Ресей Батыспен болған экономикалық соғыста жеңіліс тапты

Ресей Батыспен болған экономикалық соғыста жеңіліс тапты

 Мәскеу биржасында рубль мүлдем күйреп түсті. Cонда ғана Орталық банк жағдайдың өте қиын екенін мойындады. Бұл мәселені батыс баспасөзі қызу талқылап, Ресей валютасының құлдырауының себептері және салдары туралы жазған болатын. Біз солардың біразын іріктеп, назарға ұсынып отырмыз.

The Guardian
Ресей жеңіліс тапты

Соңғы тоғыз ай бойы Ресей Батыспен экономикалық соғыс жүргізіп келді. Өндіріс секторы ескірген, елдің өзі мұнай мен газ қорына тым тәуелді. Енді оған қоса мұнайдың бағасы да сұмдық құлдырап барады.
Батыс Ресей экономикасының барлық әлсіз тұсын, оның зауыттарының тозығы жеткенін және энергетикалық секторға шектен тыс тәуелді екенін біледі. Украинадағы сепаратистерді қолдағаны үшін салынған санкциялар Путинді көндіре алмаған соң АҚШ пен Сауд Арабиясы мұнай бағасын түсіру жолымен Ресейге залал жасауды шешті.
Путин енді бұған немен жауап береді, қазіргі мәселе осында. Егер ол Украинаға қатысты позициясын жұмсартар болса, онда Батыс тәуекел қылып жасаған әрекеттер нәтижесін берді, мақсат орындалды деген сөз. Алайда, Мәскеуде қатаң саясатты жақтайтындар да бар. Олар дағдарысқа жауап ретінде мемлекет экономиканы реттеуді толықтай өз қолына алуы және Украинаға әскери қысымды күшейтуі тиіс деп есептейді. Егер экономикадағы күйзеліс жаралы орыс аюын одан әрі ызаландырар болса, онда бүгінгі жеңісті Пирр жеңісі деп санауға болады.

The Washington Post
Рубльдің құлдырауына байланысты мазасыздануға бес себеп

Сейсенбі күні Ресей рублі тез құлдырап, долларға қатысты минимумдық рекордтан рекордты жаңартқаны сонша, журналистер бұл туралы жазуға әрең үлгеріп жатты.

1)Ресей рубльінің әлсіреуі неге мазасыздандыруы тиіс?
Рубльдің тез құлдырауы Ресей экономикасын сазға отырғызып қана қоймай, бүкіл әлемдік экономикаға қауіп төндіреді. 1998 жылы Ресей дефолт жариялаған кезде бұл көптеген дамушы елдерде қаржылық дағдарыс басталуына себепші болды. Әзірге Ресейдің өз проблемасы өзінде болып отыр. Бірақ жағдай өзгеруі мүмкін. Сол себепті Ресеймен тығыз байланыстағы Беларусь пен Қазақстан мазасыздық білдіруде.

2) Бұл Путинге қалай әсер етеді?
Әзірге белгісіз. Бірақ рубльдің құлдырауы ол үшін жаман нәрсе. Ресейліктер бұдан зорғыны көрген: 1998 жылы жұрттың көбі бір-ақ күнде жиған ақшасынан айырылып қалды. Ал Совет Одағының соңғы жылдарында ең қажет тауарлардың өзі дефицит болып кетті. Яғни, ондағы адамдар қиындық пен азапқа төзіп үйренген. Әсіресе, көпке ықпалы өтімді мемлекеттік телеарна бәрі Батыспен күреске жұмылсын десе олар не нәрсеге де болса көнуге бар. Путиннің рейтингі әлі рекордтық максимумға жақын тұр. Бірақ оған Украинаға қатысты амбициясын сәл азайтқан дұрыс шығар, өйткені, мұнай сатудан түсіп жатқан ақшасы да азайып қалды ғой.

3) Осының бәрі мұнаймен қалай байланысты?
Маусымнан бері мұнай екі еседей арзандады. Көп сарапшылардың пікірі бойынша, 1999 жылы билікке келген кезде бәрі Путин үшін қолайлы болды: ол туп-тура мұнайдың бағасы тез өсуі басталған кезеңде билікті қолына алды. Сол себепті оның экономикаға аямай ақша бөлуге мүмкіндігі болды және ол халықпен «саясатқа араласпасаң, тұрмысың да жақсы болады» дегендей келісім жасасты. Осы аптаға дейінгі уақытта рубль мұнай бағасымен бірдей төмендеп келіп еді. Бірақ бұл апта мұнай бағасының түсуі баяулады, ал рубль одан әрі құлдырады.

4) Шынымен де санкциялардың нәтиже бергені ме?
Олардың өзіндік ролі бар. Бірақ нақты цифрларды келтіру қиын. Санкциялар баяу әсер етеді. Наурызда, яғни Путин Қырымды аннексиялаған кезде салынғандары жалпы экономикаға емес, Путинге жақын адамдардың капиталына бағытталып еді. Одан қатаң санкциялар шілдеде – шығыс Украинаның төбесінде Malaysia Airlines әуе компаниясының МН17 рейсімен келе жатқан ұшағы құлатылған кезде салынды. Ресейдің аса ірі банктеріне доллармен кредит алу енді тым қиындады. Бұл Ресей экономикасының өзге салаларындағы жағдайды нашарлатады. Бірақ көп инвесторлардың Ресеймен іскерлік байланыс жасағысы келмеуінің себебі санкциялардан емес, жалпы саяси ахуалдың еш болжауға келмейтін дүдамалдығынан.

5) Путин Украинаның ісіне араласуды қояды деп күту керек пе?
Путин Украина турасында не мақсат көздеп отырғанын ешқашан ашық та анық айтқан емес. Және батыс журналистері көргеніне қарамастан, жасақшылар билігіндегі шығыс Украинаға әскер кіргізгенін мойындамай отыр. Осы себепті енді не болатынын да білмейміз. Кей сарапшылардың пікірінше, ол кейін шегінуге мәжбүр болады. Украинаның шығысындағы бірнеше күннен бергі тыныштық әрең де болса сақталып тұрған сияқты. Бұл татуластықтың алғашқы белгісіне ұқсайды. Алайда, НАТО мен Украина Ресейдің ол жақтағы позициясын қайта күшейтіп алғанын айтып жатыр. Кейбір сарапшылардың жорамалы бойынша, ел ішіндегі рейтингін сақтап тұруды көздесе, Кремль бұрынғыдан да қатаң халықаралық саясатқа көшуі мүмкін.

The Independent
Көресіні енді көреді

Ресейде экономика бар дегеннен гөрі, Ресейде басқа саланың бәрін субсидиялайтын мұнай саласы бар десек, мұнымыз қарадүрсіндік болмас. Мұнайдың арзандауы Ресей компанияларының рубльге айырбастайтын доллары азайғанын білдіреді. Басқаша айтқанда, рубльге сұраныс азаяды да, оның бағасы түседі. Украинаға басып кіргені үшін салынған санкциялардың салдарынан Ресейдің қолында аз ғана доллар қалды. Бұл да жағдайды қиындатып отыр.
Енді бұдан бетер жаман болады. Ресей экономикалық айналшыққа ұрынды. Өсу үшін оның экономикасына төмен пайыз керек. Ал Ресей компанияларына керісінше пайыздың жоғары болғаны, сөйтіп, рубльдің көтеріліп, доллардың мұндай қымбат болмағаны қажет. Яғни, қалай айналдырсаң да, Ресейдің жағдайы қызығатындай емес. Пайызды төмендетсе, рубль одан әрі божырап, инфляция басталады, сөйтіп ірі компаниялар банкрот болады. Бірақ онда экономикалық өсім сақталар еді. Оның орнына Ресей ставканы 17%-ға бірақ көтеріп, шаруаны тындырғысы келді. Мұндай пайызбен онсыз да күйзеліп тұрған Ресей экономикасы одан әрі құлдилайды. Әлде, бұл рубльді ұстап қалуға жеткілікті болар. Көреміз.

Le Figaro
Дефолт бола қоймайды

Дефолт – Ресей үшін қазіргі негізгі вариант емес. Ресей соңғы жылдары мұнайдың арқасында валюта қорын $360 млрд-қа жеткізіп алды. Келесі жылы төлеуі тиіс $150 млрд қарызды өтей алатынына техникалық тұрғыдан күмән жоқ. Ал қарызын доллармен қайтаратын компанияларға, энергетикалық кәсіпорындарға келсек, олар да біраз қорғалған. Дегенмен, өнеркәсіп саласы мен жылжымайтын мүлік рыногында банкроттар болуы мүмкін.
Bloomberg.com
Ресейдің проблемалары – бәріміздің ортақ проблемамыз

Бүгін таңертең біреу Ресейді «Ядролық бомбасы бар Кипр» деп атады. Бұл онша әділ теңеу емес. Ресей – табиғи ресурстарға бай үлкен ел. Бірақ ол теңеудің артында шын қорқыныш та бар. Өйткені, әлем жұртшылығы ішкі проблемаларын көршісін жұлмалау арқылы шешуге бейім осы елдің ірі қаржы дағдарысы алдында екенін көріп отыр.
Рубль мұнай бағасының түсуіне байланысты құлдырап жатыр. Бірақ Ресейдің бар проблемасы бұған тірелмейді. Тіпті мұнай қайтадан көтерілсе де курс төмендей бермек. Біздің журналист Леонид Бершидский айтпақшы, рынок қазір мұнай бағасына ғана байланысты емес, ресейлік Орталық банктің ақшаны бұрқыратып шығару арқылы бір мұнай компаниясын құтқарып қалмақ ниетіне байланысты мазасыздануда: «Орталық банктегі технократтар үкімет ең алдымен Әскери өндіріс кешені мен Путиннің достары басқаратын мемлекеттік компанияларды тікелей қаржыландыру үшін рубльдер басып шығаруға мәжбүр ете ме деп қорқып отыр. Роснефть қатысты әңгімелерге Орталық банктің анық қатысы бар екенінен Орталық банкке қысым жасалып жатқаны және оның қысымға қарсы тұра алмағаны байқалады. Егер ақша осылайша кей корпорацияларға ғана беріле берсе, мұндай келісімдердің кесірінен валюта тұрақсыздана түседі және рынокта паника күшейеді. Оны Орталық банктің ешбір шарасы тоқтата алмайды».
Қазір бұл жалғыз Ресейге ғана қауіп төніп тұрған жоқ, осыны ескерген жөн. Өткен аптада біз мұның ірі геосаяси салдары болуы мүмкін екенін жазғанбыз (Соңғы рет мұнай бағасы осылайша тез шарықтап, артынан тез құлдыраған кезде Совет Одағы күйреп қалған болатын). Қазіргідей жаһандық экономика жағдайында бұл қаржы дағдарысы қаупін туғызады. Ресейдің және өзге де мұнайға бай елдердің проблемасы басқа әлемге әсер етпей қоймайды, өйткені қаржы және сауда жүйелері бүгінде қатты араласып кетті. Қытайдың әлсіз жағы бар, еурозона әрең шыдап тұр. АҚШ экономикасында өсім басталғандай көрінгенімен, өзге әлем шайқалса, ол бізге де әсер етеді.

Ержан Әбдіраман
serke.org

Түпнұсқадағы тақырып: «Ресейдің проблемасы – біздің де проблема»

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста