Үйлерімізді ұлттық үлгіде «киіндіретін» кез жеткендей

Үйлерімізді ұлттық үлгіде «киіндіретін» кез жеткендей

Адамның сырт келбеті ішкі жан дүниесіне сәйкес келгенде ғана толық сұлулыққа қол жеткізетіні секілді, сәулет өнерінің де ұлттық нақышқа ден қоюы ұлтқа, елге ерекше әр беретіні рас. Өкінішке қарай, өркениет көшіне ілесіп, зәулім ғимараттарға көшкен тұста сан ғасырлардан бері ұлы аналарымыздың зерттеп, зерделеп жасаған ою-өрнектері көзден тасаланып, көңілден өшіп бара жатыр. Бәлкім, бұған баз біреу «қазақты қашанғы киіз үйге қамай бермекпіз» деп қарсы уәж айтар. Алайда ол қазақылықты әлі күнге архаизм еншісіне қалдырып, жаңа заманнан оған орын бермей отырған көзқарас екенін ұғынуымыз шарт. Себебі қазақ болу үшін киіз үйде тұрып, темір тұлпарды арғымаққа айырбастау шарт емес. Заманауи өмір сүріп те қазақ болуға әбден болады!

Қытай жеріндегі оюлы үйлер
Осыдан біраз уақыт бұрын газетіміздің бетінде журналист Біләл Қуаныштың «Еуро­ре­монт­тың орнын «қазақремонт» басар күн жа­қын» атты мақаласы жарияланғаны жадыңызда болар?.. Елдің есіл-дерті жаппай дерлік еуро­жөндеуге, еуростандартты үй салуға ауған заманда кенет желмен бірге ел жақтан жусан иісі мұрынға келсе... Ауыл еске түседі еріксіз.
Баяғыда тасжүректеніп кеткен ба­тырдың жүрегін бір кейуана жусан­ның исімен жібіткені жайлы аңыз бар еді ғой. Міне, бұл да сол сияқты. Бірақ бұл жолы керісінше, «жусан исі» өзімізден емес, Шығыс жақ іргемізден, шекара сыртынан келіп жетті. Жоғарыдағы мақаланың кейіпкері Үрім­жіде «Орда ою» атты сауда серіктестігін құ­рып, оюлы тас таған, тас төсеніш (кафель) сияқ­ты құ­ры­­лыс материал­да­ры­мен тұтас қазақ ауылын заманауи әрі қаза­қы сәулетте көмкерген Талғатбек Дүй­сен­біұлы елге табан тірегенін естіп, тілдесіп қалуға беттедік.
Талғатбек ДҮЙСЕНБІҰЛЫ, Үрімжі «Орда-ою» сауда шекті серіктес­тігінің директоры:
– Қытайда Жан Чун Чжан есімді аза­мат Шыңжан өлкесінің бастығы бол­ғалы әр ұлт өз таным-түсінігіне, өз дәстүріне, өз талғамына сай келетін үй салуға, үйлерін ұлттық нақышта бе­зен­діруге кеңінен жол ашылды. Мем­ле­кет­тен қаржы бөлініп, әр аудан, әр ауыл өз ұлттық нақышымен үйлерін өрнектеуге көшкен тұста да менің көкейіме «үйі­міз­ді қалай қазақыландыруға болады?» деген сұрақ туындады. Қағазға жо­ба­сын түсіріп көргеннің өзінде-ақ өте әде­мі әрі жүзеге асыру мүмкін екендігі көрінген соң, іске кірістім. Бүгінде төр­ті­нші жылға қадам басты, қалың қазақ ежелден мекен етіп келе жатқан Шың­жаң өлкесінде біршама қазақы үйлер бой көтерді. Алғаш бұл іске 7 миллион юань қаржы шығардық. Қазақтың ұлт­жан­ды, қалталы азаматтары қаржы қос­ты, әрине. Сол 2009 жылдан бері жы­лына бүкіл Қытайда үй сыртына 300 мың, үйдің ішіне 400 мың шаршы метр тапсырыс аламыз. Шыңжаңда 35 ау­данын­да осы қазақы нақыштағы тұс­қа­ғаз, кафель, т.б құрылыс ма­териал­дар дү­кені жұмыс істесе, жалпы «Орда ою» деп аталатын серіктестікте 81 адам тұрақ­ты жұмыс орнын тауып отыр.

Құрылыс материалдары қарапайым халық­тың қалтасы көтеретін гипсо­кар­тон­нан бастап, фарфор, мәрмарға дейінгі дең­гейді қамтиды. Қытай – фарфор жа­сау­дан дүниежүзі бойынша алдыңғы қатар­дағы ел. Жалпы, қай жағынан алсақ та Аспан асты елінде бәрі арзан, бірақ екін­ші жағынан онда бәсекелестік тым жоғары. Миллиардтаған қалың қытай арасынан жарып шығудың оңай шаруа емес екенін онымен салыстырғанда санымыз селдір мына біздер мойындауға мәжбүрміз. Құдай иіп, әйтеуір басшының мейірі ауған шақта Шыңжаң өлкесінде тұрғынүйлердің, ка­фе, мейрамхана, мектеп, мешіт, мед­ресе секілді көпшілік орындарының іші-сыр­ты, тіпті қабірстандар да соның арқа­сын­да қазақы кейіпке енген. Нақты сандық дерекпен айтсақ, 2010 жылы бүтін бір қыстақ­та – 480 үй, келер жылы тағы 600 үй ұлттық бояуға көшкен. Осылайша, біртін­деп қазақтың ою-өрнегі сәулет өнерінен өз орнын тауып, көздің жауын алып жатқан жайы бар. Дегенмен, бір әттеген-айы, оның бәрі қалың қазақтың өз отаны, өз елін­­де емес, шекара сыртындағы қан­дас­тар жерінде. Жалпы, ұлттық сана-сезім, бас­­қа халықтарда қайдам, дәл біздің қазақ­­та өз елімізден гөрі отаннан жырақ қан­­дастар арасында басымдау секілді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген қағи­да ма, әйтеуір «Қара жорғаны» Гин­нес­ке енгізіп жатқан да, басқа да түрлі дүние­лерімен қазақтың барын әлемге та­ны­туға талпынып жүргендер – шеттегі қан­дас­тарымыз.
Жат жұрттағы қазақылықтың жұтымдайын елге әкелсек...
– «Өзге елге сұлтан болғаннан, өз еліңде ұлтан болғанға» не жетсін?!, – деп жалғады әңгімесін Талғатбек Дүйсенбіұлы, – Тағдыр бізге жат жұртта күнелтуді, сол елдің ауасын жұтып, суын ішуді бұйыртса керек, бірақ сол сыртта жүрсем де қаза­ғыма бір пайдамды тигізсем қуанар едім. Сондықтан ендігі арманым – Қазақстанда да үйлер ұлттық «киімге» көшсе. Әйтпесе бай­қаймын, бай қуатты кісілер былай тұр­сын, кедей де тыраштанып үйін еуропаша сәндеп, батыстық үлгідегі жиһазбен жабды­қ­таудан жарысатындай. Әрине, біреуді мәжбүрлеп, оюларды орынсыз тықпалау емес, мақсатым – әркімнің сана­сына қозғау салу. Қазір, шүкір, қазақ өзі қалаған киімін киіп, өзі қалаған елге ба­рып, емін-еркін өмір сүре алады. Ендеше, өз үйін неге өзінің қанына, өз жанына жақын нақышта безендірмеске?!. Қай сала­да болмасын, бүгінде ең басты мәселе – қаржы. Қазақстандық бауырлардан да үйін қазақша безендіруге деген жекелеген тапсырыстар бар. Алайда осы тұста тағы бір мәселе – кеденнен өтудегі ұшан-теңіз тексеру, салық. Осы орайда Қазақстанға әрі сапалы, әрі арзан түсетін бір жол бар, ол – осы елде өндіріс ошағын қалыптастыру.
Яғни, қытайдан ою-өрнекті материал тасы­ғанша жергілікті жерден оларды құйып шығарса, әлдеқайда тиімді түсері сөзсіз. Осы орайда Әлихан бабамыздың «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне то­қы­ма болып киілуі керек, әрбір түйір тасы қазақ­тың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген қағидасы ойға оралады ерік­сіз. «Өңірімізге түйме», «үстімізге то­қыма» кигізер ер дайын, бірақ ел ше? Елдің де қалауы оянбауы мүмкін емес, егер ел тізгі­нін ұстаған құзырлы орындар қолдар бол­са. Жалпы, Тәуелсіз қазақ елінің сәулет өне­рін қазақыландыру турасында мәселе қозғалып, тіпті игілікті іс басталып та кеткен бір кездері. Естеріңізге сала кетсек, Иман­ға­ли Тасма­ғамбетов Алматы қаласына әкім болып келгенде, «ендігі салынатын құрылыстарда ұлттық бояу болуы керек» деп айтқан еді. Біраз тұрғынүйлер сол тұста қазақша «киім» киіп те үлгерген. Өкініштісі сол, ауыс-түйістен соң, ол бастама аяқсыз қалды. Бүгінде Астанадан қазақы иістің шығатынын жасырмауға тиіспіз. Дегенмен әлі де болса Еуропаға еліктеу басым. Осы орайда біз сауалнама жүргізгенімізде сәу­лет­ші мамандардың өзі былай деген-ді.
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті: 
– Тек сәулет өнері ғана емес, көр­кем­өнер, кинематография, жалпы өнер­­дің қай түрі болсын, ұлттық қол­таң­ба сақ­та­луы тиіс. Қазақстан Еура­зия­ның орта­лы­ғы болған соң, қаласақ та, қаламасақ та жаһанданудың жете­гіне еруге мәж­бүр­міз. Сондықтан сәулет өнерінің өзінде де құрылыс нысан­дарының барлығына бірдей ұлттық нақыш енгізе аламыз десем, шындыққа жанаспас. Мысалы, тұрғынүй, АҚШ-та, мейлі Авс­тралияда болсын, ол – тұрғынүй. Сол себепті тұрғынүйге, сол секілді сауда орталығы, оқу орындарына қатыс­ты ұлттық ерекшелікті енгізу шарт емес дер едім. Ал енді мемлекеттік ма­ңызы бар үлкен ғимараттарда, айта­лық концерттік сарайлар, музей, сол секілді ғима­раттарда ұлттық қолтаңба еске­рі­луі тиіс. Солайша сәулет өнерінде тың серпіліс туар еді.

Қысқасы:
Рас, қазақты қайта киізүйге кіргізе алмаспыз, әр заман адамдарының өз тұрмысына ыңғайлы өмір сүруі заңдылық. Бірақ адамды адамнан ерекшелеп тұратын мінез-құлқы секілді, тұтас ұлтты да жалпақ жұрттан даралайтын өзіндік болмысы менмұндалап тұрса игі. Айталық, Қытай өз Пагодасын, айдаһарын сақтап, тіпті өзге елде де өз ғимараттарын солай салады. Сол секілді жапон халқы да әлемдегі ең бір дамыған мемлекет бола тұра, ешкімге еліктеп-солықтамай, өз үйін жапонның мәдениетіне лайықтап жабдықтаудан жаңылған емес, ғимараттары да солай. Іргеміздегі ала тақиялы ағайындар да, ақал теке елі түркімендер де ұлттық белгісін бермеген. Қаласы, көшелері, үй іші, киген киіміне дейін табиғи, ұлт жанына жақын. Ендеше, бізге неге сөйтпеске, ішіміз де сыртымыз да қазақы, (әрине, заманға бейімделген) нағыз мықты ұлт екенімізді дәлелделік, кешегі олимпиадада әлемді таңғалдырған халық секілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста