Турагентті тіркеу тұтынушының сенімін күшейтеді
Былтырғы 15 шілдеде «Рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 461-IV заңына біршама өзгерістер енгізілген еді. Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарында осы құжат күшіне енді. Заңға сәйкес туристік агенттік қызметін мемлекеттік лицензиялау тоқтатылды. Бұдан былай осы салада қызмет көрсететін кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өздерін нарықта турөнімдерді бөлшектеп сатушылар ретінде белгілей алмайды.
Лицензия жойылған соң турагент-кәсіпорынның қай салаға жататынын ажырату қиынға соғары – өз алдына, тұтынушы сенімінің азаятыны және бар. Сонда еліміздегі туризм нарығы әрмен қарай жұмысын қалай жүргізеді? Туристік жолдаманы етікшінің дүңгіршегінен сатып аламыз ба? Кеше Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шәйкенова қатысқан баспасөз жиынында осы сауалдарға жауап берілді.
Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей, турагенттерді есепке алуға қатысты жаңа құралдар нарыққа қажет-ақ. Сондықтан қауымдастық елдегі турагенттердің бірыңғай реестрін құруды қолға алған. Қазір қауымдастық сайтында арнайы «Реестр» парағы ашылып, бүгінге дейін 61 турагенттік тіркеліп үлгерген.
Жобаның негізінде «Туристік қызмет туралы» Заңға сай, турагенттік қызметті жүзеге асырып отырған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің тізімінен құралған электронды мәліметтер базасы жатыр. Еріктілік негізінде құрылған қазақстандық реестр туралы турагент нарығына қатысушылар жайындағы мағлұмат бір жүйеге түседі. Әлбетте, бұл тізімге тіркелу – әркімнің өз еркінде. Кез келген турагент тізімге тіркеліп, тіркеу нөмірі мен куәлігін алуға құқылы.
Реестер туроператор үшін де, тұтынушылар үшін де маңызды. Әсіресе тұтынушы жолдама сатып аларда заңды турфирма іздейтіні белгілі. Қазақстанның кез келген қаласында немесе аймағында туриске қажетті бағытта немесе демалыс түріне мамандандырылған, тексерілген (реестерге енген) турагенттікті табуға осы ресурс мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, турагенттердің бірыңғай тізімі туризм саласының өзін-өзі реттеудегі алғашқы қадамы ретінде мемлекеттік құрылымдардан қолдау тауып отыр. Оның құрылуын индустрия және жаңа технологиялар министрі, «Атамекен» одағы, ҚР Кәсіпкерлер форумы және т.б. жақтайды.
Туризм экономикалық сала болғандықтан, оны басқарудың тетіктері де экономикалық сипатта болғаны дұрыс. Сондықтан әлгіндей реестердің құрылуы маңызды. Рашида Шәйкенованың айтуынша, турагенттер әділет және салық органдарына тіркелген соң жұмысын жүргізе береді. Бұл арада басты құжат – Құқық жауапкершілігі туралы келісім, яғни турагенттің турист алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілігін сақтандыру болып табылады. Турагенттік ашу үшін осы азғантай құжат та жеткілікті. Әйтсе де бұл кез келген адам осы кәсіпті жүргізе алады дегенді білдірмейді.
Бүгінге дейін нарық басқаша жұмыс істеп келді. Айталық, отандық турагент резидент емес, яғни шетелдік туроператормен жұмыс істеп, заңнаманы жиі бұзатын. 31 қаңтардан бастап турагент тек қазақстандық туроператордың өнімін ғана сата алады. Ал туроператор шетелдегі серіктесінің өнімін де сатуға құқылы. Сондай-ақ турагент тұтынушымен келісімге отырғанда, осы өнімнің қай операторға тиесілі екенін көрсетуі шарт. Бір сөзбен айтқанда, туроператордың жауапкершілігі күшейтіледі.
Рашида Шәйкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы:
– Туризм саласы ұзақ уақыт бойы тасада қалып қойған еді. Бүгінде жанданыс байқалады. Әсіресе ауылды жерлерде туризмді дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті тұр. Туризмді өркендетудің негізгі қайнар көзі, әрине, біздің жеріміздің әсем табиғаты. Бұл – тек мейманхана салумен шектелу емес, инфрақұрылымды дамытуға күш салу, қажетті мамандар дайындау. Оған «Жол картасы», шағын несиелеу бағдарламасының қосар үлесі зор болмақ.
Өкінішке қарай, 2011 жылды жемісті деуге келмейді. Өткен жылы нарықта жаңа бағыттар, жаңа қызмет түрлері ашылды. Сыртқы туризм көрсеткіші жоғары болса, келушілер санымен мақтана алмаймыз. Бұл бағытта іскерлік туризм құтқарып тұр. Сонымен қатар ішкі туризмнің дамығаны байқалады. Себебі белгілі: әлемде қауіп-қатер күшейді. Мәселен, екі жылдан бері Ыстықкөл бағыты тоқырап тұр. Былтыр саяси ахуалға байланысты салыстырмалы түрде арзан саналатын Мысыр бағыты тоқтады. Дегенмен жаңадан ашылған Хорватия, Венгрия, Словакия, Литва, Финляндия сияқты жаңа бағыттар сыртқы туризмге, емдеу-сауықтыру туризміне серпін беретіні сөзсіз.
Әу баста қауымдастық лицензиядан бас тартуға қарсы шыққан болатын. Рас, лицензияны алып тастау кәсіпкерлік жолындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға сеп болатыны сөзсіз. Алайда бұл саланың ерекшелігі сол: мұнда өзі көзге көрінбейтін, дәмін татуға болмайтын өнім ұсынылады. Сондықтан алдау оқиғалары көп кездеседі. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, жұртты тақырға отырғызатындар нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар компаниялардың беделіне нұқсан келтіріп жүр. Лицензия жойылғанда реестр құру – қауымдастықтың өзіндік жауабы. Нәтижесі – алдағы уақыт еншісінде.