Ұлтыңды сүю бар, оныңды дәлелдеу тағы бар. Біз көбінесе әсірелеп, эмоцияға беріліп жатамыз. Құр дақпырттан ештеңе өнбейтінін түсінсек те, іспен дәлелдеуге келгенде кібіртіктеп қалатынымыз да жасырын емес.
Ұлттық мерекелерде ғана жарқыратып киетін киімдеріміз экспонатқа айналып бара жатыр деп жиі дабыл қағатын едік, қазір жастың да, жасамыстың да тарапынан өзге мерекелерде, атап айтқанда 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнінде, Астана қаласының күні сияқты атаулы күндер қарсаңында ұлттық киімдерге сұраныс артып келеді. Сұраныс қанағаттандырылу үшін ою-өрнек басылса болды дейтіндер де көп. Қазақ мәдениетін жастарға барынша насихаттап, арнайы еңбектер жазып жүрген Зейнеп Ахметова бір сөзінде балақтағы оюдың бас киімде жүргенін айтып налыған еді. Ал мәдениеттанушылар ұлттық киімнің көбінің безендірілуі кемшін дегенді алға тартады.
Осындай олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп қойған Zhibek - Dizain компаниясы елордада өз жұмысын бастады. Компания өкілдерінің айтуынша, көнеден келе жатқан ұлттық дизайнмен қатар, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи үлгідегі киімдер мен үй жабдықтарын, селт еткізер кәде сыйлар топтамасын жасауды қолға алып отыр.
Ашылу салтанатына келген қонақтар назарына компания өнімдері ұсынылып, шағын көрме ұйымдастырылды.
Талғат ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекет қазір шағын және орта бизнесті дамытуды барынша қолдап отыр. Соның арқасында қазір азаматтарымыз әр сала бойынша жеке істерін жүргізуге мүмкіндік алды. Бір азамат осындай іс бастаса, бірнеше адамға жұмыс табылады деген сөз. Осындай мүмкіндікті басқа салаға емес, қазақтың ұлттық жәдігерлерін жаңғыртуға пайдаланып отырған Zhibek - Dizain компаниясына алғыс айта отырып, жұмысына сәттілік тілеймін.
Құдайберген БЕКІШ, ҚР мәдениет қайраткері, әнші:
– Осындай берекелі істің басталуына куәгер болайық деп Алматыдан ат терлетіп келдік. Ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына әрқайсымыз атсалысуымыз қажет. Қазақтың бәрі – патриот. Бірақ тәуекелшіл емеспіз. Осы істі қолға алған компания басшылығына рақмет айтуымыз керек.
Хадиша АҒЫБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі:
– Бүгінде ұлттық киімдер мен әшекейлерді сахнада жүрген бишілер мен дәстүрлі әншілер ғана киеді деу дұрыс емес. Менің байқағаным, осында келген жастар заманауи үлгіде тігілген киімдерге қызығушылық танытып жатыр. Тек олардың жоғары талғамына сай киім-кешек, жабдықтар дайындайтын осындай орталықтар көбейсе болғаны. Шетелдіктердің де біздің ұлттық жәдігерлерімізге қызығушылығы ерекше.
Облыс орталықтарын айтпағанда, бір ғана Астананың өзінде осындай компаниялардың қарасы көбейіп келеді. Бұның өзі, нарық заңдылықтарына салсақ, ел арасында ұлттық өнерге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетсе керек.
Ұлттық киім өндірісінің өркендегені керек-ақ
Последние статьи автора