Табысты өсірудің қарапайым тәсілі
Сіз өзіңіздің табысыңызды үш айда 20 пайызға өсіруді қалайсыз ба? Әрине, мұндай сауалға ақыл-есі дұрыс әрбір адамның «иә» деп жауап берері анық. Жалақысының үш айда 20 пайызға өсуін кім қаламайды дейсіз. Бірақ та, бұл біздің қолымызда емес қой. Әр адам осылай ойлайды. Шындығында, бәрі біздің өз қолымызда дейді өзін өзі дамыту ілімінің білгірлері.
Табысты өсірудің қарапайым тәсілі
Енді сізге уақыт созбай жалақыңызды немесе ай сайын табатын таза табысыңызды 20 пайызға көтерудің қарапайым және әрбір адам үшін қолжетімді тәсілін баяндайтын уақыт келген сияқты. Дегенмен де, бұл тәсілдің қаншалықты өмірде нақты жұмыс ісейтіндігі туралы менің өз басым дәл басып ештеңе айта алмаймын. Өйткені, оны өмірде нақты қолданып, нәтижеге жеткен жоқпын. Бұл тәсілді естіп, білгеніме бір айдай ғана уақыт өтті және сол уақыт ішінде оны өмірлік тәжірибеме енгізіп, қолданып келемін. Ал, осы тәсілдің авторы өзін өзі дамыту ілімінің сарапшысы Бодо Шефердің пайымынша, ол үш айда нақты нәтиже бермек.
Сонымен енді, осы тәсілдің өзіне тоқталайын. Ол өте қарапайым және кез-келген адамның қолынан келеді, сондай-ақ, ол көп уақытты, еңбек етуді қажет етпейді. Күн сайын бес-он минут уақытыңызды бөлсеңіз жетіп жатыр және оны қалаған кезіңізде, жұмыс уақытында немесе жұмыстан кейін жасауыңызға болады.
Табыс күнделігі
Иә, Бодо Шефердің бұл тәсілін осылай деп атауға болады. Сіз күн сайын өзіңіз сол күні жасаған 5 жақсы және пайдалы ісіңізді қойын дәптеріне жазып отыруыңыз қажет. Ондай істердің қатарында автобуста қарт адамға тұрып орын беруден бастап, кәсіби біліктілігіңізді арттыру үшін оқыған кітабыңыз немесе көрген видеосабағыңызға дейін бәрі кіреді.
Егер сіз өзіңіз пайдалы іс деп санасаңыз, оның бәрін жеке пункт ретінде табыс күнделігіне жазып отыруыңызға болады. Ол істердің саны кем дегенде 5 болуы тиіс. Одан көп болса, тіпті жақсы. Міне, бар болғаны осы ғана. Қойылатын негізгі шарт: күнделікті демалыс, мерекеге қарамай күн сайын үзбей жүргізу қажет. Бодо Шефердің айтуынша, егер сіз күнделікті үш ай бойы үзбей жүргізсеңіз, онда табысыңыз міндетті түрде 20 ПАЙЫЗҒА ӨСЕДІ.
Ақылға сыймайтын таңғаларлық нәрсе емес пе. Табысыңызды көтеру үшін қосымша жұмыс іздеп немесе жұмыстан тыс уақытта еңбек етудің, артық күш-қуатыңызды жұмсаудың еш қажеті жоқ. Бар болғаны күн сайын өзіңіз жасаған бес пайдалы істі жазып отырсаңыз бітті. Қызығы сол, Бодо Шефердің айтуынша, осы тәсілді пайдаланған он мыңдаған адам табысын арттыруға қол жеткізіпті. Тіпті, солардың арасында ештеңеге сенбейтін бір скептиктің табысы 20 емес, 40 пайызға бір-ақ өсіпті. Ол Шеферге жазан хатында: «Мен табыс күнделігін сіздің тәсіліңіздің өтірік, жалған екендігін дәлелдеу үшін жазып жүрдім. О, тоба, сұмдық, үш айдан кейін табысым күтпеген жерден 40 пайызға бір-ақ өсті. Сөйтіп мен сіздің тәсіліңіздің нақты жұмыс істейтінін мойындауға мәжбүрмін» -деп жазады.
Қарапайым тәсілді сіз де қолданып көруіңізге болады. Бәлкім, жолыңыз болып, табысыңыз 20 пайызға өсіп қалар. Менің күнделік жазғаныма 1 айдай болды. Енді 2 ай өткен соң оның нәтижесі қандай болғаныдғын блогымда міндетті түрде жазып, оқырмандарды хабардар ететін боламын.