Телефон тарифіне қатысты ереже өзгерді
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметін көрсету ережелеріне өзгеріс енгізетін бұйрық әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұйрық жобасында келесі өзгерістер қарастырылған:
- абоненттермен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттарды жасасады;
- абонентке ұялы байланыс операторының және абоненттік құрылғының техникалық мүмкіндігіне сүйене отырып, қашықтан ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына QR кодын (eSim) беру, жеткізу немесе жүктеу жолымен абонентті сәйкестендіру картасын алу мүмкіндігін береді
- абоненттерді сәйкестендіру тетіктерін қолдану (электрондық цифрлық қолтаңба, QR коды, SMS);
- мекенжай анықтамасы (көрсетілген мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжат) алынып тасталды.
Роуминг-серіктестің шарттары туралы кез келген хабарлама қысқа мәтіндік хабарламалар немесе USSD-сұрау жіберу арқылы абонент басқа елге кіргенін тиісті растағаннан кейін абонентке жіберіледі.
Сондай-ақ байланыс операторларының халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту және телефон қызметтерін сапалы ұсыну мақсатында телефон байланысы қызметтерін көрсету мерзімі қысқарады.
Инфокоммуникациялық технологиялардың дамуына байланысты абоненттермен шарт жасасу үшін қажетті ақпаратты алу жолдары кеңейеді.
Бұл ретте абоненттердің мүддесін қорғау үшін тарифтік жоспардың шарттары өзгерген кезде абонентке хабарласып, келісімі алынуы керек.
Сондай-ақ абоненттің өтініші бойынша байланыс желілерінде авария болған жағдайда және ұялы байланыс операторының кінәсінен байланыс болмаған кезде абоненттік төлемді қайта есептеуді жүргізеді.
Абоненттер келісім-шартты біржақты бұза алады, бұл туралы байланыс операторына жазбаша түрде хабарлап, оған келтірілген нақты шығындарды төлей алады.
Сонымен қатар алынған байланыс қызметтері туралы ай сайын ақысыз ақпарат алу жолдары кеңейтіледі.
Бұйрықтың жобасы 9 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін АшықНҚА веб-сайтында орналастырылған.
Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын «Егемен Қазақстан» телеграм каналынан оқыңыз