РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: экономикалық көзқарас

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мазмұны рухани-этикалық қағидаттарға бағдарланғанымен, ішінара экономиканың маңызды мәселелері де қозғалыпты.

Мақаланы оқи отырып, алған әсеріміз арқылы экономикалық көзқарасымызды білдірсек:
Маған ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының да, сол сияқты шағын мен орта бизнестің ішкі өмірі жақсы таныс. Мұнда әр ұжым ағымдағы, көкейкесті міндеттерді талқылай отырып, сонымен бірге мәні терең тақырыптарды да қозғайды, мәселен: біздің қазіргі істеп жатқанымыз не үшін, кім үшін керек? Бұның жауабы: біздің еліміздің және балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатыр. Кейбіреулері дәл осы балаларының жарқын болашағы үшін шет елге кетіп жатады. Ал біз неге кетпейміз, неліктен біз өз елімізді гүлдендіруге барынша күш салудамыз? «Табысты ел» туралы өз ой-пікіріміз қандай елдің үлгісі негізінде құрылуы тиіс? Көбіміз, оның ішінде мен де, бағдар ретінде батыс үлгісіндегі қоғамды таңдап отырмыз. Алайда, дамыған елдерде болған кезімізде, олардың да өздеріне тән шешілмеген түрлі проблемалары бар екенін байқаймыз. Әлемдік экономика мен қаржы жүйесіндегі айқын үйлеспеушілікті көреміз. Бұл мәселені 2009 жылдың өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Бесінші жол», «Дағдарыстан шығу кілті» атты еңбектерінде сипаттаған болатын. Бұл жүйе мүлдем өзге экономикаларға лайықталып «ұшталған» және оны біздің мүдделер қызықтырмайды. Сонда біз қайда баруымыз керек, неге ұмтылуымыз тиіспіз?

Бұл сұрақ соншалықты риторикалық сауал емес. Айқын жауап болмаса, бір сәт, бизнестің басты мақсаты – шексіз баю, ақша үшін «ақша жасау» деген пайымдау ойға келеді. Әрине, кейбір адамдар үшін бұл ыңғайлы пайымдау шығар. Алайда, бүкіл ел үшін, бүкіл ұлт үшін оның пайдасы қаншалықты? Осы тұрғыда, «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан, ұлттық бизнестің партиясы ретінде, Елбасымыздың мақаласында көтерілген ұлттық рухани жаңғырудың маңызды үндеулері шын жүректен және сөзсіз қолдау тапты деп айта аламын.

Барлық ұлы экономистер – құнның еңбек теориясының авторы Адам Смит пен Дэвид Рикардодан бастап олардың оппонент-кейнсианецтерге дейін, оның ішінде Джон М. Кейнсті қоса алғанда – адамзатты ынталандырусыз экономикалық дамуды елестету мүмкін емес деген тұжырымға келді – бір жағынан, еңбекке, екіншіден – сұраныс пен ұсынысқа. Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында классикалық экономиканың бұл ережесін нақты тарихи жағдайдағы нақты қоғамға байланысты экономикалық санатқа абстрак тілі ынталандыруды мысалға келтіре отырып, кең тұрғыда өрбітеді.
Дәл осы ұлттық сәйкестілікті сақтау және прогрессивті өзгерістерге ұмтылыс біздің әрі қарай дамуымыздың материалдық емес ынталандыру күштері болмақ.

Әлеуметтік поляризацияны қысқарту

«Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», - деп атап өтті Елбасы. Менің түсінігімде, осы сөйлемде қоғамдағы әлеуметтік және этникалық сенімсіздікті жою, ұлттың «шала» және «нағыз» қазақтарға, шылқыған бай мен тақыр кедейлерге бөліну үрдісі, құқықтық нигилизм көздерін жою туралы айтылған.

Нұрсұлтан Әбішұлы нарықтық түрлендіру мен әлеуметтік теңсіздік байланысының түйінді проблемасын өте анық аңғарған. Бұл екеуін этникалық және діни мәселелер, радикализм мен экстремизм проблемаларымен қоса алғанда, өзге де коллизияларды тудырады. Соңғы жылдары Президенттің күш-жігерінің дені дәл осы алшақтықты қысқартуға бағытталған: жаңа жұмыс орындарын ынталандыру бойынша, кәсіпкерлікке жаппай сипат беру, шағын несиелеуді ауқымды дамыту бойынша жұмыстар. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев проблеманың өрісін түбегейлі кеңейтіп және тереңдете отырып, этикалық платформаға ден қоюда. Мақаланың сарыны бойынша, әлеуметтік жіктелу мәселесі кез келген қоғамға тән, жай ғана әлеуметтік теңсіздікті туындатып қоймай, сонымен қатар, біртұтас құбылыс ретінде ұлттың сәйкестендірілуіне қатер төндіреді.

Президенттің мақалада прагматизм мәдениетіне ден қоюы кездейсоқтық емес: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық...». Және де іскер адамдарды, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де азаматтарды «Туған жер» бағдарламасы аясында кірістердің алшақтығы тайға таңба басқандай анық білінетін өңірлерге, туған жеріне қолдау көрсетуге, бақ-дәулеттің қарсы полюсіндегі адамдарға құрметпен қарауға шақырады.

Ұлттық сананың поляризациясын жеңудің маңызды тетігі әлеуметтік проблемалардың қазіргі шешу жолдары ғана емес, сондай-ақ табысты азаматтармен өз ұлты үшін өз жауапкершілігін мойындауы болуы тиіс. Жеке бастың ырыс-берекесі біздің қолдауымызға зәру жандарға қамқор болып, олар жайлы ойлауға кедергі келтірмеуі тиіс: бұл біздің адамдар, бұл біздің ел. «Біздің қанымыз бір», - деп Нұрсұлтан Назарбаев британ жазушысы Редьярд Киплингтің сөздерін жуырда өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясында келтірген еді. Меніңше, бұл сөздер түрлі этностарға ғана емес, табысы әр түрлі адамдарға да қатысты айтылған.

Дәл осы ізбен ұлттық этикалық құндылықтарды қолдайтын еліміздің лайықты азаматтары ретінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілердің халықпен оң қабылдануын дәстүрге айналдырған жөн. Осы орайда, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» атты бастамасы – елімізге табыстың өз бетінше, оңай келмейтінін көрсетудің бір жолы: әр нәтиже – бұл қажырлы еңбек, білім мен жаңашылдықтарға дайын болу.

Жалпы, аталмыш мақаланы тәуелсіздік жылдары ішінде Елбасымыз мәлімдеген барлық бағдарламалармен кешенді түрде қарастыратын болсақ, олардың Ұлт Көшбасшысының құндылықтары мен көзқарастарының біртұтас жүйесіне келіп саятын ортақ логикасын байқаймыз. Мұны айрықша атап өткен маңызды. Оның өндірістік экономикасының басымдығы туралы алдыңғы тапсырмаларын, желтоқсандағы Индустрияландыру күнінде айтқан ескертпесін еске алар болсақ: Қазақстанның кез келген коммерцияға қолдау көрсеткен шағы өтті, бүгінгі күні бізге ең үздік технологиялар бойынша жұмыс істейтін және өткізудің халықаралық тізбегіне енген озық кәсіпорындар керек.

Биылғы жылғы «Үшінші жаңғыру» Жолдауының ШОБ үлесін арттыру, бизнестің өндірушілік емес шығындарын жаппай төмендету, сыртқы әріптестермен қарым-қатынас жасауда ұлттық экономикалық мүдденің басымдығы және т.б. туралы талаптары өте өзекті.

Президенттің барлық бастамалары өз жемісін беруде: мәселен, Қазақстанда бүкіл кеңестік үкіметтен кейінгі кеңістікте анағұрлым ырықтандырылған экономикалық үлгісі құрылған, бизнес мемлекет тарапынан бірталай преференциялар мен тікелей қаржылық көмек алуы. Тәуелсіздік жылдары ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы жеке өзі шағын және орта бизнесті тексеруге үш рет мораторий енгізген болатын, бұл мыңдаған кәсіпкерді қысымнан құтқарып қалды, ал кей жағдайда – дағдарыс кезінде ойсыраудан аман алып қалды.

Әрине, мемлекеттік қамқорлықтың кері әсері де жоқ емес: бүгінгі күні кей жерлерде тұтастай «мемлекет арқасындағы бизнес» қалыптасып кеткен, бұл жерде жемқор шенеуніктер немесе құрылымдар мемлекеттік қолдауды және өкілеттіктерді өз мүддесіне қарай билейді, мысалы, жуырда белгілі болған «СК-Фармация» ЖШС-ның дәрі-дәрмектерді шет елден ішкі қазақстандықтан бірнеше есе жоғары баға бойынша мемлекеттік сатып алу деректерін еске алсақ. Әр сала бойынша мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Сондықтан ұлттық шоғырландырудың маңызды бағыты соңғы жылдары белсенді түрде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлықпен және бопсалаушылықпен қарсы күрес болып табылады. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды тек жазалау шараларымен ғана шектеу дұрыс емес: мемлекеттің барлық шенеуліктерді құрықтау міндеті жоқ және болуы мүмкін де емес. Жемқорлықтың өзі себеп емес, ол құндылықтардың өзгеруінің салдары. Бұл түйінді шешу үшін өршеленіп отырған әлеуметтік теңсіздік болып табылатын «кез келген жолмен арам ақша табу» ынтасын жою керек. Бұл үшін кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтықты қысқарту екі әлеуметтік полюсте қатар жүргізілгені абзал: аз қамтылған халық санатына табыс табу үшін, ал жастарға – жеке меншік табысқа қол жеткізу үшін мүмкіндіктер жасау.
Ал ауқатты топтарға мынаны ұғыну керек: өмірдің мәні – үнемі байып отыру емес және де ұлттық сәйкестендіру үшін, сол сияқты озық білімдерді, технологияларды, өнімдерді, қызметтерді – өмірдің сапасын құрайтын барлық белгілерді алға жылжыту үшін жауапкершілікті өзіне жүктеу. Отандық бизнеске «кез келген жолмен ақша табу» идеологиясынан «игі ақша» тұжырымдамасына көшу керек. Президент сондай-ақ бұл жерде біздің басшылыққа алатын қағидаттарды да атап өтті: бәсекеге қабілеттілік, білім, прагматизм, жаңашылдыққа ашық болу.

Өмір сапасы

Неліктен Елбасы, жоғарыда айтылғандай, жұмыс орындарын құруға ерекше ден қоюда? Жауап анық секілді: өйткені жұмыс істейтін адам кедей болуы мүмкін емес. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі бұл жерде де байқалады: шын мәнісінде, жұмыс – бұл, ең алдымен, біліктілік, білім, оқуға қабілеттілік. Одан басқа, жұмыс істейтін адам бюджетті артық салмақтан арылтып қана қоймай, салықты өзі төлейді, сонымен бірге, кірістерді қайта бөлу тізбегінің бір бөлшегі және азық-түлік, киім, баспана сатып алатындардың табыс көзі болуы әбден мүмкін.

Статистика мұнай-газ немесе қаржы секторындағы жоғары жалақы туралы мәлімдеген кезде, мынаны ескерген жөн: барлық қазақстандықтар мұнайшы, банк қызметкері немесе шенеулік бола алмайды. Дегенмен, олар да басқа салаларда немесе шағын мен орта бизнесте жұмыс істей отырып, табыстан өз үлесін алуға толық құқылы.

Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың саны бойынша бизнес-жобаларды мемлекеттік қолдаудың талабы кейде экономиканы жаңғырту міндетіне қайшы келеді. Жаңғырту процестерді автоматтандыруға үздіксіз байланысты, бұл дегеніміз, жұмыспен қамтылғандардың аз саны бар кәсіпорындардың неғұрлым жоғары бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. Ал, мұндай кәсіпорындардың жұмысшылары анағұрлым жоғары біліктілікке ие болуы тиіс.

Бұл тұрғыда абстрактілі «жұмыспен қамтуға» қолдау көрсетуден гөрі, күнделікті өмірде сұранысқа ие өнімнің: тамақ, киім, гигиена құралдары, балаларға арналған тауарлар және т.б. өндірісімен және сервисімен айналысатын көптеген шағын кәсіпорындарға қолдау көрсету неғұрлым тиімді шешу жолы болар еді.

Екіншіден: өкінішке орай, біздің тәжірибемізде жұмыс істейтін адамның өзі аз қамтылған және тіпті, баспанасыз да болуы мүмкін. Бұл жердегі проблема – Президент атап өткен поляризация ұлттық санада ғана емес, тұтынушылар нарығында да орын алуда. Нарық, негізінен, екі шекке бөлінді: қымбат сапалы тауарлар мен қызметтер және сапасы күмәнді қалған тауарлар.

Мәжілістің өткен шақырылымында Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мынадай деректерді хабарлады: біздің нарықта айналымда жүрген өнімнің жартысынан көбісі қауіпсіздік бақылауынан өтпейді. Жиі түрде қарапайым азамат өзінің не сатып алып жатқаны жайлы хабарсыз: БАҚ тұрақты түрде қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен, техникамен, құрылыс материалдарымен, киіммен, улы бояғыш заттары бар балалар ойыншықтармен сауда-саттық туралы деректерді жариялап жатады.

Айта кету керек, мемлекеттің тікелей міндеттемесі – техникалық реттеу жүйесі арқылы халықты қорғау, бұл жүйе нарыққа тек қауіпсіз және тек сапаның белгілі деңгейі бар тауарларды шығаруға ғана мүмкіндік береді. Бүкіл қоғам үшін өмір сапасының талабы да осы – жеке табысына қарамастан, әр азамат қауіпті және сапасыз тауарлар мен қызметтерден қорғаулы болуы тиіс.

Бұл бәрінен де «темір қақпамен» жабылу керекпіз деген сөз емес: біздің ашық экономикаға қақпалар емес, көпірлер қажет. Бірақ бәсекеге қабілетті тауар ұғымы екі құрама бөлшектен тұрады: баға мен сапа. Егер баға нарықпен анықталатын болса, сапа, өнім қауіпсіздігінің туындысы ретінде, бүгінгі таңда ерекше қорғалуға мұқтаж, өйткені ол біздің бүкіл қоғамымыздың өмір стандарттарына тікелей әсер етеді. Одан басқа, өнім сапасына қатысты тәртіп орнату, бұл, әсіресе, ХТТ (халық тұтынатын тауарлар) секілді, тауарлар өндірісімен айналысатын адал бизнесті қолдайтын болады.
Бұл сондай-ақ прагматизмнің талабы: қымбат тауар сатып алуға үнемі қалтасы көтере бермейтін халықтың шынайы мүмкіндіктерімен санасу. Бұл жерде мыңдаған адамды қарыз бен несие алуға итермелейтін экономика мен нарықтың сән-салтанат пен тұтыну идеологиясын насихаттауына жол бермеу. Осыған орай, АҚШ-тағы ең ірі PR-агенттіктердің бір басшысының Дональд Трамптың жеңісіне реакциясы есіме түсіп отыр, ол бұрын халықтың ауқатты санатына бағдарланған маркетингтік компанияларға енді өз стратегияларын қайта қарау керектігін айтқан болатын. Өйткені, сайлау нәтижесінде анықталғандай, американдықтардың көбісінің – 40–45% – қажеттіліктері анағұрлым қарапайым.

Алайда, мәселе несиеде емес, проблема – біз өзіміз өндірмейтін нәрсені сатып аламыз. Яғни, біздегі көтерме тауар айналымы, өндіруші мен нарық арасындағы маңызды буын болудың орнына, елден ақша шығарудың құралына айналды. Ақылға қонымды қолдау болған кезде, бұл шығынды қажетті жұмыс орындарын ашатын отандық кәсіпорындардың легі де алмастыра алады.

Тауарлардың қолжетімділігіне келетін болсақ, ол тек бағаға ғана емес, халықтың табысына да байланысты. Теңдестірілген экономикада азаматтардың бағалы қағаздар нарығына жаппай қатысуы табыстарға елеулі қосымша болып табылады. Біздің елде де мұндай талпыныстар жасалған еді, ПИҚ (айлық инвестициялық қор) бағдарламасы, KASE құру, «халықтық IPO». Өкінішке орай, осы бастамалардың бірі де халықты қосымша табыспен қамтамасыз еткен жоқ. Дегенмен, менің ойымша, бұл мәселеде үміт үзу әлі ерте, әсіресе Президенттің бастамалары жарық көрген шақта. Бәрімізге белгілі, 2013 жылы Елбасы жекешелендірудің екінші толқыны туралы мәлімдеді, ал биылғы Жолдауда ол экономикадағы мемлекеттің үлесін 15-ға дейін қысқарту міндетін алға қойды.

Жекешелендірудің қатысушылары, әзірге, тек кәсіпкерлер ғана, алайда қалған қоғамның экономикаға қосар үлесін де жоққа шығаруға болмайды. Әрине, егер жекешелендірілетін компаниялар мәлімделген баға бойынша сатылып жатса – іске сәт. Дегенмен, жекешелендіру жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі ретінде, маған бірнеше жағдайлар мәлім, мұнда мемлекеттік қатысуы бар түрлі АҚ мен ЖШС ұзақ уақыт иесіз қалады, баға бірнеше рет төмендетіледі, тіпті оған да бірнеше жылға төлем мерзімі ұзартылу ұсынылады, бұл инфляциялық процестердің ескерілуімен, мемлекеттік пайдасын тым азайтады.

Белгілі американдық экономист, Ұлыбритания мен Чилидегі жекешелендіру бағдарламаларының авторы Артур Лаффер бұл проблеманы менімен талқылай отырып, мынадай кеңес берген еді: мұндай кәсіпорындардың 25-тен 45-ға дейін үлесін олардың еңбек ұжымдарына бөліп беру керек. Бұл қарапайым қадам қызығушылығы бар бизнесті неғұрлым тиімді шарттарды күте отырып, кәсіпорынның 100% үлесін сатып алумен тым ұзаққа созбауға түрткі болады. Не болмаса, «арзанға» сатып алатын болсаң, онда өз жұмыскерлеріңмен бірге иелік етуге дайын бол. Сәтсіз болған ПИҚ-тен айырмашылық – азаматтар абстрактілі пұлдардан емес, нақты кәсіпорындардан үлес алады және де олардың шынайы жағдайын қадағалай алатын болады. Одан басқа, мұндай шешім, 1992-1993 жылдардағы жағдайға қарағанда, бүгінгі таңда Астана Халықаралық қаржы орталығы тұлғасында зор мүмкіндіктерге ие бағалы қағаздар нарығына жақсы қарқын беруге қабілетті. Сөйтіп, халық табыстың қосымша көзіне ие болса, экономика – бәсекеге қабілеттілік талпынысына ие болады. Азаматтарымыздың табысын арттыру бойынша басқа да шешу жолдарын табуға болады және табу керек.
«Игі» ақша

Бизнестің өзіне қатысты айтатын болсақ, әлеуметтік сыйластық пен әріптестікті қалыптастыру мақсатында оның халық мұқтаждықтарына барынша жақындату бойынша қадамдарды пысықтау қажет. Маңызды бағыттардың бірі – жосықсыз қызметтен бас тарту. Әрине, бір ғана үндеудің арқасында шынайы табыс әкелетін, қалыптасып қалған үлгіні өзгерту мүмкін емес екені түсінікті: бизнесте «романтиктер» кездесіп жатады, алайда идеалистер жоқ екені анық!

Нарықтағы қауіпсіздік пен бәсекені қолдау үшін мемлекет жауапты болғандықтан, бұл мәселедегі басты рөл нақты мемлекеттік органдарға тиесілі. Менің ойымша, өнімнің қауіпсіздігі ғана емес, адал бәсекені де қорғау – кәсіпкерлікті мемлекеттік тұрғыда реттеудегі басым бағыттың бірі болуы тиіс.

Бірақ бәсеке үшін нарық қатысушыларының көп болғаны шарт, ал біздің барлық дерлік қолдау бағдарламалары, ең алдымен, ірі экспортқа бағдарланған жобаларға арналған. Яғни, біз бастапқы кезден-ақ бизнес алдында өзіміздің азаматтарымыздың емес, шетел тұтынушыларының мүдделерін ескеру міндетін қойып отырмыз.

Бүгінгі таңда біздің супермаркеттердің сөрелерінде отандық тауарлардың жалпы жиыны небәрі 20-30% ғана қамтитыны – өзіміздің қоғам қажеттілігіне деген қатынасымыздың анық көрінісі. Осыны ескерсек, бұл дайын өнім өндіру саласында отандық кәсіпкерлер үшін қаншалықты зор әлеуеттің бар екенін көрсетеді.

Экспортқа бағдарлану – біздің экономикалық және қаржылық тұрақтылығымыздың түйінді факторы екені сөзсіз. Одан бөлек, сыртқы әріптестермен өзара іс-қимыл ментальді ашықтықты, жаңа идеялар мен технологиялардың ағымын қамтамасыз етеді. Алайда біз тек шикізат пен өндірістік мақсаттағы өнімді ғана экспортқа шығарамыз, ендеше, мұндай экспорт «тірі» адамдар қажеттіліктерімен жұмыс жасау дағдыларына үйретпейді. Бұл, әсіресе, сапалы импорт үйретеді, өкінішке орай, біздің елде оның арқасында басқалары ақша табуда. Сондықтан, экспортқа бағдарлану ішкі нарықтағы бар проблемаларға тосқауыл болмауы тиіс, өйткені дәл осы жерде ұлттық бизнес пен қоғам сұраныстары тоғысады.

Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарына, бұған дейін енгізілген тамақ өнеркәсібінен өзге, ішкі нарықта анағұрлым сұранысқа ие жаппай тұтынатын тауарлар өндірісінің басқа да салаларын енгізуге уақыт келді деп ойлаймын. Еуроодақ пен ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша, солардың үлгілеріне сай мұндай тауарлар тобы үшін төмендетілген салық мөлшерлемелерін енгізу керек. Шенеуліктерге бұны түсіну қиынға соғуы мүмкін, алайда экономикалық тұрғыда тиімді шешім: өнеркәсіп мақсатындағы өнім мен халыққа арналған тауарларға бірдей салық салынғаны мүмкін емес, ал бізде қазір дәл сондай жағдай. Президенттің қоғамды сананың ашықтығына шақырып отырғаны да сондықтан: үздік тәжірибені игеру және дамуға кедергі келтіретін жанама нормалардан бас тарту.

Сондай-ақ тек ірі жобаларға ғана емес, орта бизнес жобаларына да инвестициялық преференциялардың қолданылу мүмкіндігін қарастыруды жөн деп санап отырмыз. Өйткені дәл осы орта бизнес өңдеу өнеркәсібінің іргетасын қаласа, шағын бизнес – ең алдымен бұл қызметтер мен сауда-саттық саласы. Іс жүзінде бұл индустриялық аймақтарда рұқсатнамалық рәсімдердің оңтайландырылуын, сондай-ақ олардың шынайы преференциялармен байытылуын талап ететін болады, әсіресе, логистикалық шығасылар төмендетілетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің желілері бойынша. Жалпы, прагматизм қағидатын ИИДМБ-дегі «алыптылыққа ынтызарлықтан» бас тарту ретінде қарастыруға болады, бұл жерде қателесудің қаржылық құны тым жоғары болуы мүмкін. Осы орайда мысал ретінде айта кетсек, қазіргі таңда отандық шыны өңдеу кәсіпорындары Қазақстан Даму Банкімен бірнеше жүздеген миллион долларға қаржыландырылған Қызылордадағы шыны зауытының болашағына қатысты өз алаңдаушылықтарын білдіруде.

Әрине, ірі озық жобалар қажет, оларсыз қазіргі экономиканы елестету мүмкін емес. Алайда оған тұрақтылықты алыптар емес, ірілендіру елеулі техникалық өсуді немесе өнім бірлігіне өзіндік құнды төмендетуді білдірмейтін секторларда шағын кәсіпорындардың көп саны қамтамасыз етеді.

Бизнес пен қоғамның ара қатынасына ықпал ететін тағы бір фактор – халықтың жұмыспен қамтылуы. Жұмысы мен табысы жоқ адамдар, егер олардың өздерінде жақсы өмірге қол жеткізу перспективасы болмаса, табысты адамдардан үнемі ментальді тұрғыда алшақ болады.

Бұл жерде, тіпті, табысты өнеркәсіп алыптары да жұмыс қолдарынан босатылуға үнемі ұмтылатын болады. Олардың міндеті – қосымша құнды қалыптастыру және бюджетті салықпен толтыру. Сондықтан, ірі бизнесті әлеуметтік құралға айналдырмаған абзал. Оның міндеттері басым, әрі басты түрде – экономикалық. Әйтпегенде, мұндай ауыр жүк оларды бәсекеге қабілеттіліктен айыруы мүмкін. Кейде мұндай компаниялармен, оларға өздеріне тән емес функциялармен салмақ артқанша, салық жүктемесін күшейтуді талқылау әбден дұрыс болмақ.

Жұмыспен қамту міндеті көбіне шағын және орта бизнеске жүктеледі. Былайша айтқанда, бұл олардың тікелей функциясы. Сондықтан ШОБ-қа қатысты салық саясаты мен оларға деген көзқарасты қайта қарастырған жөн: мысалы, қайта құрылған ШОБ-ты салықтан босату туралы Президенттің алдыңғы бастамаларын толықтай іске асыру. Осы уақытқа дейін бұл тапсырма тек шағын кәсіпорындар үшін және тек олар төлемейтін корпоративтік табыс салығына қатысты ғана орындалған еді. Олай болса, ШОБ-ты КТС төлеуден мүлдем босатқан орынды болар еді, шын мәнісінде, бұл салықты осы кәсіпорындардың тым аз саны ғана төлейді. Шағын және орта кәсіпорындардың функциялары – олар халықты жұмыспен қамтамасыз етеді және де ШОБ-тың бюджетке негізгі түсімдері олардың жұмыскерлерінің жеке табыс салығынан жүргізілуі тиіс. Өзге де міндетті төлемдерді ескерген абзал: БЖЗҚ, ӘМСҚ, әлеуметтік салық, бұл сектор үшін еңбекақы төлеу қорына шығындар салық жүктемесімен тепе-тең келеді.

Екінші жағынан, жемқорлық қатерінсіз жергілікті билікпен кепілденген табыс алу үшін, онымен, мысалы ҚҚС-ты әкімшіліктеу байланысты, шағын бизнесті қажетсіз қағазбастылықтан арылтатын, бірақ қызмет түрі үшін мемлекетке тіркелген төлемді белгілейтін патент негізінде салық салуды кеңейту жөн болар еді. ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, салық салудың оңайлатылған тәртібін (АСР) қолдану бойынша шекті төмендету жағдайында бұл едәуір тиімді құрал.
Бизнестегі арқа сүйейтін қалыпты алдын алу, барынша ашықтықты қамтамасыз ету және бюджетке табысты арттыру үшін ҚҚС-ты сатудан түскен салыққа ауыстыру идеясына қайта оралуды жөн санап отырмын, бұл жерде есептеудің каскадты әдісінен бас тартқан дұрыс.

Бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, ең үздік халықаралық тәжірибеге ұмтылу үшін ШОБ-қа қатысты Елбасымен ірі инвестициялық жобаларға қатысты мәлімделген амал-тәсілді қолдану керек, атап айтқанда – олардың өткізудің трансұлттық тізбегіне енгізілуі. Әрине, трансұлттық корпорациялар – бұл үлкен емес, бұл тым үлкен бизнес. Бірақ ШОБ үшін де ұқсас құралдар бар, мысалы, франчайзинг түрінде, бұл жерде ұстаушы өндіру процессі мен сапасын бақылайды және франшиза алушыны өзінің өткізу желісіне қосады. Сол себепті франшизаны таңдауда, төлемді субсидиялауда бизнеске көмек көрсету, шын мәнісінде, отандық шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттырады және Қазақстанға тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің неғұрлым жоғары стандарттарын енгізетін болады. Бұл құрал, іс жүзінде, бізге жаңа мүмкіндіктер мен білімдерді ашуға, бизнестің жаңа дәстүрлеріне баулуға, біздің санамыздың көкжиектерін кеңейтуге қабілетті.

Жалпы, көптеген өзге де жағдайларды ескеретін бірыңғай шағын және орта бизнесті дамыту тұжырымдамасын қабылдау керек деп есептеймін, бұл жерде, ең алдымен – қолжетімді қаржыландыру мәселесі, бұны банк жүйесінің тұрақтылығынан бөлек шешу мүмкін емес. Жоғарыда айтылғандардың барлығы да – Президенттің мақаласын оқып отырып, өзім үшін жасаған ең бастапқы және көзге анық көрінетін тұжырымдар.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – бұл тек ой-толғаудың ғана емес, практикалық міндеттердің зор топтамасы деп ойлаймын. Біз құндылықтарымызға негізделген экономикалық үлгіні қалыптастырып жатырмыз. Мына келтірілген тұжырымдар – аталмыш мақаладан алған әсерім мен жеке көзқарасымнан түзілді. Бұл құндылықтар мен міндеттер бірыңғай қоғамның материалдық пен ментальді полюстерін жақындатуға және түрлі жағдайларға қарсы Қазақстанның ұлттық санасын шоғырландыру барысында маңызды рөл ойнайды.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста