Туризм – ақша табу ғана емес

Туризм – ақша табу ғана емес

Кейінгі кезде туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторына айналды. Дүниежүзілік экономикада ішкі жалпы өнімнің 9 пайызын, жаһандық экспорттың 6 пайызын осы сала құрайды. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметі бойынша, әлемдегі жұмыс орындарының әрбір он біріншісі туризммен байланысты. Аталмыш ұйым 2014 жылдың соңына таман «Туризмді көгалдандыру» бағдарламасын іске қосты. Бұған жер бетіндегі табиғи зоналар туризмнің зардаптарын шеге бастауы себеп болған. Осыған байланысты Лондонда өткен халықаралық туристік көрмеде «Туризмді тұрақты дамыту бағдарламасы» таныстырылды. Бұл құжаттың жүзеге асуына «Дүниежүзілік туристік ұйыммен» бірге Франция, Марокко және Кореяның үкіметтері қатыспақ. Сонымен бірге маңызды жобаны жүзеге асыруға БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау туралы бағдарламасы қолдау көрсетпек. 
БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының жетекшісі Ахим Штайнер өз баяндамасында көркем табиғатты өңірлерде демалушылардың саны өскен сайын қоршаған ортаға келер зиян мөлшері де артып бара жатқанын атап айтты. «Егер біз табиғатты дер кезінде қорғап, көгалдандыруға қажетті инвестицияны құймасақ, таңғажайып түрлерге, жалпы экожүйеге орны толмас нұқсан келеді», – деді. Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи өзі басқарып отырған мекеме жасыл табиғатқа туризмнен келетін зиянды барынша болдырмауға күш салатынын жеткізді. Бұл мәселе бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтқан Талеб Рифаи табиғатты қорғаудың бір амалы салық салу әдісі екенін айтты. Мәселен, Палау елінде және Галапагосс аралдарында туристер кірген бетте табиғатты сақтауға арналған салық төлейді екен. Палауда 2009 жылдан бері бұндай салық мөлшері жылына 1,3 миллиард долларға дейін жеткен. Бұл қаржы толығымен жасыл желекті аймақтарды күтіп, сақтауға жұмсалады. 
Адамзат тарихында 2012 жыл туристердің тасқынын күшейткен жыл саналады. Бұл жылы әлем бойынша 1 миллиард адам саяхаттаған. 2030 жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллиардқа жетеді деп болжануда. Туризм мейлінше дамыған сайын қоршаған ортаға адамның тигізер зиянды әсері де ұлғаюда. Қазірдің өзінде әлем бойынша ауаға таралатын көмірқышқыл газының 5 пайыздан артық мөлшері туризмге тиесілі. 
БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мамандары егер адам баласы қара басының демалысы үшін табиғат анаға аяусыз қарауын жалғастыра берсе, 2050 жылы жер бетіндегі туристерден қалған қоқыс мөлшері 251 пайызға көбейетінін айтуда. Экологтардың болжауынша, енді отыз бес жылдан соң туризмнің кесірінен энергия тұтыну 154 пайызға, парник газдары 131 пайызға көбейіп , су пайдалану 152 пайызға өседі. Әзірше қоршаған ортаға залалсыз, баянды туризмді қолдап отырған мемлекет саны үшеу-ақ: Франция, Марокко және Корея республикасы. Мәселен, әлемдегі туристер ең көп баратын ел Франция (жылына 85 миллион турист қабылдайды) «Табиғатқа зиянсыз туризм» бағдарламасын кеңінен қолданысқа енгізе отырып, республика аумағындағы табиғи зоналарды, мәдени-тарихи ескерткіштерді сақтауға күш салуда.
Қазіргі кезде бүкіл туризмнің 10 пайызын алып отырған экологиялық туризмнің өзі табиғатты сақтауға аса пайдалы болмай отыр. Экотуризмнің ерекшелігі оның бағдарламасына табиғат аясындағы ойын-сауық кірмейді. Бірақ экотуристер іс жүзінде табиғатқа қамқорлық жасаудан гөрі жасыл желекті мекеннен ләззат алуды ғана көздеуде. Кейінгі кезде Батыста биотуризм, агротуризм сияқты демалыстың түрлері кеңінен тарауда. Қалай десек те, туризмнің аты туризм. Адамның аяғы тиген жерде ізі қалады. Қазір тіпті адам баспаған тау, көлік жүрмеген жол қалды ма екен, жер бетінде? Турист көлігінің дыбысынан жан-жануарлар үркетіні белгілі. Ал бұл олардың өсуіне кері әсер ететін мамандар айтып жүр. Ғалымдар 40-60 децибелдік шу қорықтағы хайуанаттардың бойында үрей тудырып, тәбетін төмендететінін анықтаған. Ал 65 децибелдік шу аңдардың гормоналдық жүйесінің зақымдануына әкеледі екен. 75 децибелдік шудан сүтқоректілердің сүті азайып, мерзімінен бұрын төлдеуге әкеп соғады. Реактивті ұшақтың дыбысынан аралар бағдарынан жаңылып, балаңқұрттары жойылады. Сондай-ақ ұшақ шуынан ағаш басындағы ұядағы жұмыртқалар жарылып кетеді екен. Ал туристердің көлігінен шығатын зиянды газ бақ, қорықтардың ауасын ластамай ма? 
2009 жылы Алматыдағы елуге жуық жапон кәсіпкерлері мен студенттермен бірге «Таңбалы тас» кешеніне барғанымыз бар. «Табиғатты қорғайық» деген жасыл түсті жазуы бар футболка мен бас киім киген жапондар қолдарына бір-бір дорба ұстап шығыпты. Күні бойы тастардың қуыс-қуысындағы бұрынғы туристер қалдырған қоқыс қағаздарды теріп, дорбаларына салумен болды. Барлығы шетінен ірі компаниялардың басшылары. Табиғат аясында демала жүріп, оның тазалығын қызғыштай қоруды өз елдерінде әдетке айналдырған. Ал бізде ше, ұлттық бақтарға барсаң, өзен-көл жағасынан міндетті түрде үйілген қоқысты көресің. Қоқыс тазалауды тек қорық, бақтағы қызметкерлердің мойнына салып қойған. Қала маңындағы тау қойнауында «Қоқыс тастауға болмайды» деген жазулы тақтайша ілініп тұрса да, артынан пластик пакеттер, бөтелкелер мен тамақ қалдықтарын тастап жатқан қала тұрғындары қаншама? 
Жерге тасталған қарапайым қағаздың өзі 2 жыл жатып барып, шіриді екен. Ал консерві банкасы шіру үшін 100 жылға жуық уақыт керек. Полиэтилен пакеті 200 жылдан соң жойылса, пластик бөтелкелер жер бетінде 10 ғасырға дейін жата береді. Шыны сынықтары 1000 жылдан асса да еш шірімейтін көрінеді. Иә, табиғат адам үшін дейміз, бірақ жасыл орта бұзылса тіршілік ету қиынға айналары сөзсіз. Ластанған ауа, су, оталған ағаштар кісі баласының өзімшілдігінен туған бір нәтижесі. 
Топ адам демалған табиғи аумақтың бірден өзгеріске ұшырайтынына мән бермейміз. Шөптің тамырларына пайдалы элементтер кіретін топырақ саңылауы адам аяғы таптауы салдарынан бітеліп, өсімдік қорексіз қалып, солады. Оған қоса жер қыртысы эрозияға ұшырайды. Ресей ғалымы В.Зуевтің зерттеуі бойынша қалың орманда шамамен 8 мың адам жүріп өткен соқпақтың беткі қабаты 50 пайызға дейін бұзылады екен («Неруш» экологиялық бюллетені, 2011, №1, 7-б). Тапталған жер қабаты күрделі өзгерістерге ұшырап, топырақ құрамындағы азот азаяды. Топырақтың химиялық құрамы өзгерген соң микроорганизмдер жойылады. 
Қазақстанда туризмнен түсетін табыс мұнай мен мұнай өнімдері экспортынан кейінгі үшінші орында тұр. Елімізде туризмді дамытудың концепциясы жасалған. Шетел валютасының ағысын молайту мен экономикаға түсетін пайданы арттыру, инфрақұрылымды дамыту үшін туризмнің қажеттілігін ешкім жоққа шығармайды. Еліміздің туристік имиджін көтеруде арнайы заңдар қабылданып, ауқымды істер де атқарылуда. Алайда бұл саладан түсетін миллиардтаған қаржы жайында айтқанда, туризмнің қоршаған ортаға қандай зиян келтіріп жатқаны туралы сөз қозғалмайды. Мәселен, «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи бағына азғантай мөлшердегі кіру ақысын төлеген соң, демалушылар ойына келгенін жасайтынын әрдайым байқап жүрміз. Бұған дейін де талай баспасөз құралдары жазып, мәселе көтергенімен, туристердің мәдениеті төмен күйінде қалып отыр. Қашан барсаңыз да, бақ аумағындағы өзен-көл жағалауында үйілген қоқысты көресіз. Қорықшыларға «Демалушылардан тазалықты сақтауды неге талап етпейсіздер?» десеңіз, «Кіру пұлын төлегенін міндет қып, айтқаныңа құлақ аспайды. Одан да артынан жүріп өзіміз жинағанымыз жақсы» дейді.
Кейбір турфирмалардың білікті гид мамандары демалушы топқа «Ешқандай қоқыс тастамаңыздар» деп, қайта-қайта ескерткені болмаса, көбінесе баққа келушілер табиғатқа жаны ашымайтындығын көрсетіп жатады. Оның үстіне, қаржы түсімін арттыру мақсатында негізінде көлік жүруге болмайтын жерлерге машинамен шығуға рұқсат берілген. Мәселен, теңіз деңгейінен 2511 метр биіктегі Үлкен Алматы көлі орналасқан таудың үстіне түтінін бұрқыратып, машинамен шыға береді. Автокөлік түтіні көлді ластап жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Әдетте экология дегенде ірі өндіріс ошақтарының табиғатқа келтірген зияны туралы айтамыз. Ал жұмыр басты әр пенде қоршаған орта үшін жауапты емес пе? Қазақстандағы ұлттық бақтардағы қоқыстың 90 пайызын жергілікті тұрғындар тастайды екен. Мәселен, жазғы үш ай ішінде «Көлсай көлдері» аумағынан 40 тонна қоқыс шығарылған. Іле-Алатау мемлекеттік бағы аумағынан аптасына 30-40 қоқыс жиналады. Туристерді тәртіпке келтіру үшін Германия мемлекеті сияқты «Қоршаған ортаға жасалған қылмыс» деген қатал заң шығару қажет болар, бәлкім?

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста