, бүкіл әлем АҚШ экономикасына жұмыс істеп отыр.

 

– Әлемдік тәжірибеде банктердің жұмысын реттеп отыратын ортақ концепсия бар ма?

 

– Швейцарияның Базель қаласында халықаралық есеп айырысумен айналысатын қаржы институты жұмыс істейді. Бұл банк 1930 жылдан бері бар. Кейбір жекелеген елдердің орталық банктерінің үстінен қарап отыр. Біздің Ұлттық банк те сол қаржы институтына мүше болуы әбден мүмкін. Аталған қаржы институты жанынан құрылған Базель комитеті халықаралық қаржы ұйымдарының, банктердің жұмысын реттеп, актив­терінің өтімдік коэффиценті қалай болуы керектігін айқындап отырады. Біздің елде Ұлттық банктің «Ком­мерциялық банктердің жұмысын пру­денциальды реттеу» туралы ере­жесі сол комитеттің бағытына үйлес­тірілген. Біздегі несиелік тәуекел деген түсінік те сол Базель конвенция­сына негізделген ғой. Қазір елде банк жұмысын реттеуді қолға алып жатыр. Ұлттық банк жанынан қаржылық реттеу агенттігі бөлініп шықты. Ұлт­­тық банк жанынан ақша-несие саяса­тымен айналысатын комитет де осы халықаралық қаржы ұйымы бағытымен үйлестірілген. Қаржыгер ретінде қаржы саясатындағы соңғы жаңалықтарға көңілім толады. Бағыт-бағдар ғылыми жүйеге негізделіп жатыр.

 

– Екінші деңгейлі банктер мем­ле­кетіміздің экономикалық қа­жет­тілігін қанша пайызға қана­ғаттандырып отыр?

 

– Қанағаттандырып отырған жоқ. Қанша пайыз екенін де айта алмаймын. Проблемалы несиенің бәрі бюджет немесе Ұлттық қор есебінен жабылып келді. Басқаша айтқанда, банктердің жіберген қателігін Ұлттық қор мен бюджет мойнымен көтеріп отыр.

 

– Онда мұндай банктерді не үшін ұстап отырмыз?

 

– Осы сұраққа Үкімет нақты әре­кетпен жауап беруге талпынып жатыр. Банктердің қаржылық капиталының консолидациясы мәселесі қолға алынды. Бұл банк капиталын ірілендіру деген сөз. Қазір банктер бір-біріне қосылып жатыр, бұл жалғаса береді.

 

– Банктер дағдарыстан өз күші­мен шыға ала ма?

 

– Шыға алмайды. Коммерциялық банктерде проблемалы несиелердің үлес салмағы өсіп келе жатыр. Банктердің қазіргі жағдайына макро экономикалық жағдай себеп болып жатыр. 2007-2008 жылдары әлемдік дағдарыс кезінде Қазақстанның сыртқы қарызы 92 млрд долларға жетті. Оның тең жартысын мемлекет қайтарды. Банктерді өндірістен оза шауып, жол нұсқап отыратын секторға жатқыза алмаймын. Өндіріс қалай дамыса, банк солай дамиды.

 

 

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста