Еліміз тағы да сапалы жанар-жағармай тапшылығына бой ұруы мүмкін. Өйткені таяуда Мәскеуде өткен Шекарааралық аймақтар форумында Қазақстан мен Ресей Федерациясы мұнай өнімдері нарығы қызметіндегі екі тараптың мүддесі бойынша оң шешімге келе алмады...
Еске сала кетелік, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы жалпы келісімдерден мұнай мен газ саласы жырақтатылып, жеке-дара қарастырылатын болып шешілген. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда аталған ұйым ішінде екіжақты келісімдер түзілген: Ресей мен Қазақстан, Ресей мен Беларусь дегендей. Өз кезегінде Қазақстан мұнай және мұнай өнімдері сауда-саттығын бажсыз режимде жүргізуді ұсынады, алайда Ресей одан ат-тонын ала қашып отыр, өйткені солтүстік көршіміздің бюджеті ортайып қалады-мыс. Ресми Мәскеудің пікірінше, Қазақстанға баж салығынсыз тасымалдан Ресей бюджеті мұнай өнімдері бойынша 500 млн долларын, мұнай бойынша 2,4 млрд долларын жоғалтатын көрінеді. Ақыры тараптар өткен жылдың қыркүйек айында мұнай өнімдері бойынша айырманы арнайы әдістемемен, есебі түзілген қазақстандық мұнай тасымалымен жабуды көздейтін шартқа қол қойысқан: біріншіден, 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық мұнай өнімдері баж салығымен тасымалданады, екіншіден, баж салығы арнайы әдістеме бойынша төленеді, үшіншіден, бұл әдістеме бойынша ресейлік бюджеттің жоғалтқаны 1,3-1,5 млн тонна қазақстандық мұнайдың тасымалдануы арқылы өтелуі тиіс.
Өткен апта соңында Мәскеуде болған Шекарааралық аймақтар форумында қазақстандық делегация мұнай және мұнай өнімдері нарығы қызметінің осы бүгінгі тәртібін тағы да бір жылға ұзартуды сұраған еді. Алайда Ресей Федерациясы бұл ұсынысты қолдамапты. Демек, мұндай жағдайда Қазақстанға биыл мамырдан қараша айына дейін Ресей бензині тасымалына енгізген шектеуін тағы да қолдануына тура келетін секілді. Ал бұл шектеу неге енгізілді?..
Ши дисконттан шыққан...
Ресейлік бензиннің импортына шектеу қою шарасы Қазақстан үкіметімен жыл басынан бері қарай қызу талқыланған, бірақ шешім сәуір айында шыққан. Үкімет басшысы Серік Ахметов, ең алдымен, елімізге мұнай өнімдерін тасымалдаушылар құқығын белгіледі: «ҚазМұнайгаз» АҚ (маусым айынан бастап желтоқсанға дейінгі квотасы – 325 мың тонна) және екі трейдер – «Петролеум Оперейтинг» және Petrosun ( әрқайсысы 162,5 мың тоннадан), әрине, бұлардың қатарына «Газпром нефть» те енеді. Ал осыған дейін бензин тікелей «Газпром нефтпен» тасымалданып келген. Ресейлік монополист компания елімізге 2012 жылы 550 мың тонна ашық мұнай өнімдерін импорттаған. Аталған компанияның елімізде 40 бензин құюшы стансысы бар екен. Сонымен қатар нарығымызда «Башнефть» және бірнеше ресейлік шағын компаниялар болған. Міне, бірінші кезекте осылардың көзі жойылды. Екіншіден, баж салығы арнайы әдістемемен есептеліп, ол мұнай түрінде өтелетін болып шешілді. Үшіншіден, өзіміз де көп шығынға батпас үшін (бензин орнына арзанға мұнай көп бермес үшін) ресейлік жанар-жағармай көлеміне арнайы шектеу енгізілетін болған.
«Расында, бастапқы келісімшартта біз мұнайды бажсыз тасымалдауға уағдаласқанбыз, мұндай жағдайда Ресей Федерациясы 2,4 млрд долларды жоғалтады екен. Енді осы шығынды өтеу мәселесі туындады. Содан ақшаны біздің бюджеттен Ресейдің бюджетіне аударамыз дестік. 2010 жылдан бері қарай екі жыл бойына келісім процесі кезіндегі уақыттың басым бөлігі қанша ақша, қандай номенклатура бойынша өтелетіндігін даулаумен келдік. Мысалы, осындай тауарлар тобына көмір де кіріп кеткен кез болды. Ақыры мұндай талқылаулардың нәтижесі өткен жылы Павлодарда қол қойысқан өзгерістер туралы қаулыны қабылдауға әкелді. Онда біз бюджетімізге тиіспеу керектігін, ал оның орнына Ресейге мұнай тасымалын жасауды ұсынғанбыз, онда да тегін емес, арзандау ақыға. Өз атынан бұл мұнайды ары қарай тасымалдаған Ресей Федерациясы экспорт салығы арқылы бюджет шығынын жаба алады» деп мәлімдеген Сауат Мыңбаев ҚР Парламенті алдындағы есебінде. Бірақ өз кезегінде Ресей біз ұсынған мұнайды аса арзанға алғысы келетіндігін айтқан. Қазақстан еріксіз шектеу шараларын қолға алды.
Сол кездегі вице-премьер Қайрат Келімбетов: «Павлодар МӨЗ-і мұнайды Жерорта теңізінен алдыртып жатқандай бағада сатып алады, ал өз кезегінде ресейліктер бізден мұнайды дисконтпен алғысы келеді» деп мәлімдеген еді. Сауат Мыңбаевтың айтуынша, екі тараптың да мазасын қашырған осы дисконт көлемі екен. «Қалай дегенмен де біз аса жеңілдікке еш келіспейміз», – деп мәлімдеген ол.
Ресей бензиніне неге қарап қалдық?..
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мұнай өнімдері нарығында тапшылық бар, ол алда да орын ала береді. Мұндай жағдай 2016 жылға дейін сақталуы мүмкін, яғни Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеуші зауыттары қайта жаңартудан өткенге дейін.
Жалпы, Ресейден Павлодар мұнай өңдеуші зауытына жылына шамамен 6 млн тонна мұнай, 1,5 млн тонна мұнай өнімдері тасымалданады екен. Бұл көлем Қазақстанның ішкі нарығының 40 пайыз тапшылығын жауып отыр. Алайда Ресей өз мүддесін күйттеп, тиімсіз шарттарды алға тартуда ығырымызды шығаруда. Аталған мәселені шешу үшін Қазақстан Қытаймен келісімге отырған толлинг схемасымен өңдеп қайта жөнелтуі үшін оларға біз жылына 1 млн тонна мұнай айдаймыз. Бірақ бұл да мәселені шеше алмай отыр. Себебі Павлодар мұнай өңдеуші зауыты технологиялық жағынан тек Сібірдің жеңіл мұнайын өңдеуге негізделген, ал онда өз мұнайымызды өңдеу үшін модернизация қажет. Сондай-ақ Павлодарға Сібірдің кен орнынан тікелей арнайы құбыр тартылған. Сондықтан зауыт толық қуатымен еш кідіріссіз жұмыс істеуге қауқарлы. Ал өз мұнайымызды өңдеуде бұл мүмкіндік шектеледі. Жылына 7 млн тонна мұнайды еліміздің батысынан солтүстігіне теміржолмен тасымалдау қиынның қиыны болайын деп тұр.
Бір пікір
Валентин Макалкин, экономика сарапшысы:
– Ешкім өзіне зиян келтіретін шартты қабылдағысы келмейді. Нарықтағылар нағыз өзімшілдер, олардың еркіне берсеңіз, кез келген оқиғаны тиек етіп, бағаны шарықтата береді. Демек, мемлекет жанар-жағармай бағасына араласуы керек. Арадағы делдалдарды жоюы қажет. Өз мүмкіндігіне қарауы тиіс. Көрпесіне қарай көсілуі керек. Шектеу енгізсек, онда Ресей жанар-жағармайынсыз өмір сүруге болады. Ал шектеу енгізе алмасақ, онда біздің әлсіздігіміз, яғни ол ішкі салалық мәселелерге түбегейлі бет бұратын кез жеткенін хабарлаушы қоңырау.
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Мамыр айындағы тыйымға дейін Ресейден Қазақстанға жылына 1,3 млн тонна мұнай өнімдері тасымалданған, оның 550 мың тоннасы елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан «Газпром нефттің» еншісіне тиесілі, ал қалғандары делдалдардың үлесінде, оның ішінде «Гелиос» ЖШС да бар.