Аукцион — бұл сөздің құлағымызға жағымды естілетіні даусыз. Бірден «не, қайда, қашан сатылады? деген сауал санада қылаң береді. Әлемде де осындай үрдіс қалыптасқаны анық.
«Сауда сақал сипағанша» дейтін халқымыздың нақылы дүниенің төрт бұрышындағы барша жұртқа ортақ қағида секілді көрінеді. Өйткені аукцион ұйымдастырылған жерде қызу сауда болатыны өз алдына, ең алдымен құндылыққа қызыққан, өнерді бағалайтын, әйтеуір, ел арасынан ерекше ермек тапқандар көңілінде көптен жүрген дүниені сатып алуға ұмтылады.
Түрлі тауардың жариялы түрде сатылуы кеше де, бүгінгі күні де ешкімді бейжай қалдырмаған. Аукционның өзі арманшылдардың айласын асыратын, әлсізді басынатын жер. Оның өз ережесі болуы бәссаудаға қатысушылардан бірқатар талаптарды қажет етеді. Оның ішінде тек бақуаттылардың бағы жанатынын да ешкім ұмытпағаны жөн. Бұл аукцион пайда болған 300 жылдан аса уақыттан бергі қалыптасқан жағдай.
Білгіштердің сөзіне қарағанда, алғашқы аукцион XVII ғасырдың ортасында Голландияда, одан кейін Англияда, Францияда ұйымдастырылған. Мұндай бәссауда көбінесе қайтыс болған бақуатты азаматтардың дүние-мүлкін саудалаудан туындаса керек-ті. Олардың арасында қалталы кісілердің артында қалған немесе қажеттіліктен саудаға шығарған қымбат қазыналары қатты қызығушылық тудырған. Ал өтпей қалған тауар не болады?
Дәл осы сұраққа жауап іздегендер аукциондарда Голландтық тәсілді ойлап шығарған. Ол - заттың бағасын белгілі бір деңгейде арзандатып сату. Мұны енді қалталылар қызығушылық байқатпаған, есесіне әмияны орталау азаматтарға арналған сауда деуге болады.Мұнда аукцион алғашқы белгілеген бағаға бірден келіскен адам ғана жеңімпаз атанады. Негізі, аукционның өзі осы – сауданың голландтық тәсілін қолданушылар арқылы пайда болған деген де пікір бар. Ал жоғары баға қойылатын аукционның ағылшындық тәсілі – қазір кеңінен тараған тәсіл.
Бәрінен ерекшелігі, аукционның түрі көп. Айталық:
Соқыр аукцион – аукционер өз ұсыныстарын алдын ала қағазға түсіріп, жабық хат арқылы ұсынады.
Биржалық аукцион — тауар биржа арқылы сатылады.
Валюта аукционы — тек валюта саудаланады.
Вексель аукционы — қазыналық вексельдер сату.
Депозит аукцион — онлайн аукцион, коммерциялық банктердің пайыздық өсіммен лоттар сату.
Кепілді аукцион — несие алу үшін тіркелген, кепілге қойылған мүліктерді сату.
Интернет-аукцион — электронды сауда жүйесі арқылы аукционға қатысу.
Аукцион — бұл кез келген нәрсені ашық сатуға бағытталған шара. Мәселен, бағалы қағаздар, мүлік, кәсіпорындар, басқа да нысандар, өнер туындылары аукционды ұйымдастыруға негіз бола алады.
Қазіргі кезде елді елеңдететін аукциондар негізінен, рухани дүниелерге қатысты ұйымдастырлады. Ерекшелікке ие зат, өнер туындылары, тарихи дүниелер, коллекциялық нысандар, антик-вариаттар саудасы назар аударарлық әрі олар өте қымбат бағаға сатылатындығымен де есте қалады.
Халықаралық сауда да аукциондардың рөлі өте жоғары. Мысалы, АҚШ пен Канада да елде өндірілетін жүннің 76 пайыздан астамы аукционға шығарылады. Данияда – 90, Швеция мен Норвегияда бұл көрсеткіш – 95 пайыз.
Халықаралық бәссаудада шайдың 70 пайызы, Австралия мен Жаңа Зеландияда жуылмаған жүннің 90-95 пайызы әлемдік нарықта тек аукцион арқылы сатылады. Нақтырақ айтсақ, былғары өнімдерін сатудан Санкт-Петербург, Нью-Йорк, Монреаль, Лондон, Лейпциг, Копенгаген, Осло, Стокгольм және басқада қалалардағы аукцион үйлерінің бағы жанып, жолы болып тұр (әлем бойынша халықаралық жүн-былғары аукциондарын ұйымдастырумен 150 ұйым айналысады).
Бәссаудамен бәсекені қыздыратындар арасында ең атақты аукцион орталықтары бар. Мәселен, Калькута мен Кочинеде Үндістан сыртқа шығаратын шайдың 70 пайызы саудаланады. Африкадағы Кения, Танзания, Уганда секілді мемлекеттер шай өнімдерін саудалауда Найроби мен Малавидегі аукциондарға қатысады. Темекі саудасын Нью-Йорк, Амстердам, Бремен, Лусака, Замбия, гүл саудасын Амстердам, Алсмер, көкеніс және жеміс жидек саудасын Антверпен және Амстердам, жылқы саудасын Довиль (Франция), Лондон, Успенское (Мәскеу маңында) аукциондар жиі ұйымдастырады. Бұл жерлерде білек түрген брокерлер бағаны мың құбылтып, тиыннан ақша жасауды жақсы меңгерген. Ал жалпы, қатысушылар үшін елгезектік пен жеделдік ауадай қажет. Өйткені бір лот 50 секунд тұратындығын ескерсек, алғалы тұрған затыңнан әп-сәтте қағылып қалуың әбден мүмкін.
Әрине, жоғарыда сөз еткеніміздей, құнды заттар жинайтын жұрттың арасындағы бәссауда бәрімізді қызықтырмай қоймайды. Бір мысал: XVII ғасырдың соңында Лондонда жаңа сауда ережесі бекітіледі. Онда ортаға қойылған балауызды жағып, сол сөнгенше бәсеке қызады. Балауыз тура өшкен кезде белгіленген баға бойынша сатылған зат иесіне тапсырылады.
Тапқырлық әрдайым өз жемісін беретіні анық. XVIII ғасырда табысқа аукцион арқылы кенелген жолы болғыш британдық Кристофер Коктың есімі ерекше аталады.1739 жылы наурыз айында The London Evening Post газетінде аукцион ұйымдастырылатындығы туралы хабарлама жарық көреді. Осылайша, банкрот болған саудагердің дүние-мүлкі сатылады. Осыған қатысты Кристофер Кок алғаш рет басылымда жарнама береді. Оның сауда барысында Сэмюэль Бейкер және Джеймс Кристимен танысуынан кейін «Сотбис» және «Кристис» сауда үйлері өмірге келеді. Оның ішінде «Кристис» өнер туындылары мен көне кітап-тарды сатумен айналысады.
Құнды заттар қашан да бағалы. Осыны жақсы білетін аукцион ұйымдастырушылар әлі күнге атақты адамдардың артында қалған немесе коллекционерлердің қолында жүрген көне заттарды саудаға шығарып тұрады. Мысалы, Нью-Йорк аукционында 1942 жылғы «Касабланка» классикалық фильмі түсіріліміндегі пианино 2,9 млн долларға сатылғандығы туралы хабар жарияланды. Аспаптың бұрынғы иесі Лос-Анджелестегі тіс дәрігері болған.
Пианиношы Сэмнің рөлін ойнаған музыкант Дули Уилсон фильм кейіпкерлері Хамфри Богарта мен Игрид Бергманға "As Time Goes By" әуенін осы аспаптың көмегімен орындаған.
«Касабланка» фильмі үш рет Оскар сыйлығын иеленген. Сыншылар оны кинематограф тарихындағы үздік картиналардың бірі деп есептейдіАл әдебиет саласы бойынша, Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» романының авторы Габриель Гарсиа Маркестің мұрағатын Остин қаласындағы Техас штатының университеті сатып алды. Интернеттегі бұл хабар да көзі қарақты жұртты елең еткізді. Бірақ Колумбияның Мәдениет министрі Мария Гарсес бұл келісімге өкініш білдірген. «Мұрағатты сатып, ел құнды дүниеден айырылды» деген ол.
Америкалық университетке мұрағатты сатқан жазушының туыстары Колумбия билігі Маркестің әдеби мұрасына сұрау салмағанына өкініш білдіріпті.
Гарри Рэнсон атындағы университеттің зерттеу орталығының өкілі мұрағат ұлы жазушы өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын қамтитынын айтқан.
Университет қол жеткізген коллекцияға жазушының танымал романдарының және өзге де кітаптарының қолжазбасы, екі мыңнан астам хат, соның ішінде Грэм Грин және Карлос Фуэнтеске жазған хаттары, Маркестің Нобель сыйлығын алғандағы сөзі, сондай-ақ жазушының жазу машинкасы мен компьютері енген.Сондай-ақ мұрағатта жазушы қолжазбаларының алғашқы нұсқалары мен 40-тан астам фотоальбомы бар.
Өкінішке қарай, аукционда дәл осылай жолы бола бермейтіндер де баршылық. Айталық, Ұлыбританияда өткен аукционда атақты «Битлз» тобының мүшесі Джон Леннонның гитарасы сатылмай, белгіленген төменгі бағаның өзіне де ешкім қызығушылық танытпаған (аукцион алдында гитара 600 мың фунтқа (939 мың доллар) сатылуы мүмкін деген болжам жасалған).
Джон Леннон бұл гитарамен 1966 жылы «Paperback Writer» әнін жазған әрі ойнаған. Осындай мәліметтерге қарамастан гитара ешкімді қызықтырмады.
Қытайдағы ежелгі China Guardian» аукцион үйі «Күзгі сатылым» науқанын ұйымдастыру барасында аукционға 7000 құнды жәдігерді шығарған. Оның ішінде картиналар, қыш бұйымдар, каллиграфиялық орамдар болған.
Ұйымдастырушылар коллекцияны бүкіл әлем бойынша жинаған. Саудаға шығарылған сирек кездесетін дүниелердің ішінде жазушы Максим Горькийдің Лев Толстойға жазған хаты да болыпты. Алайда, хатты сатып алуға ешкім де қы-зықпаған. Есесіне, Карл Маркстің ағылшын тілшісі Коллет Добсонға жазған хаты 500 мың долларға сатылған.
Әлемдегі ақпарат көздеріне үңілсеңіз, біреуге алтындай көрінген заттың енді біреу үшін түкке қажеті болмайтындығы таңғалдырады. Осындай ашық аукцион-дар елімізде де ұйымдастырылар болса, ненің өтімді, ненің өтімсіздігін бізде білер едік. Қалай десек те, күндердің күнінде аукцион үйлері Қазақстанда да құрылып, құнды заттарды жұрт назарына ұсынып, бәссауда ұйымдастыра-тындығы даусыз.
Aikyn.kz
Тұтынушысын таппаған тауарлар
Последние статьи автора