Туған өлке табиғатын экомаршруттар танытады
Атыраудағы «Ақжайық» мемлекеттік резерваты 2009 жылы Үкіметтің қаулысымен ашылған болатын. Экологиялық, тарихи, ғылыми, эстетикалық және рекреациялық құндылығы бар Жайық өзені атырабының табиғи кешендерін сақтауды, қалпына келтіруді мақсат еткен қорықта құстардың 292 түрі, өсімдіктің – 560, жануарлардың – 48, балықтардың 69 түрі бар және олардың көпшілігі – «Қызыл кітапқа» енгізілгендер.
Табиғи биоәртүрлілікті қорғауды басты бағыты етіп алған резерват жақында тағы бір игілікті істің ұйытқысы болды. «Ақжайықтың» бастамасымен «Жайық өзені атырабындағы парк» жобасы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында тұсауын кесті. Осы шарада Болон университетінің профессоры Дж. Габбианелли мырза «Ақжайық» резерватын Италияда орналасқан По саябағымен салыстыра сипаттады. Бағамдап қарасақ, Адриатика өзенінің жағалауына жақын орналасқан По саябағынан біздің үйренеріміз көп екен. Мысалы, ол жерде бес бірдей визиттік-орталық бар көрінеді. Экобағыт бойынша саяхатқа шығушылар қорғалу аймағы, оның флорасы мен фаунасы жөнінде жан-жақты мәліметтерді осы орталықтан алып, алдын ала таныса алады. Мұндай визиттік орталықты жақын күндері резерватқа жақын орналасқан Дамбы ауылынан да ашу жоспарланып отыр. Жаңа бастаманың жүзеге асуына ЕNІ компаниясының қолдау көрсетіп отырғанын тұсаукесер рәсіміне жиналғандар «мұнай компаниясының табиғатты сақтауға бағытталған жобаға қызығушылық танытып, атсалысуы сирек жағдай» деп бағалады.
Мемлекеттік табиғи резерват Болонья университетінің (Италия) «Альма-Матер» қорының, Аджип/ENI компаниясының, Атырау облысы әкімі аппаратының, «Табиғат әлемі» экологиялық ағарту орталығының, жергілікті Орхус орталығының, «Болашақ» қоғамдық қоры мен «Глобус» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен сенбі мен жексенбі күндері ақпараттық тур ұйымдастырды. Облыс тұрғындарына тұңғыш резерваттың аумағындағы бірегей туристік маршруттарды таныстырған турдың аясында қатысушылар туған өлкенің қайталанбас алуан түрлілігін «көздерімен көріп, қолдарымен ұстады». «Ақжайық» резерватының маманы Венера Берқалиева бұл күні Жайықтың бойындағы таңғажайып табиғатты көруге 230 турист қызығушылық танытқанын айтады. «Болашақта экобағыттың тиімділігі мен көркемдігін арттыру мақсатында атқа міну үшін жылқылар, қайықтар мен байдаркалар алынып, қалқыма үйлер салынады», – дейді Венера Берқалиева.