Фастфудты қалай шектеуге болады?

Фастфудты қалай шектеуге болады?

Биылғы жылдың басында Оңтүстік Кореяда фастфудты теледидар арқылы жарнамалауға тыйым салынды. Осылайша Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасындағы семіздікке тосқауыл қоюды көздепті. Сөйтіп, ақпаннан бастап кешкі сағат 19.00-ге дейін гамбургер, пицца, шоколад және өзге де тәттілер, тіпті балмұздақ та жарнамаланбайтын болды. Бұл – фастфудқа қарсы екінші шабуыл. Оған дейін мектептердің жанында «қоқыс» тағам мен газдалған сусындарды сатуды шектеген еді. Өйткені қазір бұл елде әрбір бесінші бала семіздіктің зардабын тартып отырған көрінеді.

Ұрпақтың әлжуаздығына фастфуд кінәлі
Бізде де дұрыс тамақтану мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Оған себеп – жұрттың, әсіресе балалар мен жастардың фастфудқа ден қоюы. Өткен аптада Мәжіліс депутаты М.Айсинаның фастфудтық жүйелерді оған қойылатын талаптарды күшейту арқылы ғана реттеуге болады деп мәселе көтергені мәлім.

Депутаттың айтуынша, елімізде сапалы тамақпен қамтамасыз ету заңнамалық тұрғыда өте қатаң реттелген, бірақ ол қалай орындалып жатыр, мәселе сонда. ҚР «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңының 13-ші бабына сәйкес, балалардың тамақтануы арнайы мақсаттағы өнімдерге жатады. Әйтсе де, бізде әлі күнге дейін бала тамағын дайындайтын комбинат жоқ. Барлығы шетелден әкелінеді. Ал не әкелініп жатыр, ол жағы беймәлім.

«Сондықтан біз қазір әлжуаз ұрпақ өсіріп отырмыз» деп қынжылады халық қалаулысы. Айта кету керек, мектеп оқушыларын сапалы тамақпен қамтамасыз ету мәселесін депутаттар бұрыннан көтеріп жүр. Нәтиже де бар. Бүгінгі күні республика бойынша барлық мектептердің асханаларынан жылдам дайындалатын тағамдар (фастфуд) алып тасталды. Сонымен бірге Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының жалпы білім беру мекемелері 1 мен 4-ші сынып аралығындағы оқушыларды (олардың әлеуметтік жағдайына байланыссыз) толығымен ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл қатарға биылғы оқу жылында Астана қаласының мектептері де қосылмақ.

Еске түсірсек, бұрындары Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы фастфуд деген «бәленің» беделін төмендету үшін бірқатар ұсыныстар енгізген еді. Ол – өндірушілер үшін қосымша салық енгізу және 6.00 мен 21.00 арасында осындай өнімдерді теледидар арқылы жарнамалауға тыйым салу. Осы орталықтың директоры Сәуле Диқанбаеваның пікірінше, қосымша салықтың енгізілуі фастфуд өнімдерінің бағасын өсіреді. Соның нәтижесінде тұтынушылардың көбі одан бас тартуға мәжбүр болмақ. Алайда өзге мамандар мұндай пікірмен келіспейді. Өйткені жылдам әзірленетін тағамдардың қымбаттауы тұтынушының қалтасын қағатыны сөзсіз. Ал олардың басым көпшілігі – орта табысты және тұрмысы төмен жандар.

Мәліметке жүгінсек, жергілікті фастфуд нарығындағы табыстың жылдық көлемі шамамен 100 млн долларды құрайды. Оның 40 пайызы – Алматы, 17 пайызы Астананың үлесінде. Алайда осы уақытқа дейін елімізде «жылдам тамақтану» тобына қандай тағамдардың жатқызылатыны белгіленбеген, яғни нақты тізім жоқ. Мәселен, көшедегі дүңгіршектерде әзірленетін самса, дөнер, тіпті бауырсақ фастфуд өнімі ме? Жалпы фастфуд деген не?

Айта кету керек, денсаулыққа зиянды тағамдарға қосымша салық енгізу идеясы басқа елдерде де оқтын-оқтын көтеріледі. Мәселен, Тайваньда өткен жылғы желтоқсанда денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен осы салық тәжірибеге енгізілді. Фастфудтың отаны саналатын АҚШ-та қосымша салық туралы әңгіме бірнеше жылдан бері айтылып жүр. 2008 жылы француздар тым майлы немесе тым тұзды асқа қосымша құн салығын төрт есеге көбейтуді ұсынған болатын.

Алайда шектеу көбейген сайын тұтынушы біткен ерегескендей-ақ дәл осы «ылдым-жылдым» әзірленетін тамаққа тәбеті ауа түскен.

Неге болса да байыппен қарайтын ағылшындардың өзі фастфудқа мойын бұра бастапты. Мәселен McDonald’s Ұлыбританияда сауда көлемінің көтерілгенін жариялады.

Бізде болса, фастфуд нарығы соншалықты дами қойған жоқ. Мамандардың пікірінше, оған жергілікті тұрғындардың менталитеті жол бермейді. Өйткені біздің адамдар үшін ол жылдам тамақтану емес, демалу үшін баратын орын. Әсіресе, балалардың әуестігі ерекше. Еліміздегі фастфуд нарығының шағын әрі шашыраңқы болуы ірі ойыншыларды үркітетін көрінеді. Қазір ішкі нарықта сырттан келген Burger House, King Burger и MC Burger үстемдік құрып отыр.

Ал аты әлемге мәшһүр «Макдональдс» компаниясының елімізге келмеген себебі, оның франчайзы қымбат, нақты айтқанда Алматыда енгізу үшін 950 мың доллар төленуі тиіс көрінеді. Оған қоса, ет өндіретін, картоп және өзге де көкөністі өсіретін өз фермасы болуы қажет, сондай-ақ сапа, қызмет, баға, орама ыдысты жою жұмыстары компания стандартына сай болуы тиіс. Сондықтан осы кезге дейін сатып алушы табылған жоқ.

«Мак»-тың саудасы қызып тұр
Фастфуд – сөзбе-сөз аударғанда жылдам дайындалатын ас. Асықпай тамақтануға уақыты жоқ адамдар үшін өте қолайлы. Ол туралы сөз қозғасақ, алдымен «Макдональдс» ойға оралады. Алайда көшедегі шауырма, хот-дог сияқты азыққа қоса, жүгіріп жүріп ауызға салатын чипс сияқты ұсақ-түйек те, тіпті газдалған сусын да — фастфуд.


Айымкүл ӘЛИЕВА, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы тәртіптік факторлардың алдын алу бөлімінің жетекшісі:
— «2007 жылы Бас тазалық дәрігерінің қаулысымен фастфуд өнімдерін, энергетикалық сусындарды мектеп аумағынан 100 метр қашықтыққа дейін сатуға тыйым салынған болатын. Алайда мектеп жанындағы дүкендерде олар қайтсе де сатылады. Сондықтан мұндай тағамдардың саудасын шектеу қажет. Әрине, түрлі қытырлақ, чипс, кириешкалар әбден зерттелген әрі елге әкелініп қойғаннан кейін біз мұндай тағамдардың саудасына мүлдем тыйым сала алмаймыз.

Оның үстіне еліміз де Батыстың стиліне көбірек оңтайландырылған. Алайда денсаулыққа келтіретін зиянын да естен шығармау керек. Мәселен, қытырлақты газдалған сумен қосып жесе, асқазан жарасына шалдығуы әбден мүмкін және ағзадағы кальцийді шайып, ол остеопорозға (сүйектің морт сынғыштығы) әкеледі. Батысша тамақтанудың нәтижесі 20-30 жасқа келгенде семіздікке әкеп соқтыратыны дәлелденді. Сондай-ақ түрлі самса, шаурма сататын нүктелерді де шектеуіміз қажет.

Ондағы өнімдердің қалай даярланатыны көпке белгілі – ешқандай тазалық талаптары орындалмайды. Бұл енді, негізінен, тазалық-індет бақылау қызметінің міндеті. Құрамында бояуы, консерванты көп, майлы, тұзды тағамдардың ағзаны ластағаннан басқа еш пайдасы жоқ. Сондықтан әрбір отбасында баланы дұрыс тамақтандыруға дағдыландырған жөн. Тамақтану мәдениеті отбасынан басталып, мектепте жалғасын табуы тиіс. Ресейде, мәселен, фастфуд жарнамасына тыйым салынды. Бізде осы жарнама мәселесі қолға алынуы қажет. Өйткені дені сау ұрпақ – біздің келешегіміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста