Урбанизация дамып, рурбанизация келмеске кетіп барады
Еліміздің 60 пайыздан астам халқының қалалық жерлерде тұратындығына тәуелсіз сарапшылар алаңдаушылық танытып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, урбанизация – Орталық Азия елдерінің ішінде, әсіресе Қазақстанда қарқынды. Енді біреулер «бізге урбанизация керек» дейді. Әу баста ондағы саясат мынадай болған: «Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан жүйені бәріміз жақсы білеміз, ауылдағылардың қалаға орналасуы қиынға соғатын. Мәселен, қалаға тұрақты қоныстану үшін бес жылдай мерзімде уақытша тіркеуде тұруға тиіс едің. Жұмысқа тұрудың өзі қиямет-қайым болатын. Қалалы жерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы ауылға қарағанда айтарлықтай жоғары. Ондай болса, ұлттың сапасын жақсартудың ең тиімді жолы – ауылдағы ағайынға қалаға келуіне бар мүмкіндікті беру. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама жасау қажет». Осылай біздің елде урбанизация саясаты 1993 жылдары басталып еді, әлі жалғасуда. Сарапшылардың болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының ара салмағы 65-35 пайызды құрайтын болады. Қазір Ресейде бұл көрсеткіш – 72, Беларусь, Украина, Арменияда – 70, АҚШ-та 90 пайызға жуық екен. Ал урбанизация Қазақстанға қаншалықты тиімді?
«Ауыл тұрғындарының жаппай қалаға көшу үдерісі – заңды құбылыс. Бұл – қоғамның дамуының бір белгісі. Ешбір ұлт өзінің даму тарихында ішкі көші-қонды айналып өтпеген. Мұндай заңдылықты заман өзі реттейді», – дейді кейбір мамандар. Алайда белгілі сарапшы Марат Шибұтовтың отандық БАҚ-тарға берген мәлімдемесінен:
– Қазақстанның даму бағдарламаларында нақтыланған басты мақсат – еліміздегі қала халқының үлесін 75 пайызға жеткізу. Алайда еңбек нарығына қатысты айтсақ та, қалалардың сыйымдылығы жағынан да, қалалық инфрақұрылымдардың даму деңгейі тұрғысынан да бұл қисынсыз дүние. Ауылдағы азаматтардың тұрмыстық деңгейін осылай көтереміз деу – бос сөз. Керісінше, ауылдан келген мигранттарға еш жағдай жасай алмауымыз әбден мүмкін.
Жалпы, ішкі миграция проблемасы Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы бері өзекті. Сарапшылардың «жыл – он екі ай» ауыздарынан тастамағандары болмаса, шешімі табылмай отырған мұндай ұлт үшін, қоғам үшін аса маңызды мәселеге әзірге зерттеу жүргізіп, түпкілікті айналысып жатқан ешкім жоқ десек қателеспейміз. Ал статистика астарына үңілсек, мұншалықты бейқам жүруге болмайтындығын аңғарамыз. Сонымен, ресми деректер не дейді? 1991 жылдары ішкі миграция кезінде жарты миллиондай адам ел ішінде сабылып жүрген. 1992-1998 жылдары біраз саябырсиды. Мұндай үдерістің қайта күш алуы 1999 жылдардан байқалады. 1999 жылы ішкі миграция 232,4 мың адамды құраса, ол 2004 жылы 317,9 мыңға жетіп, 2008 жылы 350 мың адамға жуықтаған. Ресми дерек бойынша, ішкі мигрант атанып жүргендер саны қазір 300 мың адамнан астам. Ал бейресми дерек көздеріне сенсек, көшпелінің күйін кешкен жандардың саны анағұрлым көп. Бірақ нақты мәліметті ешкім білмейді. Айта кетейік, ішкі мигранттардың басым бөлігін әйелдер құрайды екен, яғни жалпы көрсеткіштің 57 пайызы. Әу баста Жетісу (ол кезде «Семиречинск» деп аталған) облысының орталығы болып саналған Верный қаласында 1900-ыншы жылдардың бас шенінде 40-45 мыңнан астам адам тұрғаны тарихтан мәлім. Ал статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 1900-ыншы жылдардың аяқ шенінде ҚазССР-нің астанасы Алма-Ата қаласының тұрғындары бір миллионнан асыпты. Қазір Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік астанасы саналатын Алматы қаласының 1 472 866 тұрғыны бар. Шындығында, «Алматының халқы екі миллионнан асады», – дейді мамандар.
Міне, әңгіме төркіні қайда жатыр, жұмыс іздеп, кезбе атанып жүргендер еліміздің барлық өңірлеріне теңдей бөлінбей, салмақ, негізінен, Алматы мен Астана қалаларына түсуде. Бұл елімізге экономикалық қана емес, әлеуметтік жағынан да, экологиялық жағынан да тиімсіз.
Тәуелсіз сарапшылар таратқан мәлімет рас болса, олардың дабыл қағатындай-ақ жөндері бар ма дейміз. 1999 бен 2009 жылдар аралығында Қазақстандағы әрбір алтыншы азамат мекенжайын ауыстырып, әрбір қазақтың үшіншісі көшпенді атанса керек. Сонымен, соңғы 10 жыл бедерінде 2,5 миллионға жуық ішкі мигрант тіркеліпті. Бұл барлық халықтың 14,9 пайызы десек, оның 80 пайызға жуығы қазақтар.
Проблема шашетектен, бірақ соны реттейтін біздің елде заң жоқтың қасы. 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Алайда онда ішкі миграция туралы тұщымды ешнәрсе айтылмайды. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын. Онда да ішкі миграция қажетті деңгейде қамтылмаған. Демек, ішкі мигранттардың құқықтық мәртебесі еш заңнамамен қорғалмай отыр.
Бәрін айт та, бірін айт, сөз болып отырған миграция саласының жұмыстарын үйлестіретін құзырлы орган да нақтыланбаған. Жалпы, көші-қонмен айналысатын құзыретті орган біреу емес, жетерлік: ҚР СІМ, ҚР ІІМ, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Әділет министрлігі. Алайда аты аталғандардың дені, негізінен, сыртқы миграциямен ғана айналысады. Бұдан не байқауға болады? Ішкі миграция Үкіметтің назарынан тыс қалып, «өз қотырын өзі қасуда». Соның салдарынан Алматы мен Астана қалаларының маңында түрлі былық-шылықтар белең алуда. Жерді заңсыз басып алушылар жиі бой көрсетіп жатады. Мойындау керек, жергілікті әкімшіліктер тек төтенше жағдай орын алғанда болмаса, мұндай мәселемен дер кезінде айналысуға келгенде тым шабан.
Ішкі миграция мәселесі осыдан біраз уақыт бұрын парламентте де көтерілген-ді. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, ішкі миграцияны реттейтін бағдарлама жасауды ұсынған депутат Айткүл Самақова:
– Ішкі көші-қонды құрап отырғандар, негізінен, ауылдағы ағайын, яғни тұрғылықты ұлт өкілдері. Бей-берекет көшіп жүрген олар, сондай-ақ қала мен облыс орталықтарында заңсыз тұруға мәжбүр. Баспананың жоқтығы өз алдына, санитарлық-гигиеналық жағдай еш сын көтермейді, мектеп жетпейді, ауруханалар қолжетімді емес, ал балабақша оларға тіпті арман. Қалаға, негізінен, жұмыс істеуге қабілеті барлар келіп жатыр десек, олар осы сынды проблемалармен бетпе-бет келуде. Бұл – ауыл жастарының қай жағынан да біртіндеп құлдырауына әкеп соқтыруы ғажап емес. Бұл еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізбей қоймайтынын құбылыс екендігін ұмытпайық, – деген еді.
Жастар демекші, ішкі мигранттардың негізгі бөлігін солар құрап отырғанын ескерсек, ауыл мен қаланың екі ортасында сергелдең күй кешкен олардың азып-тозып кетпесіне кім кепіл? Осы сынды түйінді мәселелер талқыланған «Қазақстандағы жастар арасындағы ішкі миграция: мысалда – Алматы қаласы» атты зерттеу жұмыстарында Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығы бірқатар кемшіліктерді тізіп шыққан-ды. Өз кезегінде, аталған орталық директоры Меруерт Махмутова: «Қаланы ауылға айырбастайтын жастар саусақпен санарлық. Керісінше, ат басын қалаға бұратындар саны тым көп. Басым бөлігінің қалада тіркеуі жоқтығынан бізде нақты мәлімет жоқ». Алайда, дейді ол, сондай-ақ жастарды ауылға көшуге үгіттеу саясатын кейінге қалдыра тұрған абзал. Ең дұрысы, оларды қалаға тіркеп, мамандық беріп, жұмыспен қамтамасыз ету. Егер біз бұдан былай да жастар мәселесіне немкеттілікпен қарайтын болсақ, бара-бара оларға түрлі әлеуметтік проблемаларды үйіп-төгіп, қоғамның белсенді тобының өсіп-өнуіне шектеу қойып аламыз.
Жуырда көші-қон саясатын жүзеге асырумен кешенді түрде айналысатын Өңірлік даму министрлігі құрылған болатын. Урбанизацияны рурбанизацияға айналдырмаса да, қордаланып қалған бар проблеманы оң шешуге су жаңа министрліктің қауқары жете ме, ол қандай нәтиже бермек деген сауал төңірегінде саясаттанушы Мұхит Асанбаевты әңгімеге тартқан едік.
Мұхит Асанбаев, саяси ғылымының кандидаты:
– Урбанизация үдерісі болады, бола бермек. Оған тоқтау қоя алмаймыз. Ол тіпті күшеюі де мүмкін. Алайда ішкі миграцияны реттеп отырмаса тағы болмайды. Оны министрлік құру арқылы қадағалап отырамыз деу бекер. Хаос бар жерде қанша министрлік құрсаң да бәрібір. Тіпті экономикалық жағынан сандаған шара қолдансаң да оның көмегі шамалы. Ең дұрысы, жергілікті өзін-өзі басқару институты толыққанды іске қосылуы тиіс. Мұндай жүйені ауылдық, аудандық әкімдерді халықтың өзінің сайлауынан бастаған жөн. Екінші кезекте, ауылды жерлерді көркейтіп, ондағы әлеуметтік секторды дамытып, мәдени ошақтарына дейін қайта құру керек. Тұрақтылық сонда ғана орнайды.