Шымкенттік студенттер ұлттық тағамды танымал етудің тәсілін тауыпты. Қаладағы аспаздар дайындайтын колледждің 1-курс студенті кәдімгі құртты түрлі түсті етіп жасауды ұсынып отыр.
Ажар Аштан үйдегі іні-сіңлілерінің құртқа тәбеті бола бермейтінін байқайды. С дәруменіне бай бұл өнімнің өскелең ұрпақтың физикалық тұрғыдан дұрыс жетілуіне септігі мол екені белгілі. Сол үшін «Оларға құртты қалай жегізсем болады?» деп ойланған қаршадай қызға құрттың құрамына дәмдеуіштер қосу туралы идея келеді. Және оларды пайдалы өнімдерден алуды ойластырады.
Нәтижесінде өнім жасыл, сары және қызыл түсті иеленеді. Арасында алқызылы да бар. Ұлттық өнімге түрлі реңк беру үшін тек табиғи өнімдер қолданылады, оның ішінде қызылшаның және сәбіздің шырыны, жаңғақтың дәндері бар. Бұл тұста колледж инновациялық көрмеге әзірленіп жатты және оларға ұшқыр жоба қажет болды. Нәтижесінде қазылар алқасының назарына тың әзірленімдер ұсынылды. Шәкіртінің жаңалығын ұстаздары жетілдіріп, қарапайым құртқа түрлі дәмдеуіштер қосу арқылы оның емдік қасиетін арттыруды қолға алды. Идеяның авторы құртты әртүрлі пішінде шығаруды да қолға алмақшы. Осылайша, аспаз қазақтың құртын құлпыртып, денсаулыққа пайдалы тағам ғана емес, сонымен қоса құртты танымал тауарға айналдырмақ. Бұл бастаманы заң жүзінде тіркеп, оған патент алуды да ойластырып отыр. Себебі ұлттық сусынымыз қымызды Германия әлдеқашан иемденіп алған. «Патент құрттан да айырылып қалмаудың жолы», – дейді автор. Өнертапқыш түрлі түсті құрттардың ұлттық брендке айналып, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінде еліміздің мақтанышы болатынына да сенімді.
Түрлі түсті құрт жейміз
Последние статьи автора