Қорғасын өндірісі дамып келеді
Елімізде кеңінен қолданылатын қорғасын бүгінде үлкен сұранысқа ие. Тіпті оның қолданылмайтын жері жоқ десе де болғандай. Бағалы металдың рентген сәулесін өткізбейтін артықшылығының арқасында оны медициналық құрал-жабдықтар жасауға кеңінен пайдаланады. Аккумулятор мен электрокабельдер жасап шығаруда да таптырмайды. Әскери салаға да ең қажеттісі – осы қорғасын.
Бүгінде табиғат байлығының мол қоры еліміздің үш өңірінде — оңтүстiктегі Қаратауда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында бар. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішінде қорғасынның мол қоры бары — тек Қазақстан ғана. Әлемдегі қорғасын өндіретін ірі елдер — АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстiк Кореямен тайталаса алмаса да, ішкі нарықты толық қамтуға қауқары жетеді. Қазіргі таңда еліміздегі екі өндіріс орны – Өскемендегi қорғасын-мырыш комбинаты мен Шымкент қорғасын зауыты сұранысты қанағаттандырып отыр.
Тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға таптырмайтын таза металдың қоры 30-жылдары-ақ белгілі болған. Геолог ғалымдар Ащысай полиметалл кенiшiндегі мол қорды анықтаған соң, Шымкент қорғасын зауыты салынды. Ұлы Отан соғысы жылдары жауға атылған әр он оқтың тоғызы осы қорғасын зауытында дайындалған екен. Қарқынды жұмыс істеген зауыт тоқырау жылдары жүрісінен жаңыла бастаған-тын. Алып кәсіпорынды сақтап қалудың өзі оңайға соққан жоқ. Әу баста зауытқа иелік етуді қолға алған «Оңтүстiк полиметалл ӨК» АҚ істі ілгерілетуге бар күшін салған еді. Алайда бір тоқтап, бір іске қосылып, жұмысшыларының жалақысын төлей алмай, әбігерге түсті. Кейіннен «Қазақмыс» корпорациясымен келiссөз жүргiзiлдi. Сөйтiп, зауыт дүние-мүлкiнiң 70 пайызына иелiк ету құқығы «А-мега трейдинг» ЖШС-ға жүктелдi. Осылайша, тамыры суалып бара жатқан өндіріске қайтадан жан біте бастады. Бүгінде кәсіпорын «С-1» маркалы жоғары сапалы қорғасын өндiруде. Отандық өнім әлемдегi ең таза өнiмдердiң эталоны ретiнде Лондон биржасында сақтаулы. Әрі әрдайым үлкен сұранысқа ие. Сапа мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады. Сұранысқа ие металдан бөлек, мұнда металды висмут, доре балқымасын, рений және мыс өнiмдерiн дайындаумен айналысады. Бұл өнiмдердiң барлығы да мемлекеттiк стандартқа сай.
Дүйсенғали БАЙҚУАТОВ, «А-мега трейдинг» ЖШС директоры:
– Бірде іске қосылып, бірде тоқтап, толық қалпында жұмыс істемеген зауытты жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына да біршама уақыт кетті. Нәтиже де жаман емес. Жылдың екінші жартысына дейін 8626,9 тонна қорғасын өндіріп, 42,56 тонна висмут, 23 тонна қорғасын прокатын, 34,6 тонна қорғасын құбырларын, 309,9 тонна штейндегi мыс, 9 тоннадан астам алтын, күмiс өнiмдерiн дайындап, сатуға шығардық.
Кезінде қорғасын зауыты аймағында тұратын тұрғындар оның зияндылығы туралы шу шығарып, әбігерге түсіретін. Бүгінде бұл мәселе біршама шешімін тапты. Зауыттағы арнайы зертхана шаң-тозаңды анықтайтын арнаулы бөлiм ашқан. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтар ұшпас үшін өндiрiсте қолданылатын тозаң тұтқыш сүзгiлер түгелдей ауыстырылып, заманауи құрылғыларға қол жеткізілді. Оған зауыт үлкен қаражат жұмсап отыр. Дегенмен қорғасын зауытының қоршаған ортаға зияндылығы еш уақытта да күн тәртібінен түспейтін тәрізді. Былтыр Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан үш рет тексеру жүргізілді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, қорғасын зауытынан шыққан зиянды түтін енді қала тұрғындарының денсаулығына өз зардабын тигізбейтін болады. Өйткені кәсіпорында орнатылған жаңа сүзгішті қондырғылар қаланы қорғасын шаңынан қорғайды. Алайда министрліктегілер бұл өндіріс қала тұрғындары үшін толығымен қауіпсіз деп айтуға әлі ерте деп санайды. Қазіргі таңда комиссияның анықтамасы бойынша белгіленген сегіз тапсырманың жетеуі орындалған.
Қорғасын
Өте ерте заманнан белгілі, одан жасалған тиын ақша, медальондар ертедегі Египет қазбаларынан көп табылған. Қорғасын бос күйінде – көкшіл-сұр түсті, жұмсақ және ауыр металл, оңай балқиды. Қорғасынды өндіру үшін оның рудасын алдымен байытады, одан шыққан концентратта 40-78% қорғасын болады. Қорғасын – өнеркәсіп пен техникада кең пайдаланылатын түсті металл. Ол атмосфералық коррозия және қышқылдар әсеріне төзімді болғандықтан, химиялық аппаратуралар (әсіресе күкірт қышқылы өндірісінде) және кабель, оқ, бытыра дайындауда, радиоактивті сәулелерден қорғануда, медицинада кең қолданылады.