Қазақтар Ресейден көлікті қалай тасып жатыр?
Ресейдегі рубль бағамы құлдырағаннан кейін сол жақтан көлік тасып жүрген қазақстандықтардың қатары көбейе түсті. Ол жайында «Алаш айнасы» жазған болатын. Осы жолы біз Ресей Федерациясына барып, көлік сатып алып жүрген азаматпен жолығып, азды кемді әңгімеге тартқан едік. Атын атамауды сұраған азамат өзінің іс-сапары жайында кеңінен айтып берген еді.
Бақсақ, сұхбатшымыз көлікті анау мынау емес, сонау Мәскеуден бірақ әкелген екен. Елдің бәрі Омбы жағалап жүргенде... Сондықтан әңгімені сол тұстан төтеден бастадық.
- Сіз екі адам болып, сонау Мәскеуге барып, арзан бағамен көлік мініп келдіңіз. Жақын жердегі Омбы немесе Қорғаннан алуға болмады ма?
- Мәскеуге дейін барған себебіміз – ол жақтағы машиналар шекараға жақын жерден де арзан. Мұның неге екенін білмеймін. Бірақ, бір көз жеткені Ресейдегі автосалондар бізден алыс болған сайын көлік бағасы да арзандай береді. Меніңше, ол көлік құрастыру зауыттарының алыс орналасуына байланысты да болса керек. Шамасы, ондай өндірістер Мәскеуге жақын болғаннан кейін тауардың бағасы да төмен болған шығар. Дегенмен, жақын Омбыға қарағанда Мәскеуде шынында да арзан.
- Мәскеу алыс болса да, автосалондар жолдың шығындарын өздері көтереді деп естідік?
- Дәл солай. Бірақ әрбір диллердің жеңілдіктері әртүрлі. Мәселен, біз екі адам болып Мәскеуге ұшақпен бардық. Автосалонға барып, билеттерімізді көрсеттік. Олар бәрін қабылдап алды да, ұшаққа кеткен ақшаны менің карточкама аударып береміз деді.
- Сонда бірден қайтармайтын болып тұр ғой?
- Иә, ол ақшаны бірден қайтарып бермейді. Екі аптадай уақыт кетеді-ау деймін. Ақша жеке менің банк карточкама түсуі тиіс.
- Дегенмен, ол жақта сатып алған машинаға қосарланған құн салығын қалдыру керек қой. Ресейде машина бағасының 18 пайызын, ал Қазақстанда тағы 12 пайызын төлемейтін бе еді?
- Оны да сол жерде төлеп тастадық. Қазақстанның салығын да төлейміз. Дегенмен, пайда бар. Біз біраз ақшаны үнемдеп алдық.
- Машинаны бір күннің ішінде алдыңыз ба?
- Дәл солай, сол күні барып, машинаны сатып алдық та, сол күні қайта жолға шығып кеттік. Бірақ Мәскеудің өзінде біраз уақыт айналдық. Себебі ол жақтағы әйгілі кептелістер бірнеше шақырымға созылады. Қаланың ішінде 4-5 сағаттай жүрдік. Сосын магистральға шығып, Қазақстанға тарттық та отырдық.
- Ресейден машина алған кейбір қазақстандықтар орыстардың бір қулығы жайында жиі айтады. Мына жақтан белгілі бір көлікке тапсырыс беріп қойып, сол жаққа барған кезде ондай машина болмай шығады. Сатушылар: «Сізді күте алмадық, сатып жібердік. Ондай машиналар қалмады», - деп ақталады. Ал тауарды алмасаң, жолдың ақшасын төлемейді ғой. Машинаны қайтадан іздеуге уақыт та болмайды. Сосын амал жоқ, сол жерден бір көлікті алуға мәжбүр боласың, деп жатады.
- Иә, ондай қулықтары бар деп мен де естігенмін, бірақ алдымыздан шықпады. Бізде сәд басқашалау болды, алдымен бізге көліктің бір маркасын мақтап-мақтап, өздеріне тартып алды. Автосалонға барған кезде, сол көліктің шикіліктері шыға бастады. Менеджерлер бірден басқасын ұсынды. Біз соны алып кеттік.
- «Қазақстанның жартысы Ресейде машина алып жүр» дегенді жиі еститін болдық. Шынымен де, солай ма?
- Білмеймін, біз барған автосалонда өзімізден басқа қазақтарды көрген жоқпын. Бізге дейін келіп кеткен шығар. (күлді) Бірақ ұшақта жерлестердің Ресейге қарай кетіп жатқанын көбірек көрдім. Бәлкім олар басқа автосалонға барған болуы керек.
- Сөйтіп, жолға шығып, неше күн жүрдіңіз?
- Екі күндей жолға кетті. Машинаның спидометрімен санадым, жалпы 2500 шақырымдай жол жүріп келдік.
- Ресейде жол полициясы қайта-қайта тоқтатып, мазалаған жоқ па?
- Бізді бір-ақ рет тоқтатты. Татарстанның Қазан қаласында бір рейд жүріп жатыр екен. Полицей бізді тоқтатып, құжат көрсетуді өтінді. Сосын қайдан және қай жаққа бара жатқанымызды сұрады. Жауап алғаннан кейін «Жолыңыз болсын!», - деп жіберді.
- Челябі жақта тоқтатып, заңсыз ақша алады дейді ғой?
- Жоқ, ондай ештеңе болған жоқ. Бірақ қонақ үйлерге тоқтамауға тырыстық. Машинаның ішінде түнедік. Тамақты жолдың бойында тұрған дәмханалардан іштік.
- Шекарада кезек болған жоқ па?
- Жоқ, соншалықты реніш тудырып, шаршататындай үлкен кезекті байқаған жоқпын.
- Енді, көлікті сататын ойыңыз бар ма? Жоқ, әлде өзіңіз мінесіз бе?
- Ай қайдам, мен сияқты барлығы бірдей Ресейден көлік алып келсе, әзірше машинамды сата алмайтын шығармын. (күлді) Білуімше, бізде тек жаңа көліктер ғана емес, ескі машиналар да сатылмай қалды. Сондықтан өзім міне тұрамын. Артынан көре жатармыз.