Қазақстандағы инфобизнесмендер айына кемінде 5-6 миллион теңге табыс табады
Қазір елімізде инфобизнес туралы жиі айтыла бастады. Көптеген курстар, марафондар, семинарлар, тренингтер осының дәлелі.
Айтары барлар бүгінгі таңда мұны кәдімгі кәсіп көзіне айналдырып отыр. Адамдарға ақпарат пен білім сатып, миллиондаған табыс тауып жатқан кәсіпкерлер қатары да күн санап көбеюде. Олардың қатарында әлеуметтік желідегі маркетинг маманы, 26 жастағы инфобизнесмен, «Бопай» дүкендер желісінің негізін қалаушы Бақытбай Сабырбеков те (суретте) бар. Біз одан инфобизнес туралы сұрап білген едік.
– Инфобизнестің біздің елге келгеніне небәрі 1,5-2 жылдай болды. Бұл да онлайн, офлайн деп бөлінеді. Соңғы уақыттары оның онлайн түрі тез дамып келеді. Мұндағы негізгі өнім – ақпарат, білім. Инфобизнес арқылы миллиондар табуға мүмкіндік бар. Ресейлік «Бизнес Молодость» курсының негізін қалаушылар, Мария Солодар секілді инфобизнесмендер сөзіме дәлел бола алады. Қазақстанда да Қуаныш Шонбай, Жұлдыз Ақболат, Мейірбек Жұмабеков бар. Орта есеппен алар болсақ, Қазақстандағы мен білетін инфобизнесмендер айына кемінде 5-6 миллион теңге табыс табады. Бірақ бұл кәсіпті де дұрыс жүргізе білу керек. Бұл жерде адамның білімі де, ынтасы да маңызды, – дейді ол.
Бақытбайдың әлеуметтік желідегі маркетинг саласы бойынша жұмыс істеп жүргеніне 3 жылға жуықтаған. Ал жалпы инфобизнеспен айналыса бастағанына небәрі 1,5-2 айдың жүзі болыпты. Сол аралықта ол бір айда 3 миллион 200 мың теңгеден астам табыс тауып үлгеріпті.
– Бізде әсіресе қазақтілді аудиторияда инфобизнес өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Себебі мұндағы дүние адамдарға қолжетімді әрі қолайлы. Бірақ елімізде бұл салада мықты мамандар жетіспейді. Қазақстан бойынша саусақпен санарлықтай-ақ. Соған қарамастан қазір білім сататындар өте көп. Олар айтарлықтай білімі болмаса да жақсы «упаковканың» арқасында миллиондаған табыс тауып жүр. Мұндағы «упаковка» дегеніміз – адамның әлеуметтік желідегі бейнесі, аудиторияға өзін көрсете білуі. Оған адамның киім киісі, сөйлеу мәнері, парақшасында айтатын ойы, табысты өмірі және тағы басқалар кіреді. Ол адамның өзінің аудиториясы болады. Осындай «упаковкасы» тартымды адамдар өзіне сенетін аудиториясына қандай да бір ақпараттарды сатып жақсы табыс тауып отыр.
Бұл бизнеспен айналысқан адамдарды эксперттер және продюсерлер деп бөлеміз. Эксперттер – өз саласын жетік білетін мамандар. Олар сапалы білім бере алады. Егер эксперттер өз өнімін сатудың жолын білмейтін, маркетингтен хабары жоқ адам болса оған продюсерлер көмекке келе алады. Олар эксперттерді жарнамалайды, орысша айтқанда, «продвигать» етеді. Осылайша екеуі де табысты бола алады, – дейді жас кәсіпкер.
Бақытбай бұл кәсіптің болашағы өте үлкен екенін айтады. Бізден әлдеқайда алда келе жатқан АҚШ-тың өзінде инфобизнестің барынша дамып жатқанын, ал бізде бастамасы енді ғана басталғанын тілге тиек етті. Сондықтан мұны уақытша келіп-кететін трендке жатқызбайды.
– Бір айта кетерлігі, инфобизнесте кей ақпараттарды сату мүмкін емес. Мысал ретінде медициналық білімді айтуға болады. Мұнда тек жылдам үйренуге болатын нақты білімді ғана сатады. Қазір кәсіп бастау, әлеуметтік желідегі маркетинг, психология туралы ақпараттар сұранысқа ие. Бізде әлі де ашылмай, айтылмай жатқан салалар өте көп. Нарық бос жатыр, – дейді Бақытбай.
Көзін тапқан адам кәсіпті де жүргізеді, табыс та табады, тек адамда қажетті білім болса болғаны дейміз. Бірақ ол білімді сатып алып, өзің біраз пайдаланған соң басқаларға қайта сату арқылы оны да кәсіпке айналдыруға болады екен.