Саудаласу үшін де құқықтық сауаттылық керек
Егер деректерге көз сүзсек, елімізде тұтынушылардың 73 пайызы отандық сауда-саттық саласының жұмысына разы емес. Тұтынушылардың құқын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауалнамасы осыны айқындайды. Бір қызығы, тұтынушылардың дені қара базардағы саудаға емес, қаладағы ірі супермаркеттер мен дүкендердің сауда-саттық жүргізу жұмыстарына қанағаттанбай отыр.
Мәселен, біз күні бүгінге дейін «таразыдан кем өлшеу, тұтынушы алатын затты кем салу, затты ескі безбен таразылар арқылы өлшеп пайда табу тек базар саудагерлеріне тән қылық» деп оған үйренісіп те кеттік. Ал мұндай алдау түрлері қазірде ірі супермаркеттерде де орын ала бастаған. Тіпті қайсыбір супермаркеттер тауарлардың бағасы жазылған штрихкодтарды өзгерту арқылы пайда табуға көшкен. Бұған қатысты айтарымыз, мысалы, тұтынушы бір қорап шоколад алғысы келді делік, сөреде әлгі шоколадтың бағасы 120 теңге деп көрсетілген болса, сатушы шоколадтың штрихкодын кассаға сап кеп жібергенде тауар бағасы экраннан 220 болмаса 260 теңгені көрсетуі ғажап емес. Мұндайда тауар бағасы бірден екі есеге дейін өсіп шыға келеді. Бұған қатысты «Адал» тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің төрайымы Артық Сейітқалиева:
– Осындай жайтқа ұшырай қалса, тұтынушылардың көбі «тауар бағасы сөреде қате жазылған болды ғой» деп аса мән бермеушілікке салынады. Айналып келгенде, бұл жерде өрескел заңбұзушылық жатыр. Заңдылық бойынша сөредегі баға мен кассада көрсетілетін экрандағы баға сәйкес болуы керек. Бұл жерде тауардың штрихкоды әдейі алмастырылған болуы да мүмкін. Ондайда жаңағы шоколадтың бағасы шынымен де 120 теңге болып, штрихкодтың ауысуына байланысты сіз басқа қымбат тауардың бағасын төлеген боласыз. Сондықтан бұл жерде дереу супермаркеттің әкімшілігіне шағым айтып, бұлай алдаудың заң жүзінде алаяқтық екенін түсіндіруге тырысыңыз, – дейді.
Ал енді супермаркеттердің қулық-сұмдығы өз алдына делік, «тұтынушыны сатушылар қалай «қап» дегізеді» дегенге келсек... Әрине, кеңестік кезеңде арнайы оқу орнын бітірген, сауда-саттық мәдениетінен хабар-ошары бар мамандар ғана арнайы еңбек кітапшасын алып дүкенге сатушы болып қызметке орналасатын. Ол кездерде сатушылық та білдей бір қызметтен кем емес-тін. Қазір керісінше, сатып тұрған тауарының сапасынан, қайда өндірілгенінен, қандай тауар екенінен, тіпті тауар бағамынан мүлде бейхабар сатушылар жетіп-артылады.
Бұл ретте тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің мамандары қазірде сол сатушылар тұтынушыны сан соқтыруда, негізінен мынадай амал-тәсілдерді көп қолданатынын алға тартады:
• Егер сіздің қапшыққа салынған затыңызды сатушы электронды таразыға еппен қоймай, екпінмен лақтырып қойса, бұдан күдіктенген абзал. Себебі электронды таразыға зат екпінмен түссе, онда заттың салмағы тым артық болып көрінеді. Бұдан сіз бірнеше есе желінесіз. Бұл – бір.
• Екінші, сатушы бір тауар бағасына бірнеше баға қойып жалған айтуы мүмкін. Осыны зерттеуге тырысыңыз.
• Үшінші, үйіңізге жақын маңдағы дүкенге балаңызды жібермеңіз. Сатушылар мұндай мүмкіндікті де құр жібермей, баланың қолына салмағы аз, сапасыз, жарамдылық мерзімі өткен тауарды ұстата салуы әбден мүмкін.
• Төртінші, дүкенге барғанда таразының беті өзіңізге қарап тұрғанына назар аударыңыз. Егер таразы басы сатушыға қарап тұрған болса, оны ескертуге құқылысыз.
• Бесінші, чек талап етіңіз және кассадан ұзамай алған затыңызды чектің бағасымен салыстырыңыз. Қайсыбір сатушылар чектің ішіне алмаған тауарыңызды басып жіберуі де ғажап емес.
• Алтыншы, сатушының сөзуарлығынан сақтаныңыз, қайсыбір сатушылар өзара әңгімелесу арқылы таразыдан жеп, жарамсыз тауарды сөмкеңізге тоғытып жіберуі мүмкін.
Міне, мамандар сатушылардың осындай әрекеттері тұтынушыны үнемі сан соқтырып жататынын, сондай-ақ мұндай жағдайға тап болғанда мәселені сол жерде ушықтырмай шешу қажеттігін алға тартады.
Жадынама
Қаперіңізде жүрсін, негізінен, сауда-саттық саласына қатысты тұтынушы алдымен тауарды ұсынушымен тең құқылы екенін білгені жөн. Егер тұтынушы өнімді сұранысына қарай сатып ала алмағанына көзі жетсе, дереу тұтынушылардың құқын қорғайтын органдарға хабарласуы керек. Бұған қоса сауда жасайтын сәтте жоспарлы саудаға баса назар аударған жөн. Жасайтын саудаңыз жоспарлы болса, бұған қоса сауда-саттық жасарда «шынымен де осы зат маған қажет пе» дегенді ой таразысына сала білсеңіз, әмияныңыз да, өзіңіз де қаржыдан тарықпасыңыз анық. Бастысы, сауда-саттық жасағанда да құқықтық сауатты болу керектігі даусыз.