Атырау облысындағы Ресейге жалға берілген Тайсойған полигоны аумағының 90 пайызы Қазақстанға қайтарылатыны хабарланды. Полигонды пайдалану шарттарын өзгерту туралы Қазақстан президенті жарлығы ақпанда шыққан еді.
Атырау облысының аумағынан Ресей қарулы күштеріне сынақ алаңы ретінде пайдалануға жалға берілген Тайсойған полигоны аумағының 90 пайызы Қазақстанға қайтарылатыны туралы ақпарат тарады.
1952 жылы ашылған полигонды бұрынғы СССР қорғаныс министрлігі ұзақ жылдар бойы стратегиялық мақсаттағы әскери зымырандарды сынақтан өткізетін аймақ ретінде пайдаланып келген. Полигон маңындағы елді мекендерде жергілікті тұрғындар арасында әртүрлі дертке шалдыққандар саны жоғары. СССР кезінде Қазақстанда Семей, Нарын (Капустин Яр), Азғыр, Сарышаған сияқты әскери мақсаттағы сынақ полигондары да болған.
Осы полигондар аймағындағы елдімекендердегі жергілікті тұрғындар арасында түрлі дерттер көрсеткіші жоғары.
Ресейге жалға берілген полигондарды қайтару мәселесімен шұғылданып жүрген Қазақстан парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Азаттыққа сұхбат берді.
Азаттық: – Қазақстанда СССР кезінен қалған әскери сынақ полигондарды Ресей қандай келісімдер негізінде пайдаланады?
Сәрсенбай Еңсегенов:– Қазақстан мен Ресей 1995 жылы қаңтардың 20-сында Ресейдің «929-мемлекеттік ұшу-сынақ алаңын» пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойған. 1996 жылы екі мемлекет «929-мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен алаңдарын жалдау» туралы тағы бір шартқа отырған. Міне осы құжаттар бойынша Қазақстанның батыс өңірі, соның ішінде Батыс Қазақстан және Атырау облысының аумақтары Ресейдің «929-ұшу сынақ орталығына» жалға берілген. Мұның ішінде Атырау облысының Қызылқоға және Индер аудандарының, Атырау қаласына қарайтын Ақжар ауылының жерлері бар. Қызылқоға ауданының үштен бірі, яғни 749 мың гектары осы полигонға берілген. Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылы да полигон аумағында болғандықтан ауызекі тілде «Тайсойған полигоны» аталады.
Аталған келісімдер бойынша полигон жерін заңды және жеке тұлғаларға беруге болмайды, яғни, ол жердегі Қазақстан азаматтары өз жері мен үйін заңдастыру құқығынан айрылған. Мәселен, Тайсойған ауылындағы мың жарымға жуық адам, жүз елуден астам үй меншік құжаттарын ала алмай отыр. Индер ауданының Сарымайшағыл ауылы да солай. Жерге меншік болмағандықтан, шаруа қожалықтарын да құра алмайды. Тайсойған өңірінде бірнеше кен орындары да осы себептен игерілмей тұр. Сол өңірдегі Мәтен біріккен кәсіпорны 1 мың 172 гектар жері полигон аумағында қалып қойғандықтан, өзінің толық қуатын пайдалана алмай отыр. Атырау қаласындағы Ақжар ауылында Ресей әскери бөлімі орналасқан аумақта да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Полигонның денсаулыққа зияны туралы мәселеден өзге оның экономикалық кедергілері де бар.
Азаттық:– Тайсойған сынақ полигонының 90 пайызы қайтарылады деген ақпарат тарады, қалған он пайызы қала бере ме?
Сәрсенбай Еңсегенов:– Бұл жөнінде жергілікті тұрғындармен де сөйлескенбіз. 2011 жылы Қызылқоға ауданы орталығы Миялы ауылында Қазақстаннан бірқатар министрліктер өкілдері мен Ресей әскери бөлімінің басшысы қатысқан кездесуде 749 мың гектардан 125 гектар жерді ғана қалдыруға келістік. Оның өзі пайдалануға жарамсыз, қолайсыз жерлер. Оны 90 пайыз немесе 10 пайыз деуге келмес. Осыдан кейін полигонға берілген жерлерді қайтару, келісімдерді қайта қарау жөнінде сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сұрау жолдағам. Ол 2011 жылы қарашада арнайы комиссия отырысында қаралды. Бірақ министрліктер бір-біріне сілтеп, сөзбұйдаға салды. Арада екі жарым жылдан кейін, 2013 жылы қазанда сол кездегі премьер-министр Серік Ахметовке тағы да сұрау жолдаған соң ғана бұл іске жауапты орган ретінде қорғаныс министрлігі бекітіліп, іс жүре бастады. Бірнеше кездесуден кейін Ресей қорғаныс министрлігі келісім берді. 2015 жылы ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы келісімдерге өзгерістер енгізу туралы хаттама жасау жөнінде жарлық шығарды. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуларына қарағанда, бұл келісімге екі елдің қорғаныс министрлігі наурыз айында қол қоюы мүмкін.
Азаттық:– Ресейдің Қазақстанда барлығы қанша полигоны бар? Тайсойғаннан өзге полигондар қашан қайтарылуы мүмкін?
Сәрсенбай Еңсегенов:– Полигондар туралы қолымда нақты дерек жоқ. Алдында айтқанымдай ауызекі тілде «Тайсойған» сынақ полигоны десек те оның ресми атауы «929-ұшу сынақ алаңы». Осы алаңға қатысты мәселелер айтылғанда Қазақстан үкіметі «929-ұшу сынақ алаңын» ғана емес, басқа да полигондардың мәселесін қарау жөнінде тоқтамға келді. Осыған байланысты қолданыстағы бес келісім мен төрт шарттың орнына қазір сынақ полигондарын пайдалану туралы бірыңғай келісім әзірленіп жатыр. Маған ол туралы сол кездегі премьер-министр Серік Ахметовтен жауап хат та келген. Оның ішінде Қазақстанның бірнеше облыстарын алып жатқан Сарышаған полигоны да бар. Мәселен, Ақтөбе облысының полигонға берілген кей жерлері толық қайтады.
Азаттық: – Полигондарды қайтару кезінде ондағы радиция деңгейі өлшене ме, ол үшін Ресей өтемақы төлей ме?
Сәрсенбай Еңсегенов:– Ол үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп дәлелдеу қажет шығар. Бірінші кезекте жерді қайтарып, осы өңірді дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік туғызу, сонда өмір сүретін тұрғындардың әлеуметтік жағдайын түзеу керек. Себебі, Тайсойған құмы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жер.
Азаттық:– Ресей жағы осы полигондарды қайтаруға қалай қарайды?
Сәрсенбай Еңсегенов:– Ресей бұл мәселеге түсіністікпен қарап отыр. Айрылмаймыз деген ниеті байқалған жоқ. Барлық полигондар жөнінде айта алмаймын, бірақ Совет Одағы тұсында белсенді түрде пайдаланылған Атырау облысына қатысты полигондар қазір бос жатыр десе де болады.
azattyq.org
Түпнұсқадағы тақырып: «Полигон жері тұрғындар игілігіне қайтарылуы тиіс»