Қызылордада құрылыс қарқын алды
Соңғы жылдары Қызылорда облысында құрылыс қарқыны ерекше. Облыс орталығынан бастап көптеген елді мекендерде салынып жатқан жаңа ғимараттар алдағы уақытта ел игілігіне айналатын болады.
Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінгі күні өңірде 131 құрылыс нысанының іргетасы қаланып, одан әрі жұмыс жүріп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін олардың 104-і пайдалануға берілетін болады. Оның ішінде мектеп, аурухана және әлеуметтік нысандар бар.
Осы күндері салынып жатқан нысандардың сапасына баса назар аударылып отыр. Мамандар құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлерге үш категория бойынша талаптар қойылып жатқанын айтады. Біріншісі – аталмыш компаниялардың жергілікті базасы болуы талап етіледі. Сондай-ақ техника санына мән беріледі, оған қоса, мамандар сол жұмысты өз деңгейінде атқарып шығуға біліктілігі болуы тиіс.
Батыржан Қаракөзов, Қызылорда облыстық құрылыс басқармасының бастығы:
– Үстіміздегі жылы облыс орталығында перзентхана, «Достық үйі» және жеті арендалық үйлер халықтың пайдалануына беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 17 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Оның тең жартысы республикалық бюджеттен болса, қалғаны жергілікті қазына қазанынан бөлінген.