Шағын кластер жасақтау агроөнімнің бабын келтірмек...
Қазақстан, Ресей және Беларусьтің басын қосқан Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) 1 қаңтардан бастап күшіне енді. БЭК аумағында тауарлар, қызмет, капитал және еңбек күшінің еркін қозғалысын іске қосқан құжаттарға үш елдің мемлекет басшылары өткен жылдың желтоқсан айында қол қойған-тұғын. Интеграцияның ортақ бағыты БЭК-ке мүше елдердің өз экономикалық қызметін кеңістіктегі кез келген елдің аумағында бірдей құқықтық шарттармен жүргізуге мүмкіндік беретін бірқатар келісімдермен белгіленді.
«Біз ауылшаруашылық өнімдері көлемінен ішкі қажеттілігімізді толық өтей аламыз және одан артылған өнімімізді экспортқа шығарып отырмыз»... Нақ осылай деп мәлімдеген еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: келіп жеткен 2012 жылы отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге үлкен үміт артуға болатынын құлаққағыс жасады...
Бұған қатысты өткен 2011 жылы елімізде астықтың бітік шыққанын, өнім өсіріп, одан мол өнім алуға қол жеткізу үшін елде жылыжайлар салынғанын; сондай-ақ астық тұқымын сақтау мақсатында арнайы қоймалар ашыла бастағанын, ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге үкіметтік тараптан қалыпты жағдай жасалып отырғанын алға тартқан министр «ауыл шаруашылығы жалпы өнімнің көлемі 2011 жылдың қаңтар-қараша айларында 27,3 пайызға өсім бергенін» баса айтты.
Бұл ретте Мамытбеков мырза «өндірушілер астық, ет, жұмыртқа, көкөніс секілді азық-түліктер өндіруде жоғары көрсеткішке жетті. Бірақ кейбір құс еті, қысқы көкөніс секілді позициялар бізде әлі жетілмей отыр. Біз жұмысымызды жетілдіреміз» дегенді алға тартты.
... Сөйтіп, бидайдың бітік шығуы дастарқанымызға береке әкеледі дескен ауыл шаруашылығы министрі өткен 2011 жылы біршама ауылшаруашылық өнімдері – 1,7 пайызға, соның ішінде астық өнімдері 13,8 пайызға дейін арзандағанын мысал етті. (Кестеге зер салсақ)...
2011 жылғы сатылым бағасы арзандаған өнімдер
Қарақұмық 20,2 пайызға
Бидай 19,4 пайызға
Сәбіз 15, 9 пайыз
Қырыққабат 10,7 пайыз
Картоп 8,5 пайызға
Қызылша 3,3 пайызға
1,5 пайызға арзандаған
Ал бұған қатысты пікір білдірген экономист-сарапшыларымыз егер болашақта тұтынушыларды арзан әрі бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келсе, «өндірістік формула «шикізат-тауар» мәселесін жетілдіруге одан әрі мән берген абзал» деседі. Бұл ретте экономист ғалым Атамұрат ШӘМЕНОВ былай деді:
– Келешекте арзан агроөнімге қол жеткізу үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтаған жөн. Ол шағын кластер жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан, тағам өндіру технологиясынан, сервистік қызметтерден және тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады. Кластерді заңдық ұйымдастыру түрлері Азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б. болуы мүмкін. Көрсеткіш егілген егіс пен мал саны емес, өндірілген тағам көлемі мен сапасы болып табылады, яғни шығарылған тауармен бағаланады. Шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады. Міне, бұл да – тұтынушыны арзан өніммен қамтамасыз етудің бір жолы. Астығы бітік, шикізаты мол еліміз үшін осы іске кірісетін кезең әлдеқашан жетті...
Жалпы, мамандар «тұтынушылар ауылшаруашылық өнімдерінің арзан түріне қол жеткізу үшін азық-түлік қоймаларын, ірі логистикалық жылыжайлар салу үрдісін республикалық деңгейді жалғастыру қажет» деп отыр. Бұған қатысты экономист ғалым Аман ШОТАЕВ:
– Ауыл шаруашылығы өндірісінде өзіндік индустрия қалыптастыру үшін жергілікті жерде өндірілетін азық-түлікпен әр отбасының және ауыл, село, кент, аудан, қала, облыс тұрғындарының өз-өздерін қамтамасыз етуі 80 пайыз болуы керек. Жалпы, ауылшаруашылық өнімімен халықты қамтамасыз ету тамақ өнімдерінің он түрінің тұтыну деңгейімен бағаланады. Оған нан және жарма өнімдері, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, май және мал майы, жемістер, көкөністер, картоп, қант және кондитерлік өнімдер жатады. Қазірде біз астық өнімдерімен халықты қамтамасыз етуде 67 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Елде астықтың бітік өсуі осындай көрсеткішке қолымызды жеткізді. Соңғы екі жылда көкөніс өнімдерімен де халықтың тұтыну көлемі едәуір өсті. Бұл мақсатта елде 20-ға тарта ірі жылыжай салынып, олар өз өнімдерімен халықты қамтамасыз ете бастады. Болашақта да осындай нарықтық тетіктерді пайдалана отырып, агроөнімдердің әлеуетін арттыра берген абзал. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қымбаттамауына кепіл болатын бастамалар, – деді...
Түйін
Негізінен, мамандар Қазақ елінің ауылшаруашылық өнімдері республика халқының сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік саудаға шығуға потенциалы бар екенін, ал біз осы мүмкіндікті әлі дұрыс пайдалана алмай отырғанымызды жасырмайды. «Егер халықаралық тәжірибені оңтайлы пайдалана алсақ, өзге дамыған елдердің ауылды мемлекет тарапынан қолдау және агробизнесті ұтымды ұйымдастыру жақтарын алуға тырыссақ, біз алдымен өз өнімдеріміздің арасында өзара бәсекеге қабілеттілік тудыруымыз керек. Соған жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыруға күш жұмылдырғанымыз абзал. Осылай еткенде ғана агроөнімдеріміздің бабы келісіп, халық сапалы әрі арзан өнімге қарық болады» деседі сарапшылар.